Қоғам • 22 Наурыз, 2024

Қайырымдылық қайнары

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертеде қыстан дін-аман шыққан ел-жұрт, көрші-қолаң Наурызда бас қосып, амандық, саулық сұрасатын. Көктемнің шапағатын сезіні­п, қуаны­сып қауышатын көпшіл қауым­ның арасында араз­дас­қандар ұшыраса қалса табысатын.

Қайырымдылық қайнары

Наурыздың мән-мазмұны – аста-төк дастарқан жайып, асыр салу емес. Сүрінгенге демеу болып, тарыққан жандарға көмек қолын созу – атадан дарыған қасиет. Қазір де қыс құрсауынан шыққан мезгіл, жыл басы қайырымдылық іс-шараларымен жалғасатын жақсы дәстүр қалыптасты.

Мерекеге орай елордада 200-ге жуық іс-шара өтеді деп алдын ала жоспарланды. 15 наурызда қалада қайырымдылық күні өз деңгейінде тойланып, Алматы ауданының коммуналдық қызметкерлері ыстық шай-бауырсақ, наурызкөжеден дәм татып, шат-шадыман болысқан. Сол секілді «Жанашыр» қарттар үйінде, №2 көпшілік кітапханада, Қуыршақ театрында, «Жастар» театрында мазмұнды жиын өтіп, қайрымдылық күні Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Наурыз айы туғанда» концертімен түйінделген. Осы күні шаһарда мыңға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік себеті тапсырылған. Қайырымдылықтан «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері де қалыс қалмай, белсенді жастар тұрғындарға бауырсақ пен түрлі тәттілер таратқан. Мерекеде Нұра ауданының бастамасымен елордада «Армандар шаңырағы» әлеуметтік акциясы өтті. Акцияда елордалық меценаттар, кәсіпкерлер Нұра ауданындағы 70 баланың арманын орындап, оларға сыйлық үлестірді.

Наурызнама онкүндігінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 20 мың оқушыға демалыс орындарына жолдама беріп, балаларды қуантып тастады. Мұндай мүмкіндікке елдегі барлық ауыл мектебінің (6 мыңға жуық ауыл мектебі) оқушылары ілігіпті. Қор осы ізгі бастаманы абыройлы орындау үшін 2 млрд теңгеге шамалас қаржы жұмсаған. Сонымен қатар балалар елдегі ең жақсы деген демалыс орындарына екі аптаға саяхаттайды.

Балалар үйіндегі балғындарды қуантуға барып, қайырымдылық жасағандар көп. Ал жастар жағы қарттар үйіндегі немесе жалғыз өзі тұратын қарияларға жәрдемдесіп, батасын алды. Көпті көрген, көпті түйген қарияларға барып, тағылымға толы оқиғаларын тыңдауға жастар да құлшынады. Мұның барлығы – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жасалған игі істердің бір бөлігі ғана. Қалталы азаматтар мен қарапайым тұрғындардың былайғы күндері жасап жатқан қайырымдылық көмектерін тізбектеп шығу мүмкін емес. Қалай дегенде де Наурыз тойынан басталған іс-шаралардың легі жыл соңына дейін жалғасатынына еш күмән жоқ.