Мәдениет • 26 Наурыз, 2024

Сахна сыртындағы сыр

158 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күнделікті қоңыр тіршіліктің ырғағымен кейде жан дүниемізге, болмысымызға, өз өмірімізге бір сәт бағдар жасай алмай жатамыз. Сол үшін де адамдар театрға барса керек. Сахнадағы бізге біреудің өмірі болып көрінетін тағдыр, мінез шын мәнінде мына отырған өзіміз ғой. Сол оңаша қалып сырласпайтын, жатсынатын «өзімізді» көру үшін театрға асығатын болармыз. Жүрек түкпірінде бүгіп жатқан сыр мен мұң, сағыныш пен үміт, өкініш пен арманды сахнадағы кейіпкерлерден көріп жұбанамыз. Іштегі нәзік сезімдерге, бұлқыныстар мен толқыныстарға көрермен залынан сырттай қарап, шер тарқатамыз. Театрдың киесі де, қасиеті де сол, түрлі күйге түсетін адам жанының тереңіне бойлап, сезім қылын шынайы береді. Әлқисса.

Сахна сыртындағы сыр

Асқақ өнер, тылсым әлем – театр қойы­лымдарына жиі барамыз. Ал сахна сыртындағы театр өмірі көп көрерменге беймәлім екені анық. Мәселен, кез келген сахналық қойылымның сәтті шығуы әртістердің шеберлігіне ғана емес, костюм­дердің көркемдігіне де байланысты. Мың-сан образдың болмысы мен міне­зін, табиғатын ашу үшін әр деталі арнайы пішілген костюмдердің рөлі басым. Бейнелеп айтсақ, түрлі-түсті костюмдер – үлкен театр ішіндегі өзінше бір әлем, өзінше бір өнер.

Бас қаламыздың аристократтық мәдени орнына айналған «Астана опера» театры қоржынында 22 опера мен 25 балет болса, оларға арналған 10 621 костюм бар. Оның барлығын 21 тігінші тік­кен. Бұған суретші, пішуші, технолог пен костюмерлердің еңбегін қосыңыз. Жал­пы, «Астана опера» репертуарының бір айшығы ұлттық спектакльдер екенін біле­міз. Әуезді музыка, дарынды орындау­шы­лар, тартымды декорациялар мен ұлт мә­де­ниетінің түрлі нақышын көрсететін костюмдер ерекше атмосфера туғызады. Өнер ұжымының костюмдер бойынша дизайнері Дариға Тайшықова «ұлттық опералар мен балеттердің жабдықтарын жасауда біраз детальға мән беру керек» дейді.

«Ұлттық киімде көптеген нышан мен мағына түйінделген. Қазақша костюм адам тұрмысының өткен шақ пен қазіргі уақытты біріктіретін тұтас дүниетанымдық жүйесін қамтиды. Дәстүрлі киімге қарап адамның қандай рудан және өңірден екенін, қандай дәрежеге ие екенін түсінуге болады. Сондықтан тарихи мұра мен ережелерді сақтау және тағы бір маңыздысы, осы білімді ізбасарларға беру мақсатында материалдық-мәдени құндылықтармен ұқыпты жұмыс істеу қажет», деп атап өтті дизайнер.

Спектакльдерге арналған ұлттық кос­тюм­дермен жүргізілетін жұмыс режиссер­дің тұжырымдамасын талдаудан баста­лады. Айталық, А.Жұбанов пен Л.Хамиди­дің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» сын­ды операларында тарихи қағидалар қатаң ұстанғаны байқалады. Сондай-ақ стиль қалыптастыру тәсілі қолданылады, бұл музей жұмыстарында жасалатындай шамадан тыс реконструкциялауға кетіп қалмауға мүмкіндік береді. Репертуардағы басқа да спектакльдерде, мәселен, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Б.Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» операларында кейіпкерлердің бейнелері секілді костюмдердің тарихи нақтылығы талап етілмеген. Мұндай спектакльдермен жұмыс әрдайым белсенді жүреді, матаның текстурасымен қызу тәжірибе жасалады.

