Ақпараттық жүйе инженері мамандығын меңгеріп, еңбек жолын жеке компьютерлік клубта бастаған Жанмұрат Алдоңғардың да тағдыры кейін «Теңізбен» тоқайласқан. Білікті маман кен орнында материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші болып 10 жылға жуық жұмыс істеді. Кофе, шай құятын қағаз стакан жасайтын кәсіп ашуға бекінгені де сол кез.
Әрине, қай істі бастауға себепші болатын жайт бар. Кеніш орнында жұмыс істейтіндерге түске дейін, түскі астан соң шай мен кофе ішуге 15-20 минут үзіліс берілетін. Сонда сусындар 200 миллиграммдық қағаз стаканмен ұсынылады. Бұл – бір рет қолданылатын ыдыс. Оның сыртында «Түркияда шығарылған» деп жазылған.
«Осындай ыдысты өзімізде шығаруға болмай ма?», «Бұл істі қолға алып көрсем қалай болар екен?» деген сауалдар туындап, ойымнан шықпай қойды. Сөйтіп, бұл өндірістің тиімді тұстарын, шығынын зерттей бастадым. Кейін жеке кәсіп ашуға біржола шешім қабылдадым. Әрине, бәрі бірден оңғарылды деуге болмайды. Алдымен әлеуетті қамтушылармен келіссөз жүргізіп, Қытайдан қажетті жабдықтар сатып алдым», дейді Жанмұрат Алдоңғар.
Мұқият дайындықтың нәтижесінде, бес жыл бұрын үйінің ауласында қағаз ыдыс шығаратын цех ашқан. Бастапқыда цехқа бір станок орнатыпты. Қазір төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар 8 сағаттық екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал 2021 жылы мемлекеттен 4 миллион теңгенің қайтарымсыз грантын иеленіп, тағы екі станок сатып алған. Оның бірі 200, екіншісі 250 миллиграмдық стакан шығаруға арналған.
«Қағаз ыдыс елімізде шығарылса, бағасы арзан болады. «Теңіз» кен орнындағы мердігер компанияларға сапалы әрі тым қымбат емес өнім қажет. Қазір кен орнына мердігерлікке тартылған төрт компания менен қағаз ыдыс алады. Тағы бір тапсырыс беруші – Батыс Қазақстан облысындағы мұнай компаниясы», дейді Ж.Алдоңғар.
Айтуынша, үш станокпен айына 4 миллионға жуық қағаз ыдыс шығарылады. Соның 1,5 миллион данасы ай сайын «Теңіз» кен орнына жіберіледі.
«Қағаз ыдыс шығару үшін «Қазақстанда жасалған» лицензиясына қол жеткіздім. Бұл «Теңіз» кен орнындағы барлық мердігер компанияға отандық өнімді ұсынуға септігін тигізді. Бұрын «Теңіз» кен орнында жұмыс істеген қызметкер едім. Енді өзім осындағы компанияларға мердігер болып отырмын. Мердігерлер отандық тауарды сатып алуға қолдау білдірді. Қазір кейбірі 300 миллиграмдық стаканға тапсырыс берді. Жақын арада 300, 350, 450 миллиграмм стакандарды шығаратын станоктар сатып алуды көздеп отырмын», дейді кәсіпкер.
Атырау облысы