Білім • 18 Наурыз, 2024

60 мыңдай талапкер тест тапсырды

72 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) басталғанына екі апта болды. Осы уақыт ішінде тестілеуді 59 мыңнан аса талапкер тапсырған. Олардың 70 пайызға жуығы шекті ұпай жинады.

60 мыңдай талапкер тест тапсырды

Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратына сүйенсек, наурыз айын­дағы ҰБТ басталғаннан бері тес­тілеуді тапсырған 60 мыңдай талап­кердің 71,49%-ы қазақ тілінде, 29,39%-ы орыс тілінде, 70 адам ағыл­шын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті ұпайды 69,26%-ға жуық талапкер жинады. Ор­таша ұпай 65,08 балды құрады. Ал ең жоғары ұпай – 137.

Тестілеуге қатысушылардың ба­сым бөлігі «математика-физика» 17,38% және «Биология-Хи­мия» комбинациясын 15,91%-дан тап­сырды. Сондай-ақ ең көп таң­дал­ған комбинациялар қатарына талап­керлердің 11,75% таңдаған «ма­те­матика-информатика» комбина­циясы кірді. Ең аз таңдалғаны «химия-физика» комбинациясы болды, бұл бойынша тестілеуді 76 адам тапсырған.

«Бүгінгі таңда 81 ереже бұзу­шы­лық анықталған. Оның ішінде 50 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті кесірінен тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анық­талған жоқ. Ерекше білім беру қажет­тіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптада 148 талап­кер қатысты», деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.

Наурыз ҰБТ-сы осы айдың 30-на дейін жалғасады. Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негіз­де күндізгі оқу нысаны бо­йын­ша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мек­теп және колледж түлектері, Қазақ­стан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойын­ша. Бірақ «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» мін­детті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейін­ді пән­дердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Атап өтсек, бейінді пәндерде берілген тізім­нен сәйкестікті анықтауға ар­налған 5 тап­сырма қосылды. Осы­лайша, ҰБТ тапсырмалар саны өз­геріссіз қалады, жалпы 120 сұрақты құрады. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу са­уаттылығынан» 10 тапсырма, «Ма­тематикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейінді пән ­бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосым­ша 40 минут уақыт сақталады.

Талапкерлер тестілеу аяқтал­ған­нан кейін 30 минут ішінде апел­ляцияға бере алады. Серти­фи­­кат апелляция туралы ше­шім қа­былданғаннан кейін тестілену­ші­нің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Осы орайда 2024 жыл­ғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтіз­бе­лік жылдың 31 қазанына дейін тес­тілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетінін, тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылатынын, тіпті тегін оқуға түскен адамның гранттан айырылатынын еске сала кеткен жөн.