Қоғам • 19 Наурыз, 2024

Инклюзияның игілікті жобасы

74 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ерекше қажеттілігі бар жандарды жан-жақты қолдау – қоғамға ортақ міндет. Алматыда мұндай санаттағы 58 мыңнан аса адам өмір сүріп жатыр десек, олардың 9 мыңы – балалар. Әрбір азамат еркін дамуға, оқуға, жұмыс істеуге мүмкіндік ала отырып, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі маңызды.

Инклюзияның игілікті жобасы

Тағдырлы жандарға таяныш болар инклюзивті орта құру билік пен аза­маттық қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Миллиондар тоғысқан мега­полисті тең мүмкіндіктер қаласына айнал­дыру бағытында кешенді жобалар қол­ғ­а алынған. Мүгедектігі бар адам­дардың мұң-мұқтажын ескеріп, оларға қол­дау көрсетумен айналысатын екі бі­рдей ке­ңесші органның қызметі қайта құрылды әрі инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады. Күні кеше ұйымның алғашқы отырысы өтіп, саладағы қордаланған мәселелер талқыланды.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев төрағалық ететін кеңестің жұмы­сын жетілдіру ісі – әкім орынбасары Әсем Нүсіпова мен әкімнің штаттан тыс кеңесшісі Қасиет Омароваға жүктелген. Сондай-ақ кеңес құрамына мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау саласындағы белгілі қоғам қайраткерлері Богдан Джепка, Татьяна Баклажанская, Майра Сүлеева, Әсия Ахтанова, Рауана Сағадиевалар еніп отыр.

Қ.Омарова инклюзия халықтың аз қоз­ға­латын тобы үшін қалалық ортаның физи­калық қолжетімділігін қамтама­сыз етіп, аза­маттардың қала өміріне бел­сен­ді араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасау­­ға бағытталған шаралардың кең ауқы­мын қамтитынын айтады. Сон­дай-ақ ол тұрғындардың өмір сүру сапа­сын арт­тыруға бағытталған «Алматы қала­сын дамы­тудың 2025 жылға дейінгі бағдар­ла­масы мен 2030 жылға дейінгі ортамер­зімді перспективаларды» іске асыруда инклюзия шешуші рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті.

«Маған жаңартылған кеңестің сындарлы тәсілі қатты ұнады. Ол негізінен қоғам­дық ұйымдардың өкілдерінен әрі өзін-өзі инклюзиялау проблемалары ту­ралы білмейтін адамдардан тұрады. Инклю­зивтілік әлеуметтік қорғау жөніндегі ор­ган­ның жұмысын ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын да қамтитыны, яғни қаланың дамуы үшін қажетті барлық бағытты айналып өтпейтіні маңызды. Өйткені адамдар бар жерде инклюзия мәселесінің болуы заңды», дейді Қ.Омарова.

Жоба аясында Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмек көр­се­ту үшін 8 ерте араласу қызметі пайда бол­мақ.

«Ерте жастағы балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсету және қолдау мақсатында қаланың 8 ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдар базасында ерте араласу қызметтерін ашу жоспарланып отыр. Бұл қызметтің құрамына 56 маман кіреді. Олар – трансдисциплинарлық маман, даму педиатры, психолог, арнайы педагог, сенсорлық интеграция жөніндегі маман, логопед, кәсіби терапевт», дейді қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Кедергісіз қала қағидатын енгізу һәм Алматының сапалы инфрақұрылы­мын дамытуға айрықша маңыз беріліп отыр. Қала басшысы орталықсыздандыруды ескере отырып, осы бағыттағы оң өзгеріс­терді атап өтті. Бұл тұрғыда аудан әкімдері инклюзивті орта құру үдерісіне белсенді кірісуге тиіс.

«Біз одан әрі орталықтандыруды жал­ғас­тырамыз. Өткен жылы аудан әкім­деріне берілген өкілеттіктер қазірдің өзін­де нәтиже көрсетті. Біз өз алдымызға маңыз­ды мақсат қоя отырып, 2030 жылға дейін қала тұрғындарына қолжетімділік қажет болатын барлық қалалық инфрақұры­лым нысандарының одан әрі бейімделуін ­паспорттауды қамтамасыз етуіміз қажет», дейді Е.Досаев.

Атап өтер жайт, қалалық инфрақұры­лым нысандарын паспорттау алғаш рет Алматыда жүргізіліп жатыр. 2023 жылы 7,5 мың нысан қамтылған. Әлеумет­тік инфрақұрылымды бейімдеуді, атап айт­қанда, емханаларда, ауруханаларда, ХҚО-ларда пандустар, қосалқы тұт­қа­лар, тактильді плиталар орнатуды 2025 жылдың соңына дейін жүргізу жос­­­пар­ланған. Келер жылдың соңына қа­рай Алматыда әлеуметтік нысандардың ­30%-ы,­ 2030 жылы қалалық нысандардың 75%-ы мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейім­делуге тиіс.

Мәселен, биыл қалада «Инватакси» қызметін пайдаланушылар саны 200 адамға артқан. Ал жалпы оны қолданушылар саны 2 мыңнан асып жығылады. Олардың 800-і – ерекше қажеттіліктері бар балалар. Айталық, инватакси қызметін ұсыну бо­йынша қанатқақты жоба қолға алынғалы бері автомобильдер саны 64-тен 100-ге дейін ұлғайған. Әкімдік Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне агрегаторлар бөлігінде инватакси қызметтерін ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізу туралы хат жолдаған. Оған себеп такси агрегаторларының әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жіберілген қызметтерді ұсынуы мүмкін емес, осыған байланысты қолданыстағы әлеуметтік тапсырыстар арқылы қызметтерді ұсынуды қосымша пысықтауға тура келеді.

Жауаптылар қалада жыл соңына дейін ерекше қажеттілігі бар 2 мың азаматты жұмыспен қамтимыз деп отыр. Азаматтар біліктілігін арттырып, еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы оқудан өтуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ оларға «Ten Qogam» орталықтары арқылы кәсіптік терапия мен кәсіби дағдыларды дамыту бойынша қызметтер қолжетімді.

«2023 жылы Еңбек ұтқырлығы орта­лығына ерекше қажеттілігі бар 2 860 аза­мат жүгініп, 1 965 адам жұмыспен қам­тылды. Бұл ретте 244 адам тұрақты жұмыс орын­дарына, 502 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 661 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді», деп атап өтті Ә.Нүсіпова.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері Еңбек ұтқырлығы орталығына ерекше қажеттілігі бар 993 азамат жүгінген. 533 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылса, ал 2024 жылдың соңына дейін жұмыспен қамту шараларымен кемінде 2,2 мың адамды қамту жоспарда бар.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өзін-өзі тануы, еңбегі үшін материалдық сыйақы алуы үшін ынталандырулар жасау әрі олардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл жалақының кемінде 70%-ы субсидиялау арқылы, сондай-ақ жұмыс берушілердің арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға арналған жабдықтарды сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарын өтеу арқылы жүзеге асырылады», деп атап өтті Ә.Нүсіпова.

 

АЛМАТЫ