Шаруашылық • 28 Наурыз, 2024

Қауіпті ауру қозбасын десек...

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр республикадағы мал ауруының 19 түрі бо­йынша 235 ауру ошағы тіркелген. Нақтыласақ, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай облыс­тарында анықталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, кейінгі үш жылда қабылданған түрлі шараның нәтижесінде дерттің таралуы 41,2%-ға кеміген. Аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина алуы үшін де аз қаржы бөлінбейді. Былтыр 11,4 млрд теңгеге 167,2 млн доза вакцина сатып алынған.

Қауіпті ауру қозбасын десек...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бруцеллез барлық өңірде бар

2022 жылы қауіпті ауруы бар деп анықталып, артынша жойылған 790 бас мал жануары мен 1 200 құсқа, 10,3 тонна сүтке 97,8 млн теңге өтемақы төленген. Былтыр ауру анықталған 669 бас пен одан алынған өнімдерге (553 кило ірі қара мал еті, 32 кило жылқы еті, 15 кило қой еті, 20 кило құс еті, 2 кило шошқа майы, 49 л сүт, 24 кило сары май және 20 кило ірімшік) 143,5 млн теңге өтемақы беріліпті. Жалпы, мал ауруының ішінде көп таралып тұрғаны – бруцеллез. Қауіп­ті­сі – адам­ға жұқпалы.

– Үкіметтен қаржы да осыған көп бөлінеді. Кез келген өңірде дәл осы мал ауруын жойдық немесе алдын алдық деп айтқанымен, бізде бұл түбегейлі жо­йылмады, – дейді Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының аға ғылыми қызметкері Дәулет Ибрагимов.

Ветеринарлық бақылау және қада­ғалау комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жануарлардың аса қауіпті аур­­уын ­­­­­диагностикалау бойынша бекі­тіл­­ген ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022-2023 жылдар аралығында бруцеллез бойынша ахуал қалыпты жағдайда болыпты. Мәселен, 2022 жылы 32 млн 507 мың 554 бас жануар бруцеллез бойынша зерттеліп, 27 409 бастан осы ауру байқалған. Ал былтыр 35 млн 317 мың 304 (+8,6%) бас жануар бруцеллез ауруына зерттеліп, оның 26 517 басынан (-3,3%) ауру анықталыпты.

 

500-ге жуық маман жетіспейді

Сала ғалымдарының сөзінше, елде жұқпалы инфекциялық және инвазиялық аурулар бойынша ахуал оңалмай тұр. Мұның басты себебі неде?

– Менің пайымдауымша, мұндай келеңсіз мәселелерге әкелген негізгі себеп көп. Біріншіден, мал дәрігерлік жұ­мыстарды жүргізумен тікелей шұғыл­данатын маман санының жетіс­пеуі, оларға төленетін жалақының мар­дым­сыз­дығы, қызметтік көліктерінің тозуы, жанармайға және көлік саймандарына қаражаттың бөлінбеуі және тағы да басқа ірілі-ұсақты мәселелер барынша кедергі келтіріп отыр. Мемлекеттің «Дип­­ломмен – ауылға!» жобасы анау айт­қандай іске асып жатқан жоқ. Ауылға барғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді, үйлі бола қалған жағдайдың өзінде 30-40 жыл бұрын салынған ескі үй тиеді. Жалпы, ветмамандарды ауылдық жерге жұмысқа тарту үшін, ұсынылатын жалақы көлемі 300 мың теңгеден кем болмауға тиіс, – дейді паразитолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты Сәдібек Тоқпан.

Ветеринарлық бақылау және қада­ғалау комитетіндегілер былтыр ветери­нар мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 24%-ға өскенін айтады. Қазіргі уақытта мемлекеттік аудандық ветеринарлық стансалар мен пункттердегі дәрігерлердің орташа айлық жалақысы өңірге байланыс­ты 151 мыңнан 312 мың теңгеге дейін құбылады.

Елімізде ветеринарлық пункттерде жоғары білімді ветеринар саны 3 083 болса, орта білімдісі – 5 376. Комитет ұсын­ған дерекке сенсек, бүгінде штат­тық кестеге сәйкес ветеринарлық маман­дық бойынша 464 бос жұмыс орны бар. Әсіресе маман жетіспейтін өңірлер қатарында Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары (100-ге дейін немесе одан аса ветдәрігер мен фельдшер) алда тұрса, басқа облыстарда сұра­ныс 50 маманнан төмен.

