Қоғам • 19 Наурыз, 2024

Көпбалалы отбасылар 39 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды

76 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 574,5 мың отбасы қамтылды. Дәлірек айтқанда, оларға жалпы сомасы 77,1 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Көпбалалы отбасылар 39 млрд теңгеден астам жәрдемақы алды

Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Оның ішінде ақпан айында 577,3 мың отбасыға 39 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Айта кетсек, бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Биыл:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артты.

Ведомство ұсынған ресми ақпаратқа сәйкес, биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге бөлінген.