Қоғам • 27 Наурыз, 2024

Суретшілерге арман симпозиум

143 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Керекуде соңғы 10 жылда суретшілердің бірде-бір симпозиумы өтпепті. Қылқалам шеберлерінің республикалық және халықаралық деңгейге жетуі үшін мұндай іс-шаралар қажет-ақ. Алайда өңірде сурет өнерінің сүлейлерін қолдаудың аздығы байқалып отыр.

Суретшілерге арман симпозиум

Наурыз мейрамына орай «Павлодар облы­сы суретшілер ода­ғы» ҚБ мүшелері мен жергілік­ті суретшілердің есептік көрмесі­нің ашылуы қатысып, сиқыр­лы саусақтарымен кенепке жан бітірген өнер иелерінің базынасына құлақ түріп қайттық.

Жергілікті қылқалам ше­бер­лері соңғы уақытта тәжірибе ал­ма­судың азайып бара жатқаны­на шағымданды. Шығарма­шы­лық іс-шаралар өте сирек өтеді, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тапсырыс жоқтың қасы. Ал Ертіс-Баян өңірінде дү­ниеге келген әйгілі тұлға­лар­ды кенепке түсіру, мүсіндерін бейнелеу мәселесін мемлекет­тік сая­сат пен мәдениетімізге жа­уап беретін мекемелер тіпті ұмыт қалдырғандай. Бүгінде сурет­шілер одағының филиалында не­бәрі 22 мүшесі ғана бар. Одақ мүшелерінің жасы қартайып ба­рады. Жас дегендерінің өзі 40-ты орталап қалған. Осы­ның барлығы жергілікті деңгейде қол­­даудың аздығынан, сурет­ші­лердің материалдық-техни­ка­­лық мүмкіндіктерінің төмен­деп ке­туі­нен деп есептейді шығар­ма­шы­лық иелері.

ап

«Жасырып керегі не, кейбір мықты суретшілеріміздің іздену­ге мұршасы жоқ. Қазір үнемі сурет салумен айналысып, өмір сүру мүлде мүмкін емес. Біздің қатарымыздағы азаматтардың бірі мектепте еңбек етсе, енді бірі күзетші болып жұмыс істеп жүр. Отбасыларын асырауы керек қой. Соңғы 10 жылда облыста суретшілердің симпозиумы бір­де-бір рет өтіп көрген жоқ. 2003 жылы Баянауылға 20 суретші, Пав­лодар қаласына 20 мүсінші жиналып, керемет тәжірибе ала­ңы болған еді. Сол симпозиум нә­тижесінде облыс орталығында қан­шама мүсіндер пайда болды. Одан соң 2013 жылғы симпозиум­ды сұрап жүріп ұйымдастыр­­дық. Содан бері суретшілердің әл­гіндей республикалық, халық­аралық жиындарын өткізу біз үшін арманға айналып қалды. Су­ретшілердің біліктілігін арт­тыру, өзара тәжірибе алмасу деген­ді ұмыттық. Жыл сайын жергілік­ті мәдениет басқармасына, облыс басшылығына өтінішпен шыға­мыз, алайда тауымыз шағы­лып қала береміз. Анау Алматы қала­сында, Атырау, Түркістан, Тал­дықорған өңірлерінде жылына ­2 реттен симпозиум өтеді. Біз­дің басшылар ақша жоқ деп құты­лады. Қаланың айналасы толған ірі зауыттар, демеуші табылмай­ды дегенге кім сенеді?..» – деп қынжылады «Павлодар облыс­тық суретшілер одағы» ҚБ төр­ағасы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, көркемсурет ака­демиясының академигі Өсербай Шұранов.

Биыл – Павлодар облысында дүниеге келген тарихи тұлғалар мен әйгілі жерлестеріміздің мерей­тойлық жылдары. Бұған қоса Павлодар облыстық көркемсурет музейінің құрылғанына – 60, ал заманында танымал суретші бол­ған Нағымбек Нұрмұхаммедовтің туғанына – 100 жыл. Былтыр Нұрмұхаммедовтің есімі музейге берілді. Ендігі кезекте оның мерейтойын әйгілі жерлестеріміздің қатарында атап өту көзделген.

