Қоғам • 22 Наурыз, 2024

«Адамнан ауыл көшпейді...»

4414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесі – ағайынды ғана емес, қалың жұртты ынтымаққа ша­қыратын керемет мейрам. Осындайда есіме ауы­л­дағы неміс көршіл­ердің қазақы дәс­түрмен жая­­­тын дастарқаны түседі. Ке­­зін­де да­ламызға қоныс аударған жүз­деген эт­ностың ішінде неміс жұр­тының қазақ халқына деген ықы­ласы ыстық, махаббаты маз­мұнды көрінеді.

«Адамнан ауыл көшпейді...»

Кеңес өкіметі кезінде қазақ жерінде неміс этносының өкілдері көп еді. Кеңес одағы ыдыраған жылдары біразы атажұртына оралыпты. Сөйтсем Германияда да «қазақ» деп соққан жүректер лүпілдеп тұрады екен... Оны біз елімізге жолданған толассыз сағынышты хаттардан көріп, біліп жүрміз.  Қазақ дәстүрін құрметтеп, Наурыз  мерекесін тойлайтын неміс отбасыларын естігенде, көңіліміз көкке көтеріледі. Сондай отбасылардың бірі – Дельбрюк әулеті.

Олар Қостанай облысы Түйемойнақ ауылында туып-өскен. Қазір Кельн қаласында тұрады. Атажұртына көшкеніне 21 жылдан асса да, қазақтың әдет-ғұрпына адал. Домбырамен ән айтады, соғым соя­ды. Айтуларынша, Германияда жылқы етін табу өте қиын. Алайда қазақтың қазысынан кейін немістің котлетіне кейіпкерлеріміздің тәбеті тарта қоймаған секілді. Ал отағасы Карл ақсақал кәдімгі тобылғы сапты, бұзау тіс қамшы өреді. «Ауылда тудық, өстік. Ақсақалдардың шапанының шалғайында жүріп өнер үйрендік. Соның бірі осы – қамшы өру. Ескі жиһаздарды бұзып, былғарысын қамшыға пайдаланамын. Бабадан келе жатқан мұра болған соң, өзіме қатты ыстық. Әрбір қамшымдағы ою-өрнек, нақыш бедерлер қазақтың даласындағы барақатты кездерімді еске түсіреді», дейді ол. Майқы бидің аузынан түскендей мақалдатып сөйлейтін Карл ақсақал қазір 12 немере, 7 шөбере тәрбиелеп отыр. Балаларының дені қазақша сөйлейді. Бұған қоса, неміс әулеті дастарқанға бата жасап, аруақтарға құран бағыштайды.

–  Қазақстанға соңғы рет 2018 жылы бардық. Панде­мияның кесірінен кейін баруға жолымыз түспеді. Ел десе жүрегіміз атқақтап тұрады. Мұнда да қазақы дәстүрімізді ұмытпай бейсенбі сайын шелпек пісіріп, мерекеде наурызкөже қайнатамыз. Немерелер дән риза. Мұнда жалғыз емеспіз. Қазақстаннан бірге көшіп келген ағайын-туыстарымыз да алыс емес. Бір-бірімізді жиі қонаққа шақырамыз. Содан кейін Германияда тұратын қазақтардың құрылтайы өтіп тұрады. Сонда жерлестерімізді көріп, мауқымыз басылады. Көңілге жұбаныш болатын, сағынышымызды басатын осындай басқосулар, – дейді отанасы.

Осы орайда ақын Қадыр Мырза Әлінің «Туған жерден қаншалықты алыстасаң, жаныңмен соншалықты жақындай түсесің» деген афоризмі ойға оралады. Рас, туған жердің тауы да, тасы да – алтын. Себебі онда балалық шағыңның елесі, жастық шағыңның сәулесі қалған. Адамды магнитше тартып тұратын да осы құбылыс. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген осы болса керек.