Қазақы дәстүр-ғұрыпты бойына сіңіріп алған Натальяны Теміртау қаласының жұртшылығы жақсы таниды. Наташа алғашқыда қаладағы «Бидай-Нан» кәсіпорны дүкендерінде сатушы болып, 2005 жылы жеке кәсіпкерлікке ден қойды. Оған дейін Қытай мен екі ортада сан қатынап, тауар тасыды. Қазақ тілін еркін білгені кәдеге жарап, Астанадағы Л.Гумилев атындағы университеттің экономика факультетін де сырттай оқып бітірді. Білімі мен тәжірибесі толысқан ол ұлттық үлгідегі төсек-орын жабдықтарын тігетін цех ашып, бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Наташа үшін Наурыз мейрамының орны ерекше. Асыға күтеді. Неге десеңіз, былтыр «Даму» бағдарламасымен алған несиесіне «Арна» дүкенін ашты. Дүкеннің ашылуын да Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырған көрінеді. Көпқабатты үйдің бірінші қабатын тұтас алып жатқан бұл сауда нүктесінде 25 адам нәпақасын тауып отыр. Тіл білмегендерді тұтынушылармен қазақша сөйлесуге өзі үйретіп жүр.
«Былтыр көп жылдан бері армандаған «Арна» атты дүкенімізді Наурыз мерекесіне орай аштық. Есік алдына үстелдер қойып, қала жұртшылығына ыстық палау мен шай, тәтті-дәмділерді тегін ұсындық. Берекелі ас – наурызкөжені де тараттық. Жалпы, өзім ырымшылмын. Былтырғы Наурыз осындай жақсылығымен, берекесімен келді. Биыл да отбасымызбен, қызметкерлерімізбен жақсылап атап өтеміз. Өйткені бұл мерекенің берекесі мол. Жылды молшылықпен бастасаң, әрі қарай да әр күнің тоқ болады деген ішкі түйсігімде ой бар», дейді кәсіпкер келіншек.
Наташа үнемі қайырымдылық акцияларына қатысады. Жомарттығымен үлгі. Мысалы, жылда «Мектепке жол» акциясына атсалысып, қаладағы Қарттар үйі мен Дағдарыс орталығынан қолдан келген көмегін аямайды. Оған қоса былтыр қыста суықтан тоңған теміртаулық 60 отбасыға жылы киім таратып бергені бар. Тіпті бір кездері өзімен бірге сатушы болып істеген орыстың жетім қызы Кристинаны жолдасы Нұрлыбек екеуі той жасап, қолдан ұзатқанын да адамгершіліктің үлкен үлгісіне жатқызуға болады.
Қазақтың салт-дәстүріне жетік Натальяны теміртаулықтар құрметтеп, сәбилерін қырқынан шығартып, бесікке салғызып, тұсауын кестіреді екен. Былтыр орыс жігітіне тұрмысқа шыққан құрбысы Гүлжанаттың сәбиі Давидке де осындай жоралғы жасаған. Осы уақытқа дейін 24 ұл баланы қырқынан шығарыпты. Қырқынан шығарудың жөн-жоралғысын кейбір замандастарының әлі білмейтініне қынжылатынын да айтып қалды.
Жолдасы Нұрлыбек екеуінің Лаура мен Жангелді есімді ұл-қызы бар. Туғанынан бесікке бөлеп өсірген. «Бесікке бөлеу – нағыз тазалық қой. Шүкір, одан балаларым кем болған жоқ», дейді кейіпкеріміздің өзі. Рас, екі баласы да жоғары білімді, IT саласының білікті мамандары. Қыздары Лаура Астана қаласындағы осындай кәсіпорынның бас директоры болса, Жангелді IT университетінің магистратурасында оқиды. Ал отағасы Нұрлыбек «Алаутрансгаздың» апаттан құтқару қызметінде жұмыс істеп, қазір қалаға газ тарту мәселелерімен шұғылданып жүр. Бұл шаруаға еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе өздерінің туған жері Ақтөбеден тәжірибелі мамандар ағылып келіп жатыр. Оларға қонақжай Арыстановтардың есігі қашанда ашық. Алыстан ат арытқан меймандар Натальяның өзі айналдырып, тұздаған қазы-қартасын сүйсіне жеп, қаймақ қатқан күрең шайын қанып ішіп, өз үйлеріне жүргендей болады. Әрине, мұның бәрі қазақтың келісті келіні болған Наташаның кең пейілінен.
Жолдасы Нұрлыбек жас келінді Ақтөбедегі Шалқарға алып барғанда ата-енесі Орынбасар мен Алдан жатырқамай, жатсынбай бауырына басып, ақ орамалын тағып, дүрілдетіп той жасап береді. Содан ауылда тұрып, ененің мектебінен өтеді. «Қазір енемнің ең сүйікті келінімін», деп марқаяды өзі. Атасының атын айтуға келгенде қысылып, әрең дегенде барып, «заместительдің аудармасы ғой» дегенде біз «үлкенді сыйлаған ізетіңіз қандай» деп таңырқап қалдық.
Наташаның биылғы Наурыз мерекесіне дайындығы қызу. Үлкен дастарқан жайып, ұлттық киім киіп үйінде, дүкені мен тігін цехында да атап өтеді. Наурызкөжені өзі үйінен дайындайды. Мұны да енесінен үйренген. Жұмысындағылар Наташаның әзірлеген бауырсағын, көжесін сүйсініп жеп алады. Қазір кәсіпкер келіншек мерекедегі дастарқанның қамымен жүгіріп жүр.
Қарағанды облысы