Төтенше жағдай • 15 Наурыз, 2024

Қызыл судың қаупі зор

104 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көктем туғалы жыл сайын қызыл су басып, зәрезап болған өңірлерден маза қашты. Биылғы жағдай қалай болар екен деген сауал толғандырып тұр.

Қызыл судың қаупі зор

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сандықтаулықтар сақтықты күшейткен

Көгілдір көктемнің шуағымен дала дидары жіпсіп, қыс бойы сіресіп жат­қан қалың қардың көбесі сөгілген уа­қытта Атбасар, Сандықтау, Целиноград аудан­дарының әлденеше елді мекеніне қауіп төнетіні бар. Жылдағы әдет осы. Биыл да қар қалың, күрт ерісе, қауіп-қатер молая түспек. Сандықтау ауданының 10 елді мекеніне қарғын судың қаупі төнуі мүмкін-ау деген болжам бар. Қауіпті өңірлерде 459 тұрғын тіршілік етіп жатыр. Аудан әкімдігі елді мекендерді қызыл су басатындай оқыс жағдай туын­дай қалса, халықты құлақтандыру мәсе­лесін мықтап шешпек. Бұл үшін арнайы құрылғылар дайындалған. Ал адамдарды қауіпсіз жерге орналастыру мәселесі де күні бұрын қарастырылған. 10 әлеуметтік және коммерциялық нысан керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Тұтастай алғанда 200-ден аса адамды уақытша паналатуға әбден болады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, күні бұрын етек-жеңді жинап, әзір отырғанның артықтығы болмас.

«Аудан әкімдігі көктемгі қызыл судың жүретін мерзімінде қауіпсіздік шараларын сақтау, тілсіз жаудан мал-жанын аман алып қалу мақсатын көз­дейтін қаулы қабылдап, жоспар түзген. Арнайы штаб құрылған. Сондай-ақ қысылтаяң кезде кәдесіне жарайтын құрал-жабдықтар да әзірленген. Наурыз айы туысымен Сандықтау өңірін көктей өтетін үлкенді-кішілі өзендер мен су арналарында сірескен сеңмен бірге лықсып ағатын қарғын суды кідіріс­сіз өткізу жайы көзделген. Бұл үшін облыстық төтенше жағдайлар депар­таментіне қаңтар айында өтінім тапсырылып, су арналарының 8 100 шаршы метрін жарып, ағын суға жол ашу жайы келісілген. Аудандық бюджеттен осы мақсатқа 2 млн теңге қаражат қарастырылған», дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков.

Өткен жылдардың тәжірибесіне тереңірек үңіліп, ақыл таразысына салатын болсақ, адам күшімен техниканы күні бұрын дайындық сапына қою керек-ақ. Бүгінгі таңда ауданда 115 адам мен 48 инженерлік және арнайы техникалар әзірленген. Оның ішінде қарбалас шаққа қажетті экскаваторлар мен бульдозерлер, жүк көліктері де бар. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен келісе отырып, олардың қолындағы техникаларды да қажет бола қалған күн­де пайдалануға әбден болады. «Көктем – 2024» республикалық коман­да­лық-штабтық оқу-жаттығу кезінде көк­темгі қызыл суға әзірлік барысы мұ­қият тексерістен өткізілді.

Ерте көктемдегі ел ішіндегі дүрбелең қызыл суға байланысты туындайтыны белгілі. Суды ауыл-аймақтан қауіпсіз жерге шығару үшін 10 сорғы дайындалып отыр. Олардың барлығы тексерістен өткізілген, жарамды қалыпта. Дайындық­тың қаржыны да қажет ететіні белгілі. Тұтастай алғанда бұл мақсатқа 32 млн 472 мың теңге қаражат қарастырылған. 356 тонна инертті материалдар дайындалды. Сәл таратып айтатын болсақ, Сан­дықтау селолық округінде – 96 тон­на, Балқашин селолық округінде – 150 тонна, Максимовка селолық окру­гінде 110 тонна қажетті материалдар бар. Сондай-ақ 2 500 дана құм салын­ған қаптар да ұрымтал жерге үйіліп қойылды.

Көктемгі су тасқынына әзірлік күзде басталған деп те айтуға болады. Қоңыр күзде табиғи су жолдары күл-қоқыстан аршылып, тазаланып тереңдетілді. Суағарлардың бойында қызыл суға бө­гет болатын кедергілер жойылды. Дәл қазіргі уақытта су өткізетін құбыр­лар­дың іші мұздан тазартылып жатыр. Ауданда 8 көпір мен 126 су өткізетін құрылғы бар. Көпірлердің асты мен құрыл­ғылардың іші мұқият тазартылуда. Елді мекендердегі тұрғын үйлерді су басу оқиғасы кейде қардың уақытында тазаланбауынан орын алып жатады. Бүгінгі таңда ауданда қар тазалау ісі қауырт жүргізіліп жатыр. Ақпан айын­да 51 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қажетті жанар-жағармай қоры да дайындалды. Осылайша, сан­дықтаулықтар көктемгі қызыл судың қаупін сейілту үшін әзірлік жұмыстарын ширата түскен.

 

Тозған тоған тақсіреті

Өңірде су тасқыны кезінде қауіп төндіретін жайдың бірі – ұзақ уақыт­тан бері мүлдем жөндеу көрмей, апат­тық жағдайдың алдында тұрған гидро­техникалық құрылғылар. Бұл көрініс – жалқыға емес, жалпыға ортақ жай. Облыстың барлық ауданындағы тоғандардың тозығы әлдеқашан жеткен. Әсіресе Бұланды, Бурабай, Арша­лы, Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Шор­­танды, Есіл, Жақсы және Жар­қайың аудандарындағы бөгеттердің жағ­дайы өте мүшкіл. Мәнді мәселені күлбілтелемей ашығын айтатын болсақ, Бу­рабай ауданындағы тоғанның жағ­дайы сын көтермейді. Қар күрт еріп, топан су тым молайып кетсе, қаусаған тоғанның қабырғасы қаусап түспесіне кім кепіл? Судың жүрер жолы мен ылдиын, ойпатын таразы басына тартсаңыз, бір ғана тоғанның бұзылуы жеті бірдей елді мекенді су басып қалу қаупін тудырады екен. Ал ол ауылдарда 1 100-ден аса тұрғын бар. Осының барлығы – тоған мәселесіне уақтылы көңіл бөл­мегендіктің кесірі. Егер бұл тараптағы шаруаны күні бұрын егжей-тегжей ойластырып, тиімді шара қолданғанда, көк­темгі қызыл су игіліктің көзіне айналып, егістік алқаптар мен жайылымдарды ылғалға кенелтуге мол мүмкіндік берер еді. Ал қазір есіл су жылға қуалап, сай табанына сіңіп, ысырап болып жатыр. Осы бір келеңсіз көріністі жою туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету аса маңызды мін­дет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, ком­муналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет» деген еді.

Үнемдеу үрдісі, мәдениеті осы жерден қалыптаспақ. Гидротехникалық тоғандарды су жинақтауға пайдалануға әбден болар еді. Өкінішке қарай, бұл мә­се­леге осы уақытқа дейін көңіл бө­лін­бепті. Қазгидрометтің мәліметіне қарағанда, алдағы жаз қара қарғаның миы қайнайтындай ыстық болмақ. Ел жиналған қар суына төрт түлік малын суарса да олжа емес пе? Егер су қоймалары мен тоғандарда ылғал қорын жинақтамасақ, бір тамшы суға зар болып қалуымыз да ғажап емес. Мұндай ысырапшылдық түптің-түбінде ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.

Дәл қазір тозған тоғандар құлдилап құйылған қызыл судың екпініне шыдамаса, 8 аудандағы 24 елді мекенге қауіп төнбек. Атап айтқанда, Аршалы ауданындағы «Батпакөл», Астрахан ауда­нындағы «Қызылжұлдыз», Бура­бай ауданындағы «Веденовка», «Кене­сары», «Щучинск саяжайлары», «Фро­ловское», Бұланды ауданындағы «Иван­ков», Есіл ауданындағы «Соленая балка», «Чапаевская-2», Сандықтау ауданындағы «Максимовское», Шор­танды ауданындағы «Дамса» және «Негізгі» тоғандарының уақыт тезіне шы­дамай, ондаған жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, қабырғалары арса-арса болып қаусап тұрғанын айтпай кетуге болмайды. Ал бұл жай қы­зыл су­дың қаупін қалыңдата түс­пек. Облыс аумағында тоқсанға жуық гидро­тех­никалық тоғандар болға­­нымен, олар­дың бірқатары су жинақ­тауға қау­­­қарсыз болып шықты. Қорғал­жын ауда­нының бір өзінде ғана 5 ги­дро­техни­калық құрылымды есептен әл­деқашан шығарып салуға болар еді. Бір дәтке қуаты бұл тоғандар елді мекендерден біршама алыс. Сондықтан қауіп төндірмейді.

 

Сынақ сылбырлықты көтермейді

Мамандардың сараптамасына қара­ғанда, өңірді басып өтетін 25 өзен 11 мыңнан аса тұрғыны бар 95 елді мекенге қауіп төндірмек. Оның ішінде жыл сайын жағалауда жүріп кететін, көктем сайын арнасынан асып-тасып жататын Жабай, Нұра және Есіл өзендерінің бойындағы қауіп зор. Енді мына бір жайға назар аударайық. Әр көктем сайын аузымыз күйіп жатса да, сылбырлықтан аса алмай отырмыз. Жабай мен Нұра өзендерінің аңғарларын кеңейту, таяз жерлерін тереңдету жұ­мысы 2021 жылы жоспарланған екен. Арада үш жыл өткенімен, оң сараптама қорытындысы бар жоба әлі қолға алынбаған. Көгеріп көктем келген сайы­н қызыл судың тақсіретін тартып келе жатқан Целиноград ауданындағы Оразақ аулын жанай өтетін Нұра өзенінің жағалауын бекітіп, арнасын кеңейтіп, тереңдету жұмыстарына құжаттама енді ғана әзірлене бастапты. Жабай өзенінің тасуы салдарынан әнебір жылы Атбасар қаласын топан су басып қалды. Қаншама тұрғын үй құлады. Әйтсе де, аузы күйген үрлеп ішедіні ұғар емес. Қала мен Борисовка селосының маңындағы Жабай өзенінің сағасын тереңдетуге байланыс­ты жоба жасалғанымен, мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген. Тіпті жобалық-сметалық құжаттама да жасалмапты.

Тағы бір елең еткізетін жайт Көк­шетау, Степногор қалалары мен Қорғал­жын ауданында орын алып отыр. Бұл жерлерде халықты апат жайлы хабарландыру жүйесі сын көтермейді. Жалпы, аймақты толайым қамтамасыз ету үшін әлі де 278 дабыл құрылғысы қажет. Әсіресе Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целиноград аудандарына осындай құрыл­­ғыға деген қажеттілік басым.

 

Ақмола облысы