Жәдігер • 27 Наурыз, 2024

Ғұн садағы

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында көшпелі ғұндар дәуірі деген кезең бар. Бұл туралы 2010 жылы жарық көрген бес томдық «Қазақстан тарихы» атты еңбектің бірінші томының 245-бетінде: «Ғұндар – б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Моңғо­лияның оңтүстігі Ордастан Каспийге дейінгі Орта­лық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін жайлаған тайпа­лық одақ» деген пайым айтылыпты.

Ғұн садағы

Яғни еуразиялық кеңістікте империя құрған ғұн бабаларымыздан қалған із көп. Соның бірі – олардың қорған-кешендері. Әлемде осындай ірі 13 қорған бар. Осылардың 9-ына қазба жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде, 30 мыңға жуық ірілі-ұсақ артефакт табылыпты. Осылардың 5-еуі садақ, яғни ғұн садағы. Жуықта Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда Шыңғыс хан музейінен бүтін күйде табылған ғұн садағын (бес садақтың бірі) көрдік.

Аталған жәдігерге қатысты жаң­ғыртпа жасаған маман, «Эрийн гурван наадам» («Ер жігіттің үш өнері») атты жеке­меншік компания жетекшісі Батмунке Төмөрхуудің айтуына қара­ғанда, бұл өте жақсы жасалған, ғылыми тілмен айтқанда, «ғұндардың күрделі садағы» екен.

Жәдігер туралы сипаттамада: садақтың өзегі – ағаш, астары – мүйіз, жон тәр­тесіне тарамыс желімделіп жасал­ған. Сондықтан «мүйіз астарлы, тарамыс қаптамалы» садақ деп аталады. Мұндай садақтың ерекшелігі – ат үстінде отырып, қозғалыстағы нысанды атуға қолайлы. Оның сыртында сұғы ұзын, иіні қысқа болғандықтан мерген артына бұрылып немесе екі қапталына кезек-кезек аударылып, қимыл жасап атуға қолайлы. Ұзындығы 140-160 см шамасында деп жазылған.

«Азия құрлығында кезектесіп ұлыс құрған кейінгі түркі, ұйғыр, қимақ, қырғыз, моңғолдар өздерінің садағын алғашқы дәл осы ғұн садағы негізінде дамытты. Мысалы, б.з. V-VІ ғғ. пайда болып, жұртты аузына қаратқан «түркі садағы» – осының жалғасы. Садақтың серпіні қатты болу үшін түркілер ғұн садағын сәл кішірейтіп, ат үстінен атуға ыңғайлап жасады. Осылай уақыт өте келе садақтың сұғы мен иінінің іші-сырты мен бауыр-жонына мүйіз жап­сырмалар қапталып, жетілдірілді», дейді мамандар.