Қызылжар аспанын әуелеткен аламан айтысты жергілікті ақын Жұмабек Рахимов пен оралдық Бауыржан Ширмединұлы бастады. Екі ақынның да өнері, кәсіби шеберлігі деңгейлес, шымшымаларының сыры терең екен. Жұмабек батыстағы кейбір кінәмшіл біреулердің солтүстіктен шыққан тұлғаларды жоққа шығарғысы келетінін сынаса, Бауыржан Қызылжар өңіріндегі газет атауларының екеуі ғана қазақша екенін түйреп өтті. Басында бір-біріне қатты келген екі ақын сөздерінің аяғында ымыраласып, сөз соңын жақсы лебіз білдірумен аяқтады. Бауыржан Жұмабектің әскери қызметкер, шекарашы екеніне тәнті болып, «Мен үшін Қызылжардың әр баласы, Шекараны қорғап тұрған бағанасы», деп қызылжарлықтардың рухын асқақтата түсті.
Екінші жұпта қарағандылық Мақсат Ақанов пен семейлік Ақбота Манарбекқызы шықты. «Көктемі кеш келетін Қызылжарға Шығыстың келіп тұрмын күнін алып» деген сияқты әдемі тіркестерді айтқанымен, Мақсат Ақботаның адымын аштырмады. Терең мағыналы сөздермен сүйкей шаншып, неше түрлі әзілдерді үйіп салды. Соның өзін ойнақы, емін-еркін, еш кідірмей аққан судай тасытқаны көрерменді тәнті етті. Өзі дәулескер домбырашы, күміс көмей әнші де екен. Сөз ретімен Ақботаның Біржанның бір әнін айтпайсыз ба дегенін іліп алып, «Теміртасты» сөздерін өзгерте отырып аңыратып берді. Айта кететін жайт, әр жұп ақынға биыл мерейтойы аталатын тұлғалар туралы айту да міндеттеліп отырған. Мақсат пен Ақботаға жүктелгені 190 жылдығы аталып отырған Біржан сал екен, «Теміртас» әнінің шырқалатын себебі де сол.
Үшінші жұп қатарында сахнаға жастары қарайлас алматылық Қазырет Бердіхан мен көкшетаулық Ерлан Дәулет көтерілді. Екі замандастың айтысы қарқынды басталып, біраз мәселенің басын шалды. Алайда сөзге ұтқырлық жағынан алматылық ақынның адымы аршынды көрінді.
Ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен қызылжарлық Қабдолла Бейісханның айтысы да шешендігімен, шеберлігімен есте қалды. Қабдолланың пәтері жоқтығын еске салған Нұрбол: «Атасы, басқа жұртқа жәутеңдетпе, Атажұртты аңсап келген жас балаңды» деп Моңғолиядан оралған қандасымызға қамқорлық керектігін жергілікті билікке жол-жөнекей құлаққағыс жасады.
Шымкенттік Нұрлан Есенқұл мен алматылық Айым Асылбекқызының айтысы да әсем әнімен, ойнақылығымен, көрерменді баурап алған әртістік өнерімен ерекшеленді.
Осы айтыстың шарықтау шегі болған дода қызылжарлық Жарқын Жұпархан мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның ортасында өтті. Айтыстың негізгі ұйымдастырушысы әрі Қызылжар өңірінде оның жаңғыруына есепсіз еңбек сіңіріп жүрген Жарқынды жерлестері жақсы көреді. Сондықтан Жарқын шыққанда жанкүйерлері ерекше қолдау көрсетіп отырды. Жарқынның өзі де тереңнен сөз қозғап, Қызылжардың кешегісі мен бүгінгісін салыстырып, рухымыздың қысылған заманын да шалып, бүгінгі жарқын күндерін мақтап, өзін де «Құлагердей озамын шапқан жерден» деген сияқты тіркестермен ақынға тән өрлік танытты. Алайда Мейірбектің шеберлігі жоғарылау екен. Ол Жарқынның ойларына, айтқан сөздеріне орайлы жауаптар тауып, мақтап отырса да мақтамен бауыздағандай қылды. Әсіресе Қызылжардың оңалмай тұрған ономастикалық мәселелерін орайын тауып сынап өтті. Қазылар оның өнеріне әділ бағасын берді, жеңіс Мейірбектің еншісіне жазылды.
Соңғы жұпта ұлытаулық Төлеген Жаманов пен астаналық Иран-Ғайып Күзембаев шықты. Бұл айтыс та барынша тартысты өтті. Айтыстан 3-4 жыл қол үзіп кеткен Иран-Ғайып әлі де бабында екен. Өзіне тап-тап берген Төлегеннің шабуылдарына орынды жауап беріп, ұтымды сөздер таба білді. Мысалы, «Көршіміз «Иран емес, өзіміздің Иван ғой деп, Байқамай соғысына ап кетпесін» дегенге қазақтың ежелден сары болғанын, Махамбеттің де «қара қазан, сары бала үшін» қылыш сермегенін айта келіп, қарсыласының өзіне тиісіп, «сары бидайдың қасында сабан құсап қалма» деген сияқты ұтымды жауап айтты.
Финалға үш жұп шықты, соның ішінде Мақсат Ақанов пен Айым Асылбекқызының айтысы бірінші болды. Қай күнгідей ойнақылығымен, көркем тапқырлығымен «Сегіз серінің ауылында Сегіз қызбен айтыссам да жеңем» деп еркін отырып, қыздың тым алысқа ұзатылып, анасына қиын болғанын әзіл қылған Мақсатты Айым «Өзіңізде де бес қыз бар ғой, соларды ұзатқанда сезінерсіз» деген бірауыз сөзімен сүріндіріп кетті. Сөйтсе, Мақсаттың алқынған ақын жүрегі тым нәзік, қыздарын тым жақсы көреді екен, «қыздарымды басқаға бере алмаймын» деп сар желіп отырған басы текіректеді де қалды. Осыдан әрі біраз уақыт ол өз-өзіне келе алмады, бірақ шын жүйрік емес пе, қайтадан сара жолға түсті.
Қазылар алқасының төрағасы айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерман болды. Қатарында Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайытов сияқты елге белгілі ақындар, журналистерден Ерлан Тоқшылық пен осы жолдардың авторы болды. Жеті сағатқа созылған айтысты атақты ақын Аманжол Әлтай тамаша жүргізді. Айтысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, Жүрсін Ерман тұсауын кесіп бергеннен бастап микрофонды қолынан түсірген жоқ.
Сонымен Қызылжардағы аламанның бас бәйгесін (2 млн теңге) Мейірбек Сұлтанхан, бірінші орынды (1 млн теңге) ұлытаулық Төлеген Жаманов, екі екінші орынды (600 мың теңгеден) қарағандылық Мақсат Ақанов пен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев, төрт үшінші орынды (400 мың теңгеден) алматылықтар Қазірет Бердіхан, Айым Асылбекқызы, астаналық Иран-Ғайып Күзенбаев және қызылжарлық Жарқын Жұпархан алды. Қатысқан ақындардың бәріне 300 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етілді.