Аймақтар • 19 Наурыз, 2024

Мұз жару жұмыстары жүргізілді

96 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыс соңына қарай қалың түскен қар кейбір өңірлерге қауіп төндіріп тұр. Сондықтан облыста болуы мүмкін қарғын судың алдын алу үшін жұмыстар жан-жақ­ты жүргізіліп жатыр. Тасқынға тос­қын қою жұмыстары туралы Шы­ғыс Қазақстан облысы әкімі ап­паратының жұмылдыру дайын­дығы жөніндегі бөлім бастығы Еркен Сәрсембинов баяндады.

Мұз жару жұмыстары жүргізілді

– Өзендердің мұз кептеліп қалатын учаскелерінде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатқа облыстық резервтен 238 млн теңге бөлінді. Әзірге профилактикалық мұз жару жұмыстары Шемонаиха және Алтай аудандарында жүргізілді. Аймақта 6 мың тонна инертті материал, 457 тонна жанармай мен 48 мың дана қап қоры дайындалды. Су тасқынының алдын алу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр, – дейді Е.Сәрсембинов.

Брифингте баяндалғандай, өңірде су жолдарын қар мен мұздан, қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Кейінгі мәліметке сенсек, облыс аумағындағы 72 каналдың 44-і (61 пайыз), 445 арықтың 227-сі (51 пайыз), 277 көпірдің 223-і (81 пайыз), сондай-ақ автомобиль жолдарының бойындағы 1 735 су өткізу құрылысының 1 087-сі (63 пайыз) мен теміржолдардағы 90 су өткізгіштің 14-і (16 пайыз) осындай жұмыстармен қамтылған. Бүгінге дейін елді мекендер аумағынан 204 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.

– 2021-2023 жылдары су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шең­берінде 384 млн теңгеге 21 іс-шара іске асырылды. Сондай-ақ облыс бюд­жетінен профилактикалық қар тү­сіру жұмыстарына 32 млн теңге бө­лін­ді. Барлық 132 гидротехникалық құ­­ры­лысқа бақылау орнатылды. Су электр стансаларының каскады штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Бұқтырма су қоймасы толымдылығының еркін көлемі жобалық мөлшердің 58 пайызын құрайды. Яғни төтенше жағдай кезінде су қоймасы қосымша мөлшерде су қабылдай алады деген сөз. Жалпы алғанда, облыстағы жағдай тұрақты, қауіпті аймақтардағы ахуал тәулік бойы бақылауда, – деп түйіндеді сала маманы.

Баспасөз мәслихатында алдағы күн­дерге арналған күн райы болжамы да айтылды. «Қазгидрометтің» Шы­ғыс Қазақстан мен Абай облыстары бо­йын­ша филиалы гидрология бөлі­мінің бас­тығы Іңкәр Асқарованың мәліме­тінше, наурыздың ортасына қарай аймақта тұрақсыз ауа райы сақталады.

– Алдағы бір апта көлемінде облыста қар аралас жаңбыр жауып, күндізгі және түнгі ауа температурасы төмендейді. Нау­рыздың ортасында Алтай, Ұлан, Шемонаиха, Глубокое, Катонқарағай, Мар­қакөл аудандары мен Риддер қала­сында қалың қар жауады деп күтіліп отыр. Ал 14 пен 17 наурыз аралығында өзге өңірлердегі де ауа райы жауын-шашын­ды болады. Тек 18-20 наурызда жауын-ша­шынсыз ауа райы болжанады, – деп мәлім етті І.Асқарова.

Оның айтуынша, 12-17 наурыз ара­лығында түнгі ауа температурасы +6-дан – 15 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз сынап бағанасы +10 мен – 8 градус аралығында ауытқиды. Айдың үшінші онкүндігінде жауын-шашын көбінесе жаңбыр мен қар түрінде болады, дегенмен ауа температурасы біртіндеп көтеріле бастайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы