Қоғам • 20 Наурыз, 2024

Ішкі істер министрі Бишімбаевтың изоляторда кімдермен отырғанын айтты

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың изолятордағы жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ішкі істер министрі Бишімбаевтың изоляторда кімдермен отырғанын айтты

Фото: КазТАГ

Журналистер Ержан Саденовтен «экс-министр Қуандық Бишімбаевтың тергеу изоляторындағы жағдайы басқа сотталушылармен бірдей ме?» деп сұрады. Өз кезегінде министр барлығы заң алдында бірдей екенін айтты.

«Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Сол себепті ол изоляторда. Барлығы заң алдында бірдей. Ешкімде ерекше жағдай жоқ, барлығы заңға сәйкес отыр. Бізде қамаудағы камералық түрі бар. Ол бәрімен бірге, яғни камераластарымен бірге отыр», деп жауап берді министр.

Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, 5-тармақ (кісі өлтіру, басқа адамға қасақана өлім жасау, ерекше қатыгездікпен), сондай-ақ 110-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы (жүйелі түрде ұрып-соғу жолымен немесе өзге де зорлық-зомбылықпен физикалық және психикалық азап шектіру) бойынша айып тағылған.