Батыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов әскерге шақыру пункттерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастағанын хабарлады.
Қолданыстағы заңға сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негізі жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары мерзiмдi әскери қызметін өтеуге міндетті. Облыста 30 маусымға дейін Қарулы күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік қызмет қатарына 600-ден астам жас шақырылмақ.
– Қорғаныс министрлігі жас жігіттердің әскери қызметін өткеруге ынталандыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеп, жүзеге асырып жатыр. Мысалы, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде несиелік каникул беру, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген соң ҰБТ-ға қатыспай жоғарғы оқу орындарына түсу сияқты жеңілдіктер қарастырылған, – дейді Альберт Маркистұлы.
Бұған қоса жыл аяғына дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес еліміздің түрлі әскери құрылымдарына 700 лейтенант келуге тиіс. «Сондықтан кейінге қалдыруға негізі жоқ 29 жасқа дейінгі запастағы әскерилер, 32 жасқа дейінгі медицина мамандығы бар запастағы офицерлер де әскерге шақырылады», дейді подполковник А.Бекмұханов.
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесіп жатқан шекаралық өңір. Сондықтан жастар арасында шекара қызметі де жақсы танымал. ҰҚК Шекара қызметі БҚО департаменті басшысының орынбасары, подполковник Мереке Аймағанбетовтің айтуынша, былтыр өңірден 115 сарбаз шекара қызметін таңдаған.
– Біздің облыстан шекара қызметіне шақырылған жас сарбаздар әуелі Алматы қаласында және Алматы облысында шекара басқармаларында 2 ай оқып, Атырау мен Маңғыстау облыстарында әскери қызметін өтейтін болады. Орта, арнайы және жоғары білімі бар сарбаздар 6 айдан кейін келісім шарт бойынша тұрақты жұмысқа орналаса алады. Ол үшін арнайы тексерістен және әскери медициналық тексерістен өтуі керек. Былтыр біздің шекара қызметіне шақырылған 115 азаматтың 35-і келісімшарт арқылы жұмысқа орналасты. Оларға ай сайын 46 098 теңге тұрғын үй төлемақысы, 240 мың теңгеден жоғары айлық жалақы төленеді. Тегін киім және тамақпен қамтамасыз етіледі, – дейді М.Аймағанбетов.
Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары әскер қатарына шақырылған оралдық жастардың денсаулығында оң өзгеріс бар екен. «Бұрын жастарда жүрек, құлақ, көз аурулары, хирургиялық сырқаттар жиі тіркелетін. 2023 жылғы әскери медициналық комиссиялар нәтижесі 2021-2022 жылдарға қарағанда әскер қатарына денсаулығы жарамай қалған жастардың саны азайғанын көрсетті», дейді А.Бекмұханов.
Әрине, елді, жерді қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екені сөзсіз. Осынау әскери қызметтің абыройын асырып, жастар арасында насихаттау ісіне Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімі де барынша үлес қосып отыр. Бүгінде еліміздің әр аумағынан келген 400-ге жуық азамат Ұлттық ұланға қарасты 5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын орындап, үлкен өмір мектебінен өтіп жатыр.
– Жастардың бойында патриоттық сезімді ояту мақсатында біздің әскери құрылымдар аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы көптеген іс-шара өткізіп жүр. Әскери бөлімдердегі ашық есік күндері, мектеп оқушыларына арналған үгіт-насихат жұмыстары, басқа да іс-шаралар осының айғағы, – дейді «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы Баспасөз қызметінің офицер тілшісі, лейтенант Бақдәулет Манарбек.
Мысалы, жақында 5517 әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімше қызметкерлері №19 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, Ұлттық ұлан академиясына оқуға шақырды. Кездесуде әскери қызметтің қыр-сыры, Отан қорғау жолында абыройға бөленген аға ұрпақтың өнегелі істері айтылды.
Ал Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде өткен «Ашық есік күні» атты іс-шараға Орал қаласындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары қызыға келді. Олар бөлімдегі әскери техникамен, қару-жарақ түрлерімен танысты. Мұндай жиындар өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық сезімін күшейтіп, жастар арасында Ұлттық ұланның имиджін көтерері сөзсіз дейді ұйымдастырушылар.
Батыс Қазақстан облысы