Технология • 28 Наурыз, 2024

Starlink шалғайдағы 2 мың мектепке жете ме?

81 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір еліміздегі 10 ауыл мек­тебі «SpaceX» компаниясы­ның «Starlink» интернетіне тегін қосылған. Қанатқақты жобаға Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстары­ның Көктал, Құйған, Қараой, Жіңішке, Ереуіл, Кеңсу, Сарыкөл, Талды, Қарағайлы, Майшұқыр ауылдарындағы мектептер қамтылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жылдам интернетпен мектептердің 80 пайызын қамтамасыз етіп, «Starlink»-ке 2 мың мектепті қосуды жоспарлап отыр.

Starlink шалғайдағы 2 мың мектепке жете ме?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Былтыр Digital Bridge форумында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «SpaceX» вице-президенті Лорен Дрейермен кездесуінде ғарыштық телекоммуникация саласындағы көшбасшы «SpaceX» компаниясын жоғары технологияларды белсендіруде қажетті стратегиялық әрі өзара ықпалдастық серіктесі ретінде қарастыратынын айтқан еді. Осыған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де технологиялардың қарыштап дамыған кезеңінде ағысқа қарсы жүзу негізсіз екенін айтып, еліміздегі интернет қолжетімсіз аймақтарын қамту мәселесіне көңіл бөлген-ді. Сала басшысы осы орайда ақпараттық қауіпсіздікке біріншесі кезекте басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, «Байланыс туралы» заңға сәйкес Илон Масктің «SpaceX» компаниясының бақылау пункті сол елдің аумағында орналасуы қажет. Қазіргі кезде Starlink-ті ел аумағына жеткізу жағы заңнамалық тұрғыда пысықталып жатыр.

Жақында Мәжілісте «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­намалық акті­леріне байланыс, цифрландыру және ақ­па­раттандыру саласындағы ин­вес­тициялық ахуалды жақсарту мәсе­ле­­л­ері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­­лар енгізу туралы» заң жобасы ма­құл­­­данды. Осы заң жобасында қаралған жеті мә­селенің бірі гео­ста­ционарлық емес спут­никтер қыз­метін пай­далану­ға қа­тыс­ты болды. Депутат Ека­тери­на Смы­шляе­ва­ның айтуынша, еліміз­де 6 406 ел­ді мекеннің 1 424-іне байла­ныс жет­­пейді, ал 1 950 ауыл ес­кірген ADSL тех­нологиясын қолданып отыр. Қазіргі кез­де ауылдарға ин­тернет жеткізу үшін бар­лық мәсе­лені нақты шешетін бірқатар заң қабылданды. Осы ретте 2026 жылдың 1 қаң­тарына дейін сынақ режімінде гео­стационарлық емес StarLink, OneWeb спутниктерін қолдану технологиялары қатаң қадағала­нып, қанатқақты жобаның техникалық режімін байланыс сала­сындағы Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті анықтайды. Ең бас­тысы, спутниктік интер­нетпен 2 000 ауыл мектебі қамты­лады. Гео­стационарлық емес спутниктерді пайдаланатын операторлар жұмысын қадағалау «Құ­қықт­ық актілер туралы» заңға сәй­кес қанатқақты жоба ретінде 1,5 жыл ішінде іске асады. Содан кейін тәжірибеге сәйкес тұрақты түрде реттелмек. Қанаққаты жоба­ның қатысушыларын, пайда­лану аумағы мен талаптарды Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі тарапынан анықталады.

Бұған дейін цифрландыру бо­йынша сарапшы Арман Абдрасилов Starlink жүйесінің елімізде базалық стансасы жоқ екенін әрі бір ғана Starlink-тің елімізде жұмыс істеуі үшін заңнамаға өзгеріс енгі­зудің негізсіз екенін сынға алған болатын.

Starlink арқылы шалғай аймақ­тарда, инфрақұрылымы нашар да­мыған аудандарда ғана емес, су кеңістіктерінде, аралдарда ин­тер­нетке қол жеткізуге болады. Илон Масктің «SpaceX» компаниясы осы уақытқа дейін шамамен 2 300 спутникті жер орбитасына ұшырып, желіні 42 000 спутникке дейін кеңейтуді көздейді. Алайда компанияның бұл қадамын бірқатар сарапшы басқа спутниктер үшін қауіп қана емес, астрономиялық бақылауға да кедергі келтіретін тұсы бар екенін айтады.

Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының аға ғылыми қызметкері, Ph.D Серға­зы Нарынов Starlink спутник­тік жүйе­сін енгізу үшін заңнамаға өзге­рістер енгізу – елімізде интер­нет инфрақұрылы­мын мо­дер­ни­зациялау және дамыту­ға бағытталған маңызды қадам еке­нін айтады. Бұл Қазақстанның алыс және қолжетімсіз аймақтарын­да жоғары жылдамдықты интер­нетке қол жеткізу мәселесін ше­шуге мүмкіндік береді. Дерек­тер­дің қауіпсіздігі туралы алаң­дау­шылықтар, әри­не заңды. Ол үшін SpaceX сияқ­ты халықаралық ком­па­ниялар­мен ынтымақтастық нақты қауіп­сіздік стандарттары және шарт­тарымен қатар жүруге тиіс. Спут­никтік интернетті дұрыс реттеу арқылы елдің цифрландыру дең­гейін едәуір арттыруға болады. Starlink және OneWeb сияқты екі халықаралық ойыншының бір на­рықта бірлесіп жұмыс істеуі тұты­нушылар үшін қыз­мет сапасын жақ­сартып, бағаларды төмендетуге ықпал ететін бәсекелестік орта­ны қамтамасыз етуі мүмкін. Мем­ле­­кет­тік реттеуші органдардың бар­лық нарық қатысушылары үшін тең жағ­дайларды қамтамасыз етуі ­және анти­конкуренттік мінез-құл­қы­­ның алдын алуы маңызды. Бас­ты мә­селе – инновацияларды ынта­лан­­дыру және бір мезгілде тұты­ну­­шы­­лар­дың мүдделерін қор­ғауға ықпал ететін тиімді реттеуші орта құра білу.

«Телекоммуникация нары­ғын­дағы монополияны жою және бә­секе­лестікті енгізу еліміздегі интернет қызметтерінің сапасын айтарлықтай жақсарта алады. Бұл мақсатта Star­link сияқты спут­никтік интернет про­вайдер­лері сияқты баламалы интер­нет ұсы­нушыларды енгізу және қолдау, жеке компанияларға мемлекет­тік инфрақұрылымға бәсекелестік негіз­дерде қол жеткізу мүмкіндігін қам­та­масыз ету, нарықта әділ бәсе­келестікті қамтамасыз ететін заң­на­малық және нормативтік базаны енгізу сияқты бірнеше тәсіл­ді қолдануға болады. Соны­мен қатар, алыс аудандардағы инфра­құрылымды дамытуға назар аудару маңызды. Бұл мемлекеттік субсидиялар немесе осы аймақтарға инвестицияларды ынталандыруы мүмкін», дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта OneWeb, CS ком­паниялары төл жерсеріктері негі­зінде ұқсас қызметтерді көрсе­туге дайын. Әзір­ге шетелдік опе­ра­торлардың жұ­мысы ұлт­тық заңнамадан тысқары жатыр. Сарап­шылар Парламент қол­даныстағы заңнаманы өзгертіп, ел ішіндегі операторлармен бірге бар­лығын бөліп-жармай, бірдей қол­жетімділік пен тең жағдайлар туғызған жағдайда ғана бәсекелестік орта қалыптасады деген пікірде.

 

АЛМАТЫ