Спорт • 27 Наурыз, 2024

Монреальдағы жарыс мәресіне жетті

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәнерлеп сырғанаудан Канаданың Монреаль қала­сында ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бір ғана спортшысы өнер көрсетті. Ол – Михаил Шайдоров.

Монреальдағы жарыс мәресіне жетті

Фото: olympic.kz

Жастар арасындағы әлем бірін­шілігінің күміс жүлдегері деген атағы бар 19 жастағы Алматының тумасы ересектер дуына қосылғаннан кейін өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Биылдың өзінде Михаил «Challenge Cup» додасында топ жарып, Қытай мен Хорватиядағы турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Десек те, жерлесіміз ірі дүрмектерде даралануға әлі де даяр емес екен. Оны біз Үйеңкі жапырақтар елін­дегі жарыста анық байқадық. Қос бағдарламаның қорытындысы бо­йын­ша небәрі 234,19 ұпай жиған Михаил Шайдоров 14-орында қалып қойды.

Ерлердің бәсекесінде Илья Ма­лининнің (333,76 ұпай) мерейі үс­тем болды. Былтыр Сайтамадаға дүние­жүзілік додада қола медальді мойнына ілген 19 жастағы АҚШ-тың мәнерлеп сырғанаушысы бұл жолы алтын тұғырдан қол бұлғады. Бейжің Олимпиадасында күміс алып, үш бірдей әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына қосылған Жапонияның жұлдызы Юма Кагия­ма (309,65) екінші орынды иеленсе, Еуропаның екі дүркін чемпио­ны, франциялық Адам Сяо Хим Фа (284,39) үшінші сатыға тұрақтады. Ал кейінгі жылдардағы байрақты бәсекелердің барлығында қарсылас шыдатпай жүрген жапониялық Сёма Уно (280,85) Канададағы жарыстың еркін бағдарламасында өрескел қателік жіберіп, қорытынды есепте төртінші орынды қанағат тұтты.

Әйелдер сайысы Бейжің Олим­пида­сының күміс жүлдегері Каори Сакамотоның (222,96) айқын же­ңісімен аяқталды. Осыған дейін қатарынан екі әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Күншығыс елінің аруы бұл жолы да алдына жан салмады. Америкалық Изабо Левито (212,16) күміс алса, оңүстіккореялық Ким Чхэен (203,59) қолаға қол созды. Жұптық жарыс­та Канада спортшылары – Дианна Стеллато-Дубек пен Максим Де­шам жеңімпаз атанса, бишілер бәсекесінде америкалық Мэдисон Чок пен Эван Бейтстің бағы жанды.