Пікір • 17 Наурыз, 2024

Құндылықтар бізді біріктіре түседі

109 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыз – жаңару мен жасампаздық мейрамы, келешек туралы ой толғаудың кезеңі. Халқымыз үшін осындай аса ерекше уақытта Атырауда жиналып, еліміз үшін маңызды мәселелер жөнінде ой бөліскеніміз жақсылықтың белгісі деп санаймын.

Құндылықтар бізді біріктіре түседі

Ел тұрғындарының үштен бірі – бала­лар. Балалар санының жыл сайын өсуі ең алдымен, мемлекеттен оларға деген тұрақты қамқорлықты талап етеді. Қазіргі таңда елімізде балаларды қорғаудың біртұтас және терең жүйесі қалыптасып келеді.

Жақында бірнеше елдің Бала құқық­тары жөніндегі уәкілдерінің конференциясы өтті. Жиында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан балаларды қолдау саласындағы маңызды реформалармен таныстырдым. Әріптестерім Қазақстан реформаларының бірегей тәжірибесін атап өтті. Бұл расымен де солай. Мысалы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, «Қазақстан халқына» қорының 67 әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруы, ауыл-аудандарда оңалту орталықтарының ашылуы, «Жайлы мектеп» жобасы, 100 ірі қосымша білім беру ұйымы мен 50 бала­лар демалысы орталығының ашылуы – көптің көңілінен шыққан игі бас­тамалар.

Сонымен қатар, әйел құқықтары мен бала қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы ерекше қолдау тапты. Әрине, әйел мен бала құқықтарын қорғау мәселесін қоғам ұдайы жіті назарда ұстап келеді. Бұл бағытта кейінгі жылдары жүйелі іс-шара қабылданды, заңға өзгерістер енгізілді.

Ал әйел құқықтары мен бала қауіп­сіздігіне қатысты заң жобасы баршамызды – құқық қорғау институттарының өкілдері, сарапшыларды, Ұлттық комиссия мүшелері мен мемлекеттік органдарды біріктірді. Өткен жылдың қыркүйек айында заң жобасын Мәжіліске таныс­тырдық. Депутаттардың қолдауы, толық­тыруларымен құжат Сенатқа өтті.

Заң жобасы балаларды қорғаудың, әйелдер мен отбасын қолдаудың бірыңғай тұжырымдамасын қалып­тастырып, зорлық-зомбылық пен агрессияға нөлдік төзімділіктің пос­тулаты бола алады. Бұның бәрі – бала құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етудің берік негізі.

Бүгінгі әлем бала дүниетанымын қалыптастыруда белгілі бір қауіп-қатерге толы. Қазір заңдылық пен тәртіп, еңбексүйгіштік пен бірлік қағидатын нығайту туралы көп айтылып жүр. Расымен де, құндылықтарды дәріптеу әсіресе өскелең ұрпақ үшін өте маңызды әрі пайдалы.

Бұл тұрғыда әріптестермен бірге шетелдік тәжірибені де зерттеп көрдік. Талдау барысында ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың негізгі қағидаты – іргелі құндылықтарды ұлттық деңгейде бекіту екенін байқадық. Бірқатар шетелде нақты белгіленген құндылықтар тізбесі бекітілген. Мысалы, Британ халқының 5 құндылығы бар, олар – заңның үстемдігі, демократия, жеке бас бостандығы, өзара құрмет, төзімділік. Мектеп бағдарламасы­на енгізілген бұл құндылықтар бала­лар кітаптарында да бейнеленген. Сингапурда 5 ортақ құндылық, Біріккен Араб Әмірліктерінде адамгершілік тәрбиесінің төрт тірегі бекітілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Сарайшық өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда қоғамды, әсіресе жас буын­ды сапаландыратын құндылықтарды атап көрсетті. Қоғам мұны жақсы қабылдады. Құндылықтарды бала бойын­да мектеп кезінен сіңіру үшін тиісті ақпараттық жұмыс жүргізу керек.

Әлбетте, құндылықтар тізбесі ғылыми орындар, қоғамдық институттар тарапынан кеңінен байыпталады деп есептейміз. Қалай дегенде де ол бала өмірінің айнымас темірқазығы, тура жолдан таймауына бағдар бола алады.

 

Динара ЗӘКИЕВА,

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл