– Алтай Сембекұлы, таяуда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында халықаралық автотасымалдаушыға шетелдік рұқсат бланкісін берудің жаңа тетігі мен тәртібі таныстырылды. Сол күннен бері шетелдік рұқсат құжат туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ұсынылған жаңа жүйенің артықшылықтары туралы айтып берсеңіз?
– Қазақстан әлемдегі 42 елмен мемлекетаралық келісімшарт аясында автокөлікпен жүк тасымалын жасайды. Әрбір елмен жүк тасымалдаудың ережесі мен тәртібі толық айқындалып, келісімшартта анық көрсетілген. Кейінгі жылдардағы статистикаға назар аударатын болсақ, өкінішке қарай қолданып жүрген жүйе арқылы таратылған бланкілер жыл соңында 45-50 пайызға дейін пайдаланылмай, яғни игерілмей қалып жатыр. Сол себепті, қолданыстағы жүйені зерделеп, әріптестермен бірлесе отырып, сараптап көрдік. Қолданыстағы жүйе жүк тасымалдаушылар арасындағы кейбір топтарға қолайлы жағдай жасап, қайсыбіріне артықшылық тудырып тұрғаны байқалады.
Мәселен, жыл басында әр елдің бланкісінің 50 пайыздайын шетелге жүк тасымалдаушының былтырғы көрсеткішіне қарап, бір жылдық кепілдігімен солардың еншісіне бөліп қоямыз. Қалған жартысы ортақ пайдалануға кетеді және олардың бәрінде мекеменің аты, көліктің мемлекеттік нөмірі көрсетілмейді, яғни тап-таза күйде беріледі. Мұндай жағдай бланкіні алған компанияға осы рұқсат құжатты әрі қарай көлеңкелі нарықта үстемеақымен сатып жіберуге мүмкіндік береді және осындай оқиғалар анықталып та жатыр. Яғни кейбір компаниялар шетелге апаруға тауар табылмай жатқан болса, рұқсат бланкісін заңсыз жолмен екінші біреуге сатып жібереді.
Оған қоса, бланкіні алған соң оны қолданып қайта тапсыру үшін жүк тасымалдаушыға 100 күн беріледі. Аталған уақыт аралығында тапсырыс табылмаса, рұқсат бланкісі басқа бір кәсіпкерге сатылып кетеді. Көлеңкелі нарықтағы оның құны 3 мың долларға дейін көтеріледі деген дерек бар. Айта кетерлігі, бізде бекітілген рұқсат беру бланкісінің құны 1 айлық есептік көрсеткішке пара-пар.
– Көлеңкелі нарықта саудаланатын, кейін қолдан қолға өтетін бланкілер туралы статистика бар ма?
– Иә, ондай статистика бар. Алайда олардың заңды айналып өтіп, өз қалауын істеуіне барлық қолайлы жағдай қолданыстағы жүйеде қаралған. Мұндай факті анықталғанның өзінде, құқық бұзушыны заң алдында жауапқа тарту өте қиын. Нәтижесінде, заңсыздық әрі қарай өрістей береді. Дегенмен Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінде әр бланкінің есебі қатаң қаралады. Мысалы, 2022 жылы 155 мыңы берілген болса, соның 45 пайызы ғана пайдаланылған. Ал былтыр 270 мың бланкі үлестіріліп, оның 68 пайызы ғана игерілді.
Енгізіліп жатқан жаңа жүйе саладағы бланкі беру тетігі мен тәртібін түбегейлі өзгертеді. Былтыр сәуір айынан бастап Қытай елімен жаңа жүйенің қанатқақты жобасын бастадық. Оған сәйкес, шетелге жүк тасымалдаушы рұқсат бланкісін кедендік бақылауға келген жағдайда ғана қолына алады. Осы мақсатта Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлескен бұйрық шығарылды. Яғни жүк тасымалдаушыға шекарадан өту мақсатында кеден аймағына кіріп тиісті құжаттарды рәсімдеу барысында ғана рұқсат бланкі беріледі.
Бұрын-соңды Қытайға тауармен баруға бланкі сұрайтындардың саны 50 мыңнан аспайтын еді. Көлеңкелі нарықта оның құны 3 мың долларға дейін жететінін жоғарыда атап өттік. Осы заңсыз қитұрқы әрекетті кейбіреулер кәдімгі табыс көзіне айналдырып алған. Ол үшін белгілі топтар бірлесе отырып жұмыс істеген. Жаңа жүйе аясында бланкіні нағыз жүк тасымалдаушыға шекарада қолма-қол беру тәсілі оң нәтиже көрсетті. Былтыр Қытай еліне рұқсат құжаты 50 мың данадан 113 мыңға дейін көбейді. Қолға алынған бұл шара шағын және орта кәсіпкерлер үшін де жақсы әрі тең мүмкіндік тудырып отыр.