– Біздегі ветмамандардың орта жасы – 45-50 жас. Жастардың бұл салаға кел­гісі жоқ. Ауыл шаруашылығындағы дәл осы саладағы мамандарға көңіл бөлу керек сияқты. Өйткені малда болатын жұқпалы аурулармен күресетін ветеринарлардың жалақысы мәз емес. Типтік үлгідегі ғимарат, уақытылы дәрі-дәрмектің жетуі, тәжірибесіне қарай үстем­ақы тағайындау сынды мәселе­лер­ге тағы бір дұрыстап назар аудару керек, – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимов.

 

Саладағы сан түрлі мәселе

Маман демекші, паразитолог Сәдібек Тоқпанның айтуынша, «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК (РВЗ) штатында нақтылы зерттеумен айналысып, облыстық филиалдағы мамандарды үйретіп, әр ауруға республика бойынша мониторинг жасап отыратын микробиолог, серолог, бактериолог, ихтиопатолог, токсиколог, миколог, вирусолог, биохимик, паразитологтер жоқ. Микологиялық, токсикологиялық және пара­зитологиялық зерттеулер мүлде жүр­гі­зілмейді.

– Бұрын паразитологиядан екі жылда бір рет облыстағы паразитологтерді жинап, даярлықтан өткізіп тұрушы едік. Жолсапарға шыққанда дәріс оқып, әртүрлі ауруды анықтау, емдеу, алдын алу жайында тәжірибелік сабақ өткізілетін. Тіпті паразитологиядан Мәс­кеу ветеринария академиясында бір­­неше маманды даярладық. Мемлекет қаражатына салынған екіқабатты зертханаларда виварийлер (тәжірибелерді кішігірім жануарларда өткізетін орын) жоспарланбаған. Мамандар саны жет­кіліксіз. Тек мемлекеттік тапсырысқа жататын серологиялық зерттеулермен шектелген, ал зертхананың басқа ауруларға тексеруге мүмкіндігі бар болса да, мамандардың жоқтығына байла­ныс­ты мұның барлығын облыс орта­лығына жүктеген. Сондықтан аудан­дық зертханаларда бактериолог және паразитолог мамандарын қосу керек, – дейді ол.

 

Жануардан ауру жұқтырмаудың амалы қандай?

Бұралқы ит пен мысықтың көбеюі де салаға өте қиын соғып тұр. Қорадағы малға шауып, қаншама адамды жарақат­таған қаңғыған итті атуға тыйым салын­ған. Ал осы екі жануардың адамдар мен қорадағы малға өте қауіпті – эхинококкоз, альвеококкоз, токсокароз, мультицептоз, токсоплазмоз сияқты ауру түрін тара­тып жатқанын көбі білмейді.

– Егер адамдар және жануарлар арасында жұқпалы ауру одан сайын өсіп кетпесін десек, жаңарған заң шығаруға тиіс. Алдын алмасақ, эпизоотологиялық жағдайды өршітіп аламыз. Сондай-ақ көптеген елді мекенде беттері ашық шұңқырларда мал өлекселерінің шашылып жатқанын көресің, ол жерде қаңғыбас ит, жабайы аң мен құзғын құстар толып жүреді, бұл – неше түрлі инфекциялық және инвазиялық ауру таратады. Сондықтан малы бар әр ауыл­да жұқпалы ауруларды таратпаудың амалы – өлген жануардың өлексесін залалсыздайтын терең биотермиялық апандарды салу және одан әрі талаптарға сәйкес ұстау үшін қаражат бөліп, оның құрылысы мен сапасын үнемі тексеру. Бұл шаруа Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің құзырында болу керек, – дейді Сәдібек Тоқпан.

Мәселені Ауыл шаруашылығы минис­трлігі де қолдап отыр. «Эпизоотия­­лық жағдай көбіне ветеринарлық инфра­құ­рылымның жетіспеушілігіне байланысты. Республика бойынша сою ны­сандарына, мал қорымдарына, ин­си­­не­раторларға және ветеринарлық пунк­­терге деген сұраныс жоғары», дейді министр Айдарбек Сапаров.

Министрлік Жол картасы шең­бе­рінде мал шаруашылығы және вете­ринарлық қауіпсіздік саласында­ да тиісті индикаторлар көзделген және оларға ұдайы мониторинг жасала­тын болады деп отыр. Расымен де мақа­ла барысында айтылған сан мәселе шешілмесе, түрлі ауруды көбейтіп, ахуал­­ды нашарлатып алуымыз бек мүмкін. Беті аулақ дейміз мұндайда.