Дизайнердің айтуынша, операларға ұлттық костюмдер жасаудың қыр-сыры олардың көп құрамдылығын көрсету мүм­кіндігімен ерекшеленеді. Ал балетке киім жасауда күрделі хореографиялық нөмір­лерді орындау кезінде денедегі костюмдері әртістерді қимылдатпай тастамас үшін технологиялық жаңарту, бөлшектерді өзгерту жұмыстарын жасау қажет болады.

«Костюмдерді тігу технологиясы театр қағидаларына сәйкес келеді, өйткені сахнаға арналған киімдерді жасау күнделікті киім өндірісінен едәуір ерекшеленеді. Әрбір кейіпкерге немесе әртістер тобы үшін мата мен фурнитураны таңдау жұмыстары бөлек жүргізіледі. Ұлттық опералық спек­такльдер үшін көбінесе табиғи маталар қолданылады. Мұндай материалдар анағұрлым экологиялық, киюге жеңіл, сонымен қатар сахнада жарықпен және декорациялармен әрекеттескенде түсі мен пішінін сақтайды», дейді маман.

Театр костюмдерін жасау кезінде суретшінің визуалды іске асыруда, материалдар, фактуралар мен түстерді таңдау­да белгілі бір еркіндігі бар. Ол өзінің бояу түстері мен түрлерін қолданып, оларды сахнаның басқа да элементтерімен, пропорциялармен үйлесімді сәйкестіруге тырысады, осылайша сахнада кейіпкерлер­ді түр мен түс, жарық арқылы жанданды­ра­ды, әртістердің қимыл пластикасын маталардың созылғыштығы немесе қаттылығы арқылы көрсетеді, сәндік бөлшектердің көмегімен ерекшеліктер қосып, кейіпкерлердің мінездері мен бейнелердің өзгешеліктерін паш етеді. Костюмдер бойынша суретші шығармашылық жұмыс жасайды: музыкамен, опералық және балеттік орындаумен, декорациялармен, жарықпен ансамбльде кейіпкерлер анағұрлым көрнекті, жанды, келісті әрі шынайы бола түседі.

Дизайнер Дариға Тайшықованың айтуынша, қазақша костюмдер меруертпен және асыл тастармен жиі бедерленіп, күміспен, алтынмен безендіріледі. Бұл элементтерді бутафор цехында арнайы әзірлейді. Мәселен, Е.Рахмадиевтің «Алпа­мыс» спектаклі үшін жалпы алғанда, шамамен мың металл элемент пен әшекей дайын­далған. Олар жеке зергерлік бұйым ретінде де қолданылды, сондай-ақ жабдыққа әше­кей ретінде де тігілді. Ұлттық киім-кешек қолдан тоқылған кесте, аппликация, принт, бисер, тастармен және қазақ мәдениетінде тұмардың рөлін атқаратын басқа да көптеген затпен безендіріледі.

«Ұлттық костюмде ою-өрнек айрықша маңызға ие, бұл – ата-бабаларымыздың материалдық-мәдени мұрасының жеке ауқымды бөлігі. Нақты тарихи деректілікті сақтау мақсаты болмаса да, бұл тақырыпты жақсы түсіну маңызды. Киімде қандай, ал кілем, ыдыс-аяқ пен басқа бұйымдарда қандай ою-өрнекті қолдануға болатынын түсіну қажет», дейді дизайнер.

Театр костюмдері – сценографияның ең маңызды элементтерінің бірі екені сөзсіз. Бұл жұмыспен үлкен шығармашыл топ, қолөнердің құпиясы мен сырын біле­тін озат шеберлер айналысады. Қазақ хал­қының ұлттық нақыштарының әр түр-түсін, әр деталін айшықты бейнелеу, оны сахнаға, кейіпкердің болмыс-бітіміне лайықтап жасау да сахна сыртындағы театр инесін ұстаған шеберлердің талант-талабына байланысты болса керек.