Президент • 28 Наурыз, 2024

Әлемге әділдік қағидаттарына негізделген жаңа сауда жүйесі керек - Тоқаев

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының пленарлық сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әлемге әділдік қағидаттарына негізделген жаңа сауда жүйесі керек - Тоқаев

Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, бұл мақсаттарға қол жеткізіп, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін күш біріктірген жөн. Осы орайда Мемлекет басшысы бірқатар өзекті міндетті айқындап берді. Оларды іске асыру үшін бүкіл әлемдік қоғамдастық күш жұмылдыруы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек.

«Бүгінде сауда кедергілерінің көбеюі, протекционизм мен келісімдердің бұзылуы жаһандық экономикаға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл түйткілдерді шешу үшін әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыру қажет», деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемдік қаржы жүйесіне де жаңа тәсілдер қолдану керек деп санайды. Мемлекет басшысы қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты орнықты қаржыландыру саласында барынша пәрменді шаралар қабылдауға шақырды.

«Нарықтық капитализациясы орасан зор Азиядағы алып облигациялар нарығы көптеген даму жобаларына қолдау көрсететін әлеуетке ие. Еуразиялық даму банкі жаңа қаржылық инвестициялық құрал ретінде панда-бондтардың бірінші легін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жаһандық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін аса маңызды болуы мүмкін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.