Ұлттық спорт • 27 Наурыз, 2024

Көшпелілер ойындарына гидтер дайын ба?

139 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетінін естіп, біліп жүрміз. Оған жүзден аса мемлекеттен 4 мыңға жуық ойыншы қатыс­пақ. Бұған қоса түркі әлемі көз тіккен іс-шараға туристердің де көптеп келетіні түсінікті. Осы орайда туристерді күтуге, жағдай жасауға, еліміздің көрікті жерлерін таныстыруға отан­дық гид қызметтері дайын ба?

Көшпелілер ойындарына гидтер дайын ба?

Фото: Ontustik Qazaqstan сайты

Елордада өтетін айтулы мере­ке­ге шетелден жүз мыңнан аса турис­т келеді деп жоспарла­нып отыр. Бұл көңіл қуантады, әрине. Өйткені бұл ел туризміне біраз серпін береді. Деректерге сүйен­сек, Қазақстан туризм бағыты бо­йынша 85 елдің ішінде 84-орында тұр. Осы бағыт бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке бірқа­тар тап­сыр­ма берген. Аталған бағыт­та ат­қарылып жатқан жұмыс жө­нінде «Kazakhstan tours» тур агенттігінің басшысы Әсемгүл Оспа­нова айтып берді.

– Мемлекетіміз туризм са­ла­сы­на баса назар аударып, ке­йін­гі жылдары ауқымды іс-ша­ра­лар қолға алынып жатыр. Жасы­ратыны жоқ, бірнеше жыл бұрын халықтың ба­сым көпшілігі шетелге саяхаттайтын. Шетелден ке­летін туристер саны да аз еді. Қазір еліміздегі туристік жерлерге сұраныс көбейді. Бұл – жақсы нәтиже. Алда болатын Көшпелі­лер ойыны да туризм саласына тың серпіліс әкеледі деп есептеймін. Себебі елі­мізге мың­даған туристің бір ме­­зетте келуі – сирек бола­тын жағ­дай. Бұл ойындарға бізд­ің­­ қызмет­керлер дайындықты бас­тап кетті. Еліміздегі көрікті жер­лердің тізімін жасап, әр­түр­лі бағыттағы экс­курсияны әзір­леп отырмыз. Ту­ристерге қа­зақ, орыс, ағылшын және араб тілінде қызмет көрсетеміз. Бас­тысы шетелден келетін қонақ­та­рымыз­ды қызықтыра алуымыз керек. Сол себепті әлеуметтік желі­лерді белсенді жүргізіп жатыр­мыз, – деді Ә.Оспанова.

Көшпелілер ойындары ел­дің ту­ристік әлеуетін артты­рып, са­ла­­дағы кәсіпкерлік қыз­мет­ті жан­дандыру­ға серпін бере­тіні сөз­сіз. Соны­мен қатар кәсіп­кер­лер­дің жаңа нарық­қа, жаңа кеңіс­тік­ке шығуына мүмкін­дік береді. Олай дейтініміз, туризм – қыз­мет көрсетуден басқа, елдің эко­но­­ми­калық, рухани әлеуетін арт­­ты­ратын факторлардың бірі. Әлем қы­зыға қарайтын бұл ойын­дар кезінде туристердің қауіп­сіз­дігі де маңызды. Бұл жөнінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын дайындау және өт­кізу жө­нін­дегі дирекция басшы­сы­ның орынба­са­ры Абылай Қон­ды­баев­пен әңгімелес­кен едік.

– Ойынға қатысушылардың, қыз­мет көрсетуші тараптың және көрермендердің қауіпсіздігі – V Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойынын ұйым­­дастырудағы негізгі ұс­таным­дардың бірі. Дүниежүзі­лік ауқым­ды іс-шараға дайын­дық жұмыста­ры жоспарға сай тиісті деңгейде жү­ріп жатыр. Астана және Алматы сияқты ірі қалалар­да қыз­мет көр­сету, демалыс орындары мен мәдени ошақтар, тамақта­ну, қо­нақ­үй қызметі, көлік пен қауіп­сіздік мәселелері жүйелі түр­де шешілген. Десек те, Астана қа­ласы әкімдігі, Ішкі істер министр­лігімен, Ұлттық қауіп­сіздік коми­теті, Қорғаныс министр­лігі және мемлекеттік күзет қызметімен бір­лесе отыра ойын өту кезінде толық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету іс-шаралары бойынша жос­пар құрылды. Сайыс болатын бар­лық спорттық нысан іс-шара бас­талмас бұрын алдын ала арнайы тексеруден өткізіледі. Ны­сан аума­ғына қарасты барлық жер ар­найы құралдарымен және қол жүгін тексеретін қондыр­ғы­лармен жабдықталады. Ойын­­дарды басқару орталығы құры­лады. Осы режім ар­қылы бейне­камералар мен арнайы құрыл­ғы­лар орнатылып, цифр­лық тех­но­логияның мүмкіндігін барынша қолданбақпыз. Қоғамдық қауіп­сіздіктен бөлек тағы бір үлкен рөл атқаратын ол – төтенше жағ­дайлардың, өрт қауіпсіздігінің алдын алу. Бұл үшін арнайы техника мен тиісті қызметтердің бекеттері қойылады, – деді А.Қондыбаев.

Ендеше, қыркүйек айының 8-14 ара­лығында өтетін ойын туризм ­саласына жаңа леп алып келеді деп ойлаймыз.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті