Айтыс • 20 Наурыз, 2024

Дәстүрге айналған жыр жәрмеңкесі

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күні Арқаның жас айтыскер ақындары С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрын дүбірге бөледі. «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық жас ақындар айтысында өрен жүйріктер ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Қарағанды қаласының 90 жылдығын жырларына қосты.

Дәстүрге айналған жыр жәрмеңкесі

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жас жүйріктер үдеден шыға алып, үмітті ақтады деуге болады. Ғұламаның ғиб­ратты ғұмыры мен шежірелі ша­һардың тарлан тарихын кәделі жырларымен паш етіп, аяқ ­алысын байқатты.

Бұл – дәстүрге айналған жыр додасы. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасы жан-жақты қол­дау білдіріп, облыстық мәде­ни-са­уық және халық шығарма­­шы­лы­ғының ғылыми-әдістеме­лік орта­лығы мен «Арқа» айтыс ақын­дары мен жыршы-тер­­ме­шілер мектебі бірлесе ұйым­дастырды.

Айтыстың ресми салтанатын ашып берген облыс әкімі­нің орынбасары Ерлан Құсайын көпшілікті Ұлыс күні­мен құт­тықтады.

– Кезіндегі кеңес заманын­да біраз дүниемізден қол үздік. Уағында еркімізді алса да, ең­семіз түскен жоқ. Еншіміз­ді алса да, Егемендігімізді жо­ғалт­қан жоқпыз. Өшкеніміз қай­та жанып, өлгеніміз қай­та тірілді. Сондай асыл қазы­на­мыз­дың бірі – осы айтыс өнері. Құндылықтарымыз­бен қай­та қауыштық. Өзбек­әлі Жәнібековтей арыс аза­ма­тымыздың қайраткер­лігі­нің арқасында Наурыз өз дең­гейінде тойлана бастады. Енді Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған терең мағына үстеді. Биыл әз Наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыстың жақындайтын, араздың татуласатын ерек күн­дері бұл. Жалпыхалықтық сипатқа ие болып жатқан тағы­лымы терең, дәстүрі дестелі Ұлт мерекесі баянды болсын! Ақындар алқынбасын! – деді Ерлан Бейсенбайұлы.

Жыр жәрмеңкесіне сонау Түркиядан руханияттың үл­кен жүректі жанашыры, Қазақ­стан өнеріне еңбек сіңір­ген қай­раткер, Қарағанды облы­сы­ның Құрметті азаматы, профессор Дүйсен Қасейінов келіп, жас дүлдүлдердің өнерін тамашалап, оң бағалады.

Айтысқа ендігі елге кеңінен танылып үлгерген Арқаның әр тарабынан келген айтыскерлер қатысты. Нұрмұхаммед Байсүгіров, Мұхтар Әділов, Дос­кей Ботбай, Еркеғали Бекбо­лат, Нұрсұлтан Ырымбай, Думан Саматұлы, Төрехан Сәбет, Нұрлыбек Төкен, Ерға­ли Әлихан, Жанарыс Тілеу­бек, Бекарыс Оспанов, Қай­рат Рысмағанбет, Сырым Нығыз­бай, Жандос Бақытұлы сахнаға жеребе арқылы шығып, сөз сайыс­тырды.

Ал жас өрендердің өне­ріне ақын, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Қойлыбай Асан, қазақ ән өне­рінің Әміресі атанған, «Құрмет» орденінің иегері Сер­жан Мұса­йын, ғалым-ұстаз Саржан Такиров, көрнекті публицист, облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек, ақтангер ақын, жыршы-жырау Дидар Қамиев баға берді.

Жас дүлдүлдердің дүбірі ұзаққа созылды. Олар ел ішін­­дегі келеңсіз дүниелерді тамыр­­шыдай тап басып айтты. Тай­салмады да, тосыл­мады да. Сөзден де іркілмеді. Әлем­ге аты тараған ғалым Қа­ныш есі­мін лайықты ұлық­тай алды.

Таланттардың тағылымды тіркестеріне көрермен көркем көңіл күймен қошемет соғып, қиқу қосып отырды. Мұны се­зінген жас шайырлар аузымен құс тістеп, от бүркіді.

– «Айтыс – сөз барымтасы» деп заңғар Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, сөз сайысында аталған шайырлар­дың бәрі де тыңнан тіркес, өрнек­ті сөз тастады дей аламыз ор­таға. Ақындар елдік өзекті дү­ниелерді өзінше тәпсірледі деген сенімдемін, – дейді айтыс тізгіншісі, әдебиетші ғалым, «Арқа» ақындар мен жыршы-жыраулар мектебінің басшысы Айтбай Жұмағұл.

Ақтық сынға қатарлас­тары­нан оқ бойы озық кө­рінген төрт ақын топ жарып шықты. Үшінші орынды Жандос Бақытұлы мен Нұрсұлтан Ырымбай, екінші орынды Сырым Бейсембек пен Нұрмұхамбет Байсүгіров қанжығалап, бірінші орын тұ­ғырынан Думан Сымбат көрінді. Ал айтыстың қос айна­лымында да шашасына шаң жұқтырмаған жас дарын Еркеғали Бекболат жүлде қоры 500 мың теңгені құраған бас бәйгені еншіледі.

 

Қарағанды облысы