– Тауар тасымалдаушы қай елге, қанша бос бланкі бар екенін қайдан, қалай біле алады?
– Оның еш қиындығы жоқ. Ең алдымен, әр жүк тасымалдаушы және оның әрбір жүк көлігі комитеттің ресми электронды жүйесінде тіркелуге тиіс. Кейін мекемеге және көлікке жеке-жеке куәлік алып, Халыққа қызмет көрсету орталығындағы электронды кілттің көмегімен арнайы орынға тапсырыс береді. Жүйеде жүк тасымалдаушының іс-әрекеті, қай күнге тапсырыс бергені, қызмет алу нәтижесі қалай болғаны, жалпы рұқсат беру бланкісін алу үдерісі түгел тіркеліп тұрады. Мұның бәрі адами факторсыз автоматты түрде орындалып жатады. Нәтижесінде, жаңа жүйеде «бланкіні көлеңкелі нарықта сату» деген ұғымға мүлде жол берілмейді. Бұған дейін қолдан жасалып жүрген «бланкі тапшылығы» да болмайды.
– Шетелге жүк тасымалдаумен айналысатын азаматтармен бірнеше рет кездесіп, арыз-шағым, тілек-ниеттерін тыңдадыңыздар. Қорытындысында қандай уағдаластыққа қол жетті?
– Иә, бірнеше кездесу өтті. Басым көпшілігімен ортақ шешімге келдік. Егер жаңа жүйе бойынша рұқсат бланкісіне қолы жетіп тұрса, көпшілігі кәсібін дөңгелетумен қатар, көлігін уақтылы жаңартып отыратынын айтып жүр. Негізі, Еуропаға бір барып келу ақысы шамамен 10 мың еуроға дейін бағаланады. Отандық бір кәсіпкер батыс елдеріне барып келсе, қасында бір жүргізушісі мен механигі болады. Орта есеппен топтағы механик, жүргізушінің әрбіріне 1 млн теңгеге дейін жалақы алуға мүмкіндік бар.
– Бұрын рұқсат бланкісі 100 күнге берілсе, енді бұл мерзім 30 күнге дейін қысқартылмақ. Мұндай жағдайда кейбір компаниялар көрші елдерді сағалап кетпей ме?
– 15 жылда елімізге оннан аса шетелден 60-қа жуық бірлескен көлік компаниясы өздерінің 2 мыңға жуық автокөлігімен тіркеліпті. Аталған компаниялар отандық кәсіпорын болып тіркеліп, көліктерін еліміздің аумағында есепке қойып, жаңа жұмыс орнын ашып отырғандықтан оларды экономикамызға қосымша қаржы құйған инвесторлар деп санауға да болады. Алайда отандық жүк тасымалдаушылардың ұсынысымен өткен жылдары құрылтайшысында шетелдік азаматтар бар компанияларға қатысты бірқатар шектеу қойылып келген. Соның салдарынан кейбірі шынымен-ақ біздің елден кетіп, көрші елдерге барыпты. Сондай-ақ жүргізілген сараптама нәтижесінде, отандық тасымалдаушыларға қарағанда шетелден келіп тіркелген компаниялардың салықты әлдеқайда көп төлейтіні анықталды.
Бұған анық көз жеткізу үшін жағдайы бірдей, көліктері тең 30 шетелден келіп тіркелген компания мен 30 отандық тасымалдаушы компанияны тексеріп, салығын есептедік. Бір жылда шетелден келіп тіркелген компаниялар – 12 млрд теңге, ал отандық компаниялар 2 млрд теңгедей салық төлеген. Бұл – Салық комитетінен алынған ашық деректі сараптағанда анықталған дәйек. Демек бұл компанияларға инвестор және отандық кәсіпкер ретінде қарап, транзиттік дәліздердің әлеуетін барынша арттыру кезінде ондағы отандық үлестің артуына қосатын ықпалын ескеруіміз керек. Сонымен бірге, отандық жүргізуші мен механикке де жұмыс табылып, кәсіпкердің тауарын тасымалдаса, бұл да пайда емес пе?
Отандық кейбір жүк тасымалдаушы компания өкілдері жүйе бұрынғы күйінде қалып, шектелген жасанды бәсеке аясында жүкті таси берсек деген ниеттерін де жасыра алмай жүр. Тіпті кейде түрлі амалды қолдана отырып, мемлекеттік органдарға қысым көрсеткісі келеді. Соның салдарынан шындыққа жанаспайтын ақпараттар да тарап кетіп жатады. Біз үшін мемлекеттік мүдде маңызды. Әрбір азамат мемлекетті нығайту ісі бірінші орында нық тұрғанын дұрыс түсінгені абзал.
Жаңа жүйе жақсы жұмыс істеп кетеріне сенімдіміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз. Бұрын рұқсат бланкілерінің жарамдылық мерзімі 100 күн болса, бүгін 30 күнге дейін қысқарды. Себебі жаңа жүйе тәртібі бойынша мекеменің аты берілген бланкіге жазылады. Десек те, тасымалдаушылар көлік нөмірін жазбауды ұсынып жатыр. Оның да өз себебі бар. Өйткені көлік бұзылып, сынып қалса, оны алмастыруға тура келеді. Оны жол бойы тексеріп отыратын мекемелер бар. Осы жағынан қиындық көбейіп кетеді дегенді алға тартады. Осы ретте бұл мәселені де егжей-тегжей зертеп жатырмыз.
Ал енді «неге 30 күн?» деген сауалға жауап берейін. Бұл уақыт аралығы мамандар тарапынан әбден зерделеніп, бірнеше рет пысықталды. Тасымалдаушы бланкі қолына тиген сәттен бастап 30 күннің ішінде тиісті жүгін тиеп алып, ел территориясынан шығып кетуге тиіс. Шекарадан өтіп кеткеннен кейін ол шетелде неше ай жүрсе де, есепке алынбайды. Бірақ шекарадан қайта кірген күннен бастап, есебін алу үшін тағы 30 күннің ішінде жергілікті инспекцияға бланкіні тапсырып үлгеруге тиіс. 30 күнде ел аумағынан шығып кеткенін анық біліп отыру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Бүркіт» жүйесімен интеграция жасап жатырмыз. «Бүркіттен» үш түрлі мәлімет келіп отыратын болады. Атап айтқанда, көлік нөмірі, тасымалдаушы қай күні және қай бекеттен шықты деген ақпарат.
– Іске қосылғалы тұрған жүйе өздеріңіз ойлап тапқан отандық жоба ма, жоқ әлде шетелден алынған тәжірибенің жемісі ме?
– Мұны өзіміз жасап шықтық, сондықтан 100 пайыз отандық жүйе деп айта аламыз. Күнделікті осы қызметте жүрген соң қай жері бұрыс, қай тұсында кемшілік барын аңдап, білесің ғой. Соның бәрін сараптап, саралап, жаңа ережелер жазып, қоғамдық талқылауға шығардық. Сондай-ақ қанатқақты жүйе қорытындысы да өзінің оң нәтижесін берді және оны Қытай тарапы да өте жақсы қабылдап, енді қағаз жүзінде берілетін рұқсатты электронды форматқа ауыстыруға қатысты біздің ұсынысты қызу құптап отыр. Қытай елі әлемдегі ең көп тауар өндіруші мемлекет қой. Олардың экспорттық тауарының бір бөлігі біздің елдегі транзиттік дәліздер арқылы өтеді. Мысалы, 2022 жылы Қытай елінен 1,1 млн тонна жүк еліміз арқылы транзитпен өткен болса, ол 2023 жылы екі есе артып 2,2 млн тоннаны құрады. Егер Қытай елінен басқа елдерге теңіз жолымен кететін жүктің шамамен 5 пайызын автокөлікпен тасуға жағдай жасасақ, олар біздің ел арқылы өтетін болады, соның нәтижесінде транзиттік әлеует көмегімен ел қазынасына орасан мол қаражат түседі.
– Жүйеде адами фактор, әйтпесе мемлекеттік орган қызметкерінің қатысуы қаншалықты тыйылды?
– Рұқсат бланкісін рәсімдеуде адами факторды мүлде алып тастадық. Бұрынғы жүйеде бланкіні мақұлдауда немесе кері қайтару бойынша комитет инспекторлары араласатын. Қазір олай емес. Бәрі автоматтандырылған. Тасымалдаушы жүйеге өзі кіріп, бланкіні Халыққа қызмет көрсету орталығынан алады. Негізі қағаз құжатты басыбайлы жойғымыз келеді, өкінішке қарай, тауар алмасатын көптеген елде жүйені цифрландыру әлі ілгері баспай тұр. Сондықтан қағаз тасымалдағыштан толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен биыл электронды бланкіні көрші Қытай және Өзбекстан елімен бірлесіп енгізу жоспарланып отыр. Толықтай 42 шет мемлекетпен электронды бланкіге көшу – алдымызда тұрған ауқымды міндет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»