Мирас • 15 Наурыз, 2024

Адай арғымағы

379 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы былтырғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесуінде: «Қазақтың Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафондарда әрдайым бәйге алып жүр. Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады. Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырамын», деген еді.

Адай арғымағы

Өткен жылы еліміздің 19 өңірінің шабандоздары қатыс­қан,  «Ұлы дала жорығы» республи­ка­лық марафонында Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы Адай жылқысымен 1 200 шақырым қашықтық­ты бәсекелестерден шапшаң жүріп өтіп, бірінші орынды ие­ленген еді. Биылғы осы марафонда Адай есімді атқа мінген маңғыстау­лық шабандоз Астана қаласы­нан Түркістан қаласына дейінгі 1 300 шақырым қашықтықты 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырып, рекорд орнатты. Ал сол жылғы 4 қарашада Маңғыстау өңіріндегі Кендірлі шығанағында Адай жылқысына асыл тұқымды жануар мәртебесін беру мақсатында халықаралық ұзақ қашықтықтағы ат жарысы турнирі өткізілді. Оған Ақтөбе, Жетісу, Маңғыстау облыстарынан 31 ат қатыстырылды. Бәйгеге Халықаралық ат спорты федерациясының Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) және  Алматы қаласынан келген төрешілері қазылық етті. Халықаралық стандарттарға сәйкес шабандоздардың жасы 18-ден, салмағы 70 килодан кем болмау талабы қойылды. Осындай талапқа сәйкес келген шабандоз мінген Көкжебе есімді Адай жылқысы тұқымды тұлпар 100 шақырымды 4 сағат 48 минут 36 секундта артта қалдырып, әрі жүрек соғысы халықаралық стандартқа сәйкес минутына 64 реттен аспағандығын көр­сетіп, жеңімпаз атанды. Маң­ғыстау облысы әкімінің бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық төрешілер ғана емес, БАӘ-ден келген халық­ара­лық төреші де Адай жыл­қы­сының шапшаңдығы мен шыдамдылығына көз жеткізген. 

Адай жылқысы ежелден Арал-Каспий даласында өсіп-өнген. Оның асқан жүйріктігі мен қажырлылығына арқа сүйеген жауынгер ата-бабаларымыз бай­лық тұнған Маңғыстау түбегін көз алартқан дұшпандардан қорғап қалған. Қамбар атаның осы бірегей түлігінің Каспий ойпатының қатал климаттық жағдайына әбден бейімделген төзімділігі мен алысқа шабатын алапат күш-қуаты ғалымдар­ға да, жылқы өсірушілерге де көптен  мәлім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Игорь Нечаев пен оның шәкірті, биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұ­­рышев бірегей Адай жылқысы­ның қанын басқа тұқыммен араластырмай, таза сақтау бастамасын көтерді. Бұл бастама Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) тарапынан қолдау тауып, М.Нұрышев тиісті мемлекеттік бағдарламаның жауапты орындаушысы болып тағайындал­ды. Аталған ғалымдар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, 2008 жылы АШМ-нің Мемлекеттік комиссиясы олардың селекциялық жетістігін – Амандықторы, Есболай­торы және Есболайжирен текті айғырларынан тараған өнім­ділігі жоғары айғырлар мен биелердің үш зауыттық желісі сынақтан өткізілгенін ресми түрде таныды. Осы селекция­лық жұмыстардың нәтижелері М.Нұрышевтың 2005 жылы жарық көрген «Адай жылқысы: эволюциясы, қазіргі жағдайы және өсіру перспективасы» монографиясында егжей-тегжейлі баяндалған. Ол – Адай жылқысы туралы алғашқы докторлық диссертацияны қорғаған ғалым.

Әйтсе де АШМ 2008 жылдан бастап ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатып, ғалымдарды әлемдегі бірегей жылқы тұқымын жасау жөніндегі селекциялық жұмыстан шеттетіп тастаған. Мұның өзі арада он үш жыл уақыт өткенде өкінішті жағдайға әкеліп соқты.

