Күрес • 18 Наурыз, 2024

Жақсылықты еске алды

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада грек-рим күресінен Алаштың ардақ тұтар азаматы, Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жастар арасындағы (U-20) халықаралық турнир аяқталды.

Жақсылықты еске алды

Аталған жарыста Қазақстаннан бөлек, Сауд Арабиясы, Бельгия, Хорватия, Украина, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген 234 балуан бақ сынады. Алғашқы күні төрт салмақ дәрежесінің түрлі түсті медальдары сарапқа салынды. Соның бірінде қандасымыз Ерасыл Жеңіске тең келер ешкім табылмады. 82 кг салмақ дәрежесінде күрескен ол финалда әзербайжандық Исмаил Рзаевқа сан соқтырды.

Бәсеке аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ерасыл: «Жарысқа екі апта бойы «Алматау» спорт базасында дайындалдық. Қазір соның жемісін көріп отырмыз. Бірде-бір бәсекеде жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Барынша нәтижелі өнер көрсету үшін көп күш салдым. Әсіресе финалдық сайыс қиынға соқты. Белдесу барысында Әзербайжанның балуанынан 2:7 есебімен ұтылып жаттым. Бірақ жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсем деген ой мені алға жетеледі. Нәтижесінде, шешуші тұста қарсыласымның осал тұсын тауып, жарыс жеңімпазы атандым», деп ақтарыла сөйледі.

55 кг салмақта бейтарап спортшы ретінде өнер көрсеткен ресейлік Әлібек Әміровтің асығы алшысынан түсті. Финалда ол жерлесіміз Айбек Айтбековтен айласын асырды. 63 кг салмақ дәрежесінде де Ресейден келген спортшының бағы жанды. Ақтық сында Ерзу Зәкариев біздің Дамир Ибрашевті еңсерді. 72 кг салмақта Руслан Нұруллаевқа тең келер ешкім табылмады. Әзербайжанның үміті шешуі тұста Тайыр Амангелдіні сүріндірді.

Одан кейінгі күндері Оңдасын Хамитов (60 кг), әзербайжандық Фараим Мұстафаев (67 кг) пен Давуд Мамадов (77 кг), украиналық Егор Якушенко (97 кг) және ресейлік Мансұр Саитов (87 кг) пен Александр Мелехов (130 кг) сынды сайыпқырандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Командалық есепте бейтарап команда ретінде қатысқан Ресей балуандары бірінші орын алса, Әзербайжан мен Қазақстан құрамалары екінші және үшінші орынды өзара бөлісті.

Даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнирдің жүлде қоры да мол болды. Мәселен, бас жүлдені қанжығаларына байлаған балуандар 1,5 миллион теңгеден алса, күміске қол созғандар 1 миллионды иеленді. Қола медальды мойнына ілген спортшылар 500 мыңды қалтаға басты. Ал чемпионды тәрбиелеген жаттықтырушыларға 100 мың теңгеден берілді.