Өкінішке қарай, керекулік музейде Нұрмұхаммедовтің өзі тұрмақ, өзге тарихи тұлғалар­ға арналған портреттер жоқтың қасы. Қазақстан ғылымының негізін салған Қ.Сәтбаевтың, археология ғылымының атасы Ә.Марғұланның, ғұлама Мәш­һүр Жүсіптің, Алаш қайраткері Ж.Аймауытұлының суреттері жоқ. Себебі тапсырыс жоқ.

впр

«Біздің суретшілер тарихи адамдардың портреттерін са­лып беруге әрдайым дайын. Алайда олардың еңбегі үшін төленуі керек қой. Қазір барлығы мемлекеттік сатып алуларға көшіп кеткен. Біз сияқты қарапайым шы­ғармашылық адамдары конкурс дегенді түсінбейміз. Кейбір жағдайда суреттер салу, безендіру үшін мемлекеттік сатып алулар ойнатылып жатыр дегенді естиміз. Бірақ оны сырттан өзге адамдар ұтып алады. Соңғы жылдары об­лыста бірнеше қазақ мектебі ашылды. Біз мектептерге есімі берілген тұлғалардың суретте­рін салайық, мүсіндерін жасап бе­рейік деп ұсыныс тастағанбыз. Алайда бізді тағы ешкім естімеді. Мысал үшін биыл халық геологы Қосым Пішенбаевтің 180 және балалар ақыны, қалам­гер Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығына орай әріптесіміз Рыспек Стыбаев қос тұлғаның портретін тамаша етіп салды. Олар көрмеге де қойылды. Суретші қаншама еңбегін жұмсаған бұл екі кескіндемені әлі күнге ешкім сатып алмай отыр. Қ.Пішенбаев Екібастұз көмірі мен Майқайың алтынын алғаш болып ашқан әйгілі кентанушы емес пе? Жергілікті би­лік пен көмір кеніштерінің қожа­йындары ол картинаны көрсе де, байқамаған болып отыр. Өнер­ге деген осындай селқостық біз­дің шығармашылығымызға қаяу түсіреді. Бұдан бөлек, сурет­шіле­ріміз үшін ыңғайлы әрі кең шеберхана да жоқ. Салынып жатқан көпқабатты үйлердің шатыры ас­тынан шеберхана жасақтауды сұ­рап келеміз. Оны біздің мүше­ле­ріміз жалға алуға дайын», деп әң­гімесін жалғастырды Ө.Шұранов.

Одақтың филиалы мәдениет басқармасына биыл облыста қайтсек те симпозиум өткізейік деп ұсыныс жасаған екен. Бірақ оған қатысты нақты шешім қабылданбапты. Суретшілердің пікірінше, жиын күзде ұйым­дастырылуы керек. Әрі оған ша­қы­рылатын суретшілердің тізімі алдын ала жасалып, олар са­латын суреттер алдын ала бөлі­ніп берілуі тиіс. Симпозиум қо­ры­тындысы бойынша каталог шығару да жауапкершілікті қа­жет ететін іс. Суретшілеріміз­дің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай іс-шаралар көп болуы керек деп есептейді қылқалам шеберлері.

Нағымбек Нұрмұхаммедов атын­дағы облыстық көркем­су­рет музейінің басшысы Ақер­тіс Солтанбаев жалпы шы­ғар­­машылық тұрғысынан сурет­ші­лердің жоспарлары орындалмай отырғанын жеткізді. Бұрындары осы уақытта бірнеше плэнерлер өтетін. Қазіргі суретшілердің көбі салондық картиналар салуға құ­мар. Соған орай одақтың қатарын толықтыруға ниетті адамдар аз екенін атап өтті ол.

 

Павлодар облысы