Аймақтар • 26 Наурыз, 2024

Әр теректің төлқұжаты бар

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурызнама онкүндігі аясын­да Батыс Қазақстан облы­­сында ағаш отырғызу акциясы өтті.

Әр теректің төлқұжаты бар

Орал қаласының жаңа бө­лігі – 10-шағын ауданында 74 түп шырша көшеті отыр­ғы­зыл­ды. Акцияға өңір басшысы На­риман Төреғалиев, ардагер­лер, кәсіпкерлер, жас­тар, қа­ра­­пайым қала тұр­ғындары қатысты.

Мемлекет басшысының баста­масымен биыл еліміз­де ерекше тойланып жат­қан Наурыз­­наманың әр күні ұлт­тық құндылықты наси­­­хат­тауға бағытталған. Жаңа­ру күнінде Жайық жаға­сын­дағы жасыл қаланың көше­лері жас көшеттермен толықты.

– «Жүз жылдығын ой­ла­ған халық ағаш еге­ді» дейді хал­қымыз. Біз бұл кө­шеттерді қа­ла­­­ның таза­лығы, көркі үшін отырғызып жа­­тыр­мыз, со­нымен бір­ге бұл желек бола­шақ ұр­­па­ғымыздың да игі­лігіне қыз­мет ете­ді. Облыс орталығын түбе­гейлі жаңар­ту­ға қа­тыс­ты кешенді жұмыс был­тыр басталған: жол­­дар са­лынып, тынымбақтар жө­н­деліп, жаңа орамдар ашыл­­­ды. Бұл жұмыс биыл да жал­­­ғасады, – деді облыс әкімі Нариман Төре­ға­лиев.

Облыс әкімінің баспасөз қыз­м­еті хабар­ла­­­ғанындай, өткен жылы Орал қала­сында 4 мың­­­­ға жуық көшет отыр­ғы­зыл­ған екен. Биыл бұл жұмыс жал­ғасып, Орал қаласын кө­рік­тен­­­діру мақ­сатында 3 мыңдай ағаш отыр­ғызу көз­­делген.

Орал еліміздегі жасыл же­ле­гі мол қала­лардың бірі са­на­ла­ды. Бірақ жергілікті эко­логтер, табиғат жанашырлары өзен­дер бойындағы орман қорын молайту, бар орман­ды қор­ғау және ағаш егу жұ­мысын көбейту жөнінде жиі бастама көтеріп ке­леді. Со­нымен бірге жаңадан отыр­ғы­зыл­ған көшеттерді күтіп-баптау, өсіп кетуін қада­ға­лау ең басты мәселе екен.

– Президент бастамасымен елімізде 2 млрд­ түп ағаш егу жөнінде үлкен жоба қолға алын­ған еді. Бұл тапсырма бойын­ша біздің облыс­та 56 млн түп ағаш егілуге тиіс. Қазіргі таңда біздің өңірдегі тиісті мемлекеттік орган­дар 22 млн түп ағаш егілгені жө­нінде есеп беріп жатыр. Біздің қоғамдық бірлестіктің ұсы­ны­сымен құра­мын­да қоғам бел­сенділері, жергілікті экология департаменті мамандары бар арнайы комиссия құ­рылып, егілген ағаштарға санақ жүргізуді қолға алатын болдық. Біздің бұл ісі­мізге Махамбет Өтемісұлы атын­дағы уни­вер­ситеттің сту­дент­тері көмектесуге дайын, – дей­ді «Телегей» экологиялық қо­­ғам­дық бір­­­лестігінің же­тек­­­­­шісі Дәу­ренбек Сахым.

Қоғам белсендісінің ай­­­­туын­­ша, қазір облыс орта­­лы­ғын­­да­ғы терек­терді инвен­тари­за­­циялау ісін Ма­хам­­бет Өте­міс­­ұлы атын­­да­ғы Батыс Қазақ­стан университеті жасап жа­­тыр. Яғни әр терек есеп­ке­ алы­­­нып, жеке құ­жаты жа­сал­­мақ.

 

Батыс Қазақстан облысы