Кәсіпкер • 27 Наурыз, 2024

Шалғай ауылда кәсіп бастаған

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тасқайрат – үшінші топтағы мүмкін­ді­­гі шектеулі жан. Жігерлі жас жуық­та­ бизнес-жоспарын сәтті қорғап, мем­­­­лекеттен бөлінген қайтарымсыз грант ұтып алды. Бүгінде ағаш шебер­ха­­насын ашып, жергілікті тұрғын­дар­дың­ тапсырысын қабылдай бастаған.

Шалғай ауылда кәсіп бастаған

Жас кәсіпкер былтыр «Бизнес бастау» курсынан өтіп, 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Ол қаражатқа ағаш шеберханасына арналған құрал-жабдық­тар алдырып, дәстүрлі жиналмалы дөңгелек үстелдер, орын­дықтар, есіктер және т.б. өнімдер жасауға кірісіп кеткен.

– Ресейден ағаш кесетін, жонатын, сүргілейтін, өрнек салатын 5 станокты тапсырыспен алдырдым. Бұл кәсіпті бастағанда әуел баста қорқыныш болған. Дейтұрғанмен бұған дейін Астана қаласында ағаш шеберханасындағы еңбек тәжірибем маған үлкен көмек болды. Станоктар мен құрал-саймандарды игергенімнің нәтижесін енді көріп жатырмын. Бала кезімде үй қояндары мен көгершіндер өсіретінбіз. Оларға арнап торлар, үйшіктер жасадық. Ағаштан бұйым жасау өнері сол кезден қалыптасып қалған сынды. Қазір ағаштан және фанер кесіктерінен түрлі бұйым жасап жатырмын. Ең әуелі жиналмалы дөңгелек үстелдің жеңіл түрін шығарғым келеді. Көп нұсқаны жасап көрдім, әзірше тиісті нәтижеге жеткен жоқпын. Үстел алып жүруге қолайлы, сапалы әрі жылдам құрылатын болуы керек, – деп өз кәсібі жайында әңгімеледі Тасқайрат Жеңісов.

Ол өз кәсібін қарапайым ғана гараж қоймасында бастаған. Қаражатқа қол жеткізген соң гараждың төбесін жөндеп, еденіне бетон құйған. Электр желісі мен жылу тартып, қабырғаларын жылу ұстағыш материалдармен қаптапты. Енді өз тірлігіне алаңсыз кірісіп жатыр.

Әзірше шеберханада жалғыз өзі жұмыс істейді. Айтуынша, сапалы шикізатты табу қиын. Жергілікті жерде ағаш өңдейтін цехтар жоқтың қасы, ал сырттан келетін бұйымның сапасын тап басу қиын. Электр құралдары мен ұсақ фурнитураларды көбіне Павлодар қаласына барып әкеліп жүр.

«Ең әуелі ауыл адамдарын күнделікті өміріне қажет бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйғарып отырмын. Қазір тұрғындардан дала дәретханалары, дөңгелек үстелдер, жұмсақ орындықтарға тапсырыстар түсіп жатыр. Көптен жос­парлап жүрген жұмыстарымның алғашқы кезеңін еңсердім, енді келешекте бұйымдарымның ассортиментін көбейту керек», деп ой бөлісті.

Тасқайрат сөз соңында қайтарымсыз грант ауылдағы өзі сияқты жастар үшін кәсіп ашуда үлкен көмек болып отырғанын жеткізді. Шеберхана иесі алдағы уақытта қолынан іс келетін азаматтарды жұмысқа қабылдап, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы