Қоғам • 18 Наурыз, 2024

Игі бастамаға – ізгі тілек

266 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жерімізге мәңгілік жаңғыру мен жаңарудың жаршысындай болып Наурыз мерекесі қадам басты. Көктем күшіне еніп, жер көгеретін, ел марқайып, ризығымыз молаятын, достығымыз бен ынтымағымыз нығаятын жыл бастауында айтылар аға буын мен жастың, зиялы қауым мен бас көтерер азаматтардың игі тілегі мол. Жер-ананың бусап, тіршіліктің жаңарып, күн мен түннің теңеліп, өзгеше кейіпке енетін айда айтылған ақ тілектер жақсылықтың бастауындай, игі бастаманың қайнар бұлағындай.

Игі бастамаға – ізгі тілек

Фото: gov.kz

Әбілхакім АҚМЫРЗИН,

Денсаулық саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері:

– Наурызда қыс пен жаз мәмі­ле­ге кел­гендей болып, жердің тоңы жіп­сіп, тіршілік оянып, құрсақтағы дән бүрлене бас­тай­ды. Жыл ба­сы­­­­ның осы тір­шіліктің оянуымен орайлас келуі жаратылыстың заң­­ды­­­лы­ғы да сияқты. Оны ата-ба­ба­­­ла­­рымыз ерте заманнан-ақ жұл­­­дыз­ға қарап жобалап, күн мен түн­нің теңелуіне қарап тұс­пал­да­ған. Аузым аққа тиді деп адам қуа­на­тын, тісім көкке тиді деп мал-жан жұбанатын ұлыс күні – түлеп жа­­ңа­р­ған та­би­­ғат­тың, жаңғырып жа­сарған жа­ра­­тылыстың жылуы, жа­рығы мо­лай­ған бүкіл дүниенің мей­рамы.

Наурыз мейрамы енді Мем­ле­­­кет басшысының тапсырмасы­мен дайындалған арнайы тұ­жы­рым­­дама бойынша аталып өтетін бол­­ды. Соның аясында бағзы заманнан бергі таби­ғатпен үндес ба­­йырғы игі салт-дәстүрлеріміз, ізгі әдет-ғұрыптарымыз жаңғырып жа­тыр.

Наурыз – бүкілхалықтық ме­реке, біздің жерімізде еңбек етіп жатқан баршаның ортақ ме­ре­ке­сі. Біз бұл күндері Жер-ананы аялау, табиғатты қастерлеу жө­нін­­­дегі парызымызды орындап, еселеп еңбек етуге, көңі­лі­мізде мейірбандық пен бауыр­мал­дық, кішіпейілділік пен қа­йы­­рым­ды­лық сезімін ұялатуға тиіспіз.

«Ұлыстың ұлы күні қазан толса, ақ мол болады. Ұлы кісіден ба­­та­ ал­саң, олжалы жол болады» де­мек­ші, мейірбан халқымызға, әрбір отбасына құт-береке әкел­сін! Ақ сақалды аталардың, ақ жау­лық­ты аналардың тілегі бар­ша­ның көкі­регіне нұр болып құ­йылсын! Күн тәңір, нұрыңмен аяла, Жер тәңір, ырысыңды аяма!

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы-драматург, халық­ара­лық «Алаш» әдеби сый­лы­ғы­ның иегері:

– Қанша жерден ресми күн­тіз­бені негізге алып, жаңа жылды әлемнен қалмай қаңтарда қарсы алғанымызбен, өзіміздің төл Наурызды бәрібір бірінші орынға қоямыз. Өйткені Наурыздың нағыз жыл басы екенін ата-бабаларымыз, шығыс халықтары бағзы заманнан-ақ білген.

Наурыз – Жер-ананың бусап, тіршіліктің жаңарып, күн мен түннің теңеліп, өзгеше кейіпке енетін айы. Күллі түркі ұлысына ортақ Ұлыстың ұлы күні әз Нау­рыз мерекесі де – қазақ халқы үшін ерекше мейрам. Ұлттың ұлы салт-дәстүріне негізделген айтулы мерекенің көпшілікке берер тәлімі мен тағылымы да мол. Бұл күні қыстан аман шыққан халық бір-бірімен көрісіп, хал сұрасып, келер күндерден жақсы үміт күтеді, бір-біріне игі тілегін арнайды. Бұл да – халқымыздың ғасыр­лар бойы жасап келе жатқан еже­лгі дәстүрі, келер ұрпаққа көр­сеткен жақсы өнегесі.

Бүгінде елімізде Наурыз мере­ке­сі жаңаша атап өтіліп жатыр. Оның ішінде Жамбыл облысында да Ұлыстың ұлы күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүр. Көктем шығып, Наурыз айы туа салысымен өңірде көгалдандыру жұмыстары қарқын алады.

Жалпы, бұл жыл басынан бар­лық ізгі ниетті адамдар сияқты мен де жақсылық күтемін. Соны тілеймін. Қай заманда да жақсы­лық­тың ең төресі – бейбітшілік. Тыныштық болса, тоқшылық болады. Сонау 1986 жылы басталған тарихи сілкіністен өзінің кісілік қасиеті арқасында қантөгіске ұрын­бай, «сұлу торы аттай» болып әдемі шыққан Қазақ елі Ұлу жылы да ұлтқа қызмет қылар ұлы істерін, Тәуелсіздігін одан әрі нығайта түспек. Әділетті Қазақ­стан идеясын темірқазық етіп, алға қарай нық басады деп сенемін.

Төл мерекеміз құтты болсын! Қазаққа Жаратушы ие қашанда жар болсын!

 

Дәулет МҰҚАЕВ,

Мәжіліс депутаты:

– Жастар – қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте ма­ңыз­ды рөл атқарады. Сон­дықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бүгіні мен бола­шағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды.

Қазір шетел асып, оқу бітірген жас мамандар қатары да жыл санап билік тармақтарын толықтырып жатыр. Осылайша, елде сапалы, білікті кадр жасақ­талып келеді. Десек те елімізде жастардың әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы түбе­гейлі шешімін тапты деу қиын. Республика бойынша 35-ке­ дейінгі отандастарымыздың бас­панасыз жүруі, мегаполистер­ден бөлек, қала мен шалғай­дағы елді мекендердегі азамат­тар­­дың екі қолға бір күрек тап­пай сенделуі, одан қалды білім дең­гейі мен денсаулығы, мем­ле­кет­тік бағдарламалар туралы хабар­­дар­лы­ғының төмендігі – әлі де өзек­ті күйінде қалып отырған түйткіл.

Президент жыл сайынғы дәс­түрлі Жолдауларында осы жас­тар саясатын жетілдіру бо­йын­ша іргелі тапсырмалар жүк­теп жүр­гені белгілі. Таяудағы үшінші ша­қырылған Ұлттық құ­рылтайда да Мемлекет басшысы: «Көп ұзамай мемлекетті бас­қару ісі, яғни ел тіз­гіні бүгінгі жас­тардың қолына өте­ді. Сіздер осы жауапкершілікті қа­зірден бас­тап сезінулеріңіз қажет. Өзде­рі­ңізге жүктелетін тарихи мис­сия­ны орындауға қашанда дайын болу­ла­рыңыз керек», деп қадап айтты. Демек біз болашағы жарқын, қуат­ты мемлекет құру үшін өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз керек. Жаңа жыл бастауы Наурыз қарсаңында жүктелген міндет сапалы орындалып, көздеген межеге жетеміз деп ойлаймын. Елді көркейтіп, мемлекеттің орнықты дамуына сеп боламын деген ұрпақ жалыны өшпесін.

Биыл ерекше жағдайда аталып өтіп жатқан Наурыз – ең алдымен, ең­бек мейрамы, халықтың тойы. Жыл басы жанымызды жадырат­сын, жүрегімізге шаттық сыйла­сын!