Айбын • 14 Наурыз, 2024

Қарауыл сақшылары

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы Заречный ауылында орналасқан орташа қауіпсіздіктегі №14 түзеу мекемесі Ұлттық ұлан жауынгерлерінің әркез қырағы назарында. Мұнда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3660 әскери бөлімінің жауынгерлері қарауыл қызметін атқарады.

Қарауыл сақшылары

Жауапкершілігі жоғары ме­кемедегі тәртіпті кірпік қақпай күзететіндердің қатарында қа­рауыл басшысы, сержант Болат Әбішев те бар. Қызылорда об­лысы­ның Қазалы ауданынан кел­­ген ол осы әскери бөлімде 2010 жылдан бері қызмет атқа­ра­ды. Алғашында бөлімше коман­дирі, кейін аға маман-қарауыл басшысының көмекшісі, бір жыл рота старшинасы болды. Үш жылдан бері қарауыл басшысы болып қызмет ететін ол: «Біздің міндетімізге түрмедегі тәртіп пен заңсыз зат айналымын болдырмау кіреді. Бір сөзбен айтқанда, мекеменің іші де, сырты да Ұлт­тық ұлан жауынгерлерінің қатаң бақылауына алынған. Қызметімді атқару барысында түрлі қауіппен бетпе-бет келетін кездер болады. Бірнеше жыл бұрын ты­йым са­лынған заттарды түрмеге лақтыр­ған азаматтарды ұстаған кезіміз де есімізде», дейді.

Осы абыройлы қызметі үшін «Ерлігі үшін» медалін алған. Оның айтуынша, бұл жерде бос­тан­дықтың боз ала таңын бос өткіз­ген, салдарынан бәсекеден қа­лып, басқаның бағына жармас­қан талай адам отыр. Оларды қоғам­нан бөліп тұрған биік қа­бырға ғана. Еркіндіктегілер мен бас бостандығынан айырылған­дардың аражігін бөліп тұрған тағы бір маңызды бөгет – қа­рауыл. Сондықтан жауынгерлік қыз­метке түскен сарбаздарға жүк­телетін жауапкершілік жүгі ауыр. Сарбаздар қырағылықтан бөлек, ұстаған қаруын күтіп-бап­тай алатын болуы және қажет жағ­­дай туындағанда қолдана бі­луге тиіс. Оларға қызмет бары­сын­­да қателік жіберуге болмайды.

Осыдан төрт жыл бұрын өзінің батыл әрекетімен ел есінде қалған Болат Әбішев үйінің маңында жұмыс істеп жатады. Кенет бөгде бір дыбыстарға елең ете қалған ол көршілес үйлердің бірі отқа орана бастағанын байқайды. Еш ойланбастан отқа оранып жатқан үйдегі газ баллонын сыртқа шығарып, жалғыз басты егде жастағы үй иесіне көмек қолын созады. Сол аралықта өзге де адамдар төңірекке жинала қалған екен. Газға қарсы баскиімді киіп үй иесінің айтқан жерінен біршама құжаттарды да алып шығады.

Әскери бөлімдегі қарауыл бас­тығынан бөлек, оның көмекшілері де осал емес. Сондықтан ол өзінің көмекшілеріне де зор сенім артады. Сондай көмекшілерінің бірі – 3660 әскери бөлімінің үшінші атқыштар ротасының аға маманы – қарауыл бастығының көмек­шісі, ефрейтор Аманай Ер­жан­ұлы. Он жылдан бері әске­ри қызметте жүрген ол да бұл са­лаға бала күнінен құштар болып­ты. 5-атқыштар ротасы 3-взво­дының сарбаз-атқышы қызме­тінен бастаған ол қазір қарауыл бастығының көмекшісі лауазымына тағайындалыпты.

– Біз бекеттегі сақшыларды уақтылы ауыстырып, сотталу­шы­лардың қашуына жол бермей­міз. Қарауыл басшысы ұйықтап жатқан кезде оның бірінші көмек­шісі жауапкершілікті арқалай­ды. Ротадан қарауыл бойын­ша сабақ алып шыққан жігіттер жауын­герлік қызметке түседі. Қа­­рауылға барлығы 20 адам шы­­ғ­а­ды. Олардың 14-і сарбаз. Сарбаздарды жауынгерлік қыз­мет­ке жібермей тұрып, алдын ала сұхбат жүргіземіз. Қандай күй­де екені, кімдермен сөйлескені жай­лы сұраймыз. Олар бір тәулік бізбен жүретіндіктен, бар сырын жасырмай айтады. Егер алаң­датарлық жағдайлар барын сезсек рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарын хабардар етеміз, – дейді ефрейтор Аманай Ержанұлы.

Бұл күндері мұнда 40 мәрте қарауыл қызметіне түскен қа­тар­дағы Білісбек Тұрлыбек се­кілді сарбаздар да қаруын асы­нып, Ота­нына қалтқысыз қыз­мет етіп жүр. Шымкент қала­сындағы оқуын аяқтаған соң бірден әскерге келген ол жауын­герлік қызмет атқарудан қашпау керектігін айтты. Оның бұл ойын өзге қаруластары да құп­тайды. «Әскерге келген соң өмірдің, ата-ананың қадірін тү­сін­дім. Жаңа достар таптым. Біз­дің қызмет – сотталғандардың қа­шып кетпеуін қадағалау. Олар­дың сырттағы адамдарға зардабы тимеуі үшін барымызды салып жүрміз», дейді Абай облысынан келген қатардағы жауынгер Әлішер Оразхан. Тағы бір сарбаз, қатардағы жауынгер Даниал Манатбек дзюдомен шұғылданатын, спортқа бейім шымыр жігіт. «Отан отбасы­нан басталады. Ата-анам тыныш ұйықтасын деп, біздер осын­­да қыз­мет атқарып жүрміз. Бола­шақ­­та әскери бөлімде қызмет ет­кім келеді. Сондықтан осы бас­тан әске­ри саланың қыр-сырын үй­ре­­ну­ге қызығушылық таны­­тып жүр­мін», дейді ағынан жарыл­ған жауынгер. Мінекей, осын­дай ұлан­дары бар Ұлттық ұлан­ның мемлекетіміздің тұрақтығын қалып­тастырып, іргетасын бекемдеуде қосар үлесі зор.