- 19 сәуірде Алматыда аралас жекпе-жектен OCTAGON 57 турнирі өтеді. Оған еліміздің және бірқатар шет мемлекеттен келген спортшылар қатысады. Кештің басты бәсекесінде Сүндет Айтқұл (7-1) мен Хайтао Ти (14-5) күш сынасады. Қандасымыз үшін бұл айқастың оңайға соқпайтыны анық. Өйткені Қытай файтері өте қарулы. Ол өзінің 14 жеңісінің барлығында қарсыласын есінен тандырды. Сондай-ақ Дамир Төленов пен Цю Лунның бәсекесі көрермендер көңілінен шығады деген ойдамыз.
- 2024 жылдың 10-15 қыркүйек аралығында өтетін теннистен Дэвис кубогінің топтық турнирін қабылдайтын қалалар анықталды. Бұл бәсекелердің шымылдығы Италияның Болонья, Ұлыбританияның Манчестер, Испанияның Валенсия және Қытайдың Чжухай шаһарларында түріледі. Ал аталған жарыстың жеребе тарту рәсімі 19 наурызда өтеді.
- Қазақтың танымал жекпе-жек шебері Олжас Есқараев Бахрейннің BRAVE CF промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды. Азия бойынша үздіктердің бірі саналатын ұйымда өнер көрсету үшін әр спортшы үшін үлкен мәртебе. Мәселен, кезінде BRAVE CF-да күш сынасқан Асу Алмабаев бұл күндері UFC-де табысты өнер көрсетуде.
- Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов Түркия чемпионатында өнер көрсететін бұрынғы посткеңестік елдер арасындағы ең құнды ойыншы болып танылды. Transfermarkt порталының мәліметінше, жерлесіміздің трансферлік құны 6 миллион еуроны құрайды. Екінші және үшінші орындарда – «Кайсериспордың» жартылай қорғаушысы, өзбекстандық Отабек Шүкіров (2,5 млн) пен «Хатайспордың» шабуылшысы, әзербайжандық Ренат Дадашов (2 млн). Ал Түркия суперлигасында «Адана Демирспордың» намысын қорғап жүрген Қазақстанның тағы танымал бір аяқдоп шебері Абат Айымбетов 800 мың еуроға бағаланды.