– Адай жылқысының ерекше қасиеті – Арал-Каспий ой­патының шөлейтті жерінде өмір сүруге бейімделгендігін­де. Соны жете ескермегендік­тен, 2021 жылғы жаздың қатты құрғақшылығында көптеген жануар, соның ішінде талай ғалым-селекционер өз ғұ­мы­рын сарп еткен Адай  жыл­қы­сының біразы аштан қы­рылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми жобаларды қаржыландыруды тоқтатпаған жағдайда ғалымдар мұндай жұттың ауыр зардабына жол бермес еді. Өйткені жұт жылдары бұрын да болған, алдағы уақытта да болмай қоймас. Ата-бабамыздың тәжірибесіне сүйенсек, сондай тығырықтан шығу жолы – «Жайлау – қыстау – жайлау» әдісімен малды жүздеген шақырым жерге апарып жаю. Мұны жаңа көшпенділік, немесе неономадизм деуге болады. Баяғыда Каспий ойпатынан Орынбор облысының шекарасына дейін баратын, Сағыз, Ембі және басқа өзендердің бойында мал жаятын жеті бағыт болған. Егер біз осыны еліміздің Жер кодексінде ескермесек, құрғақшылық жылдары тағы да жұтқа ұшыраймыз. Шынтуайтында, көшпелі өмір салтының арқасында ата-бабамыз мал басы мен жайылымдардың құнарлылығын сақтап қалды. Ал осындай негіздерді білмеген Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықтары өздерінің құнарлы жерлерін құлазыған шөлге айналдырып алды, – дейді М.Нұрышев.

Ғалымның айтуынша, қазіргі заман жағдайында шалғайдағы жайылымдарды пайдалануға басқа тәсіл қажет. Мысалы, автономды жаңартылатын энергия көздерін қолдану жайлаудағы жылқы және қой шаруашы­лы­ғы сияқты дәстүрлі кәсіптер­ді қайта өркендетуге мүмкіндік береді. Себебі шағын жел немесе күн стансасы бар малшы өзін мобильді баспанамен және байланыспен қамтамасыз ете алады. Жайлаудағы мал шаруашылы­ғын жаңаша ұйымдастыру мал өнімдерін мол өндіруге жол ашады.

– Тағы бір ескеретін жайт – Адай жылқысын асыл тұқымды жануар ретінде әлемге таныту жобасының орындаушысы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты сияқты еліміздің жыл­қы шаруашылығын дамытуға тікелей қатысқан ғалымдар мен мамандар ұжымы болуға тиіс. Біз Адай жылқысы тұқымы таяу келешекте Маңғыстау облысы­ның ғана емес, Қазақстанның әлем­ге танымал бренді болатынына сенімдіміз, – дейді М.Нұрышев.

Парламент Сенатының Маң­ғыстау облысынан сайлан­ған депутаты Бекбол Орынба­­саров биылғы сәуір айында мүд­делі мемлекеттік органдар­дың Мемлекет басшысы берген, Адай жылқысын әлемге таны­ту жөніндегі тапсырманы орындау барысының баяулығын сы­нап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. Оған бе­ріл­ген ресми жауапта 2024-2026 жылдар­ға арналған бағ­дар­ламалық-нысаналы қар­жы­ландыру аясында «Адай қазақ жылқылары мен Қостанай тұ­қымының салт мініс қасиеттерін сақтау және жетілдіру» ғылыми-зерт­теу бағдарламасына 3 жылға 682,5 млн теңге бөлінетіндігі мәлімделіпті. Аталған бағдарла­маның нәтижесі бойынша Адай жылқысы тұқымын тану жүзеге асырылмақшы. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында Адай жылқысы тұрпатындағы 1,6 мың бас жылқы ғана қалған көрінеді.

Осы орайда өткен жыл­дың соңында бір жағымды жаңалықты естідік: Әділет ми­нистрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі Апро­бация жөніндегі мем­лекеттік комиссиясының қоры­тындысы негізінде Адай тұқым­дас жыл­қылардың 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тір­кепті. Әрине, бұл – Мемлекет басшы­сының тап­сырмасына сәйкес Адай ар­ғы­мағын әлемге таныту бағы­тында атқарылатын ауқым­ды жұмыстың басы ғана.

Бұл ретте түбі бір түркітілдес ел – Ресей Федерациясы­ның Саха Республикасында (Якутия) 2003 жылы «Табындық жыл­қы шаруашылығы туралы» заң қабылданғанын айтқан жөн. Онда табындық жылқы шаруашылығын дамыту, саланы өркендеуге бағытталған ғылы­ми жұмыстарды қаржылан­дыру көздері, жылқышы кәсібі­нің беделін арттыру шара­лары қарастырылған, сондай-ақ жылқының жаңадан шыға­рыл­ған екі тұқымына ұлттық қазына мәртебесі беріліп, олар мемлекеттің қорғауына алын­ған. Атакәсібіміз бен қасиет­ті түлігімізді қадірлеуді саха ағайындардан үйренсек, артық болмас.