Салық • 19 Наурыз, 2024

Кіріс көзінің кілтипаны

201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бастапқы жоспар бойынша қосымша құн салығы (ҚҚС) өсімі бюджетке 2 триллион теңгеден астам кіріс әкелуге тиіс еді. Бұл мәселе өзектілігін жойған соң, қаражатты қайдан аламыз деген сұрақ туындады. ҚҚС көтерілуіне қарсы болған кәсіпкерлердің айтуынша, ең абзалы – бизнеске жағдай жасау, сонда Үкіметтің бюджет алдындағы жауапкершілігі жеңілдейді. Мәселен, Үкімет 1 жұмыс орнын ашу үшін 150 мың доллар жұмсаса, бизнесте мұны 15 мың доллармен шешуге болады екен.

Кіріс көзінің кілтипаны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Отандық бизнес-қауымдастық өкілдерінің пікірінше, ҚҚС мөл­шерлемесінің өсуі барлық тауар мен қызмет бағасының өсуіне әкеледі.

«Осы жылдан бастап Қазақ­станда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мо­ра­­торий тоқтатылды. Жеке кәсіп­­керлер мен басқа санаттар да салық декларациясын тап­сыруы керек. Менің ойым­ша, Үкіметте мемлекеттік бюджет­тен шығыстарды оңтайлан­ды­руға мүмкіндік бар», дейді Қа­зақ­стан құрылысшылар қауым­дастығының басшысы Тимур Нұртаев.

Мәселен, биылдан бастап жұ­мыс берушілер 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған әр­бір қызметкер үшін БЖЗҚ-ға қо­сым­ша жарна аударуға мін­дет­телді. Жұмыс беруші өз қыз­меткерінің жалақысын көтеру­ге тиіс. Бүгінде елдегі бизнеске арналған жеңілдетілген бағдар­ламалар қысқартылған. Оның ор­нына қосымша жарналар мен аударымдар көбейіп отыр. Сон­дықтан ҚҚС мөлшерлемесін сол деңгейде ұстау керек.

«ҚҚС-ны орта есеппен кәсіп­орындар жылына 500 миллион мен миллиард аралығында тө­лейтін болса, Астық одағының жекелеген мүшелері жылына шамамен 6 млрд теңгеге жуық соманы салыққа аударады. Егер мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға дейін өссе, кәсіпорындардың салық жүктемесі үштен біріне артып, бұл төлемдер шамамен 500 миллионнан 670 миллионға дейін аралықта қалыптасар еді. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш», дейді Қазақстан астық одағының сарапшысы Тілек Бекбасаров.

Қазіргі нарық жағдайы бұ­ған қолайлы емес. ҚҚС мөлшер­лемесін көтеру шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Жоғарғы есеп па­ла­тасының қорытындысы бойын­­ша Мемлекеттік кірістер коми­тетіндегі ақпараттық жүйе­лерге талдау жасау барысында қауіпсіздік стандарттарына сәйкес еместігін анықтаған.

Салық кеңесшісі Файзирахман Миянов ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын елдегі бүкіл салық жүйесін қайта қарау қажет­тігін айтып отыр. Бұған дейін де Президент бюджетті толтыру үшін салықтың дұрыс жүйеленуін тапсырған еді. Бұл тұрғыдан сарапшылар қосымша құн салығын осы деңгейде қалдыру арқылы көлеңкелі экономикаға тосқауыл боламыз дейді.

«ҚҚС-ның 12%-да қалуы сол салада қызмет істейтін барлық кәсіпкер үшін тиімді, екіншіден, біз инфляциялық толқынның ал­дын алуға мүмкіндік алып отыр­­мыз. Салық төлейтін кәсіп­орын­дар, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын көбейтуді көздесек, онда салық жүйесінде жақсы жаңалықтар болады. Бюджеттік кіріс бөлігін ұлғайту – Үкіметтің ең бірінші кезектегі мәселесі. Инфляцияға әсер ететін сырттан келетін тауарлардың көп­тігінің өзі біздегі салық тө­лей­­тін орындардың еңсесін ба­сып отыр. Сондықтан біз бі­рін­­ші кезекте отандық тауар өнді­ру­­шілердің санын көбейтуді қолға алуымыз керек», дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.

Осылайша, Үкімет салық жеңіл­діктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге кіріс­ті. Қаржы министрлігінің өз жос­пары да жоқ емес.

«Қаңтар айынан бастап біз қосымша құн салығы бойынша өткен кезеңнің борыштарын қайтарып жатырмыз. Қосылған құн салығын қайтаруды жеңіл­дету және жеделдету үшін минис­трлік бірінші тоқсанның соңына дейін қосылған құн салығын қайтару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізеді», дейді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Сөйтіп, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес қосыл­ған құн салығының мөлшерлеме­сі көтерілмейтін болды.Ұлттық эко­номика және Қаржы ми­нистр­ліктері республикалық бюд­жеттің шығыс бөлігін де, кіріс бөлігін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Бұл жерде бірінші кезекте цифрландыру арқылы салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша тиімді ша­ра­лар қабылдау маңызды еке­нін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Сонымен қатар бюджетке басқа кіріс көздерін табуды да тапсырды. Министрлер кабинеті әзірге үнсіз.

Сарапшылар Үкіметтің мем­ле­кеттік шығындарды оңтай­лан­дыруға кірісетінін айтады, бірақ әзірге ондай нақтылық жоқ. Бюджеттегі саңылауларды жамап, Ұлттық қордан түсетін трансфертті қысқарту үшін ақшаны қайдан алады, белгісіз. ҚҚС көтермейміз деп айту оңай, тиісінше бұған барлығы риза, бірақ бюджетке түсуге тиіс мол қаржыны қайдан табамыз деген сауал жауапсыз қалып тұр.