Экономика • 28 Наурыз, 2024

Қазақстанда жаңа исламдық депозиттердің әлеуетті көлемі 2,8 трлн теңгеге бағаланды

105 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандағы жаңа ислам депозиттерінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. Мұндай деректер Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту нарығы бойынша есептің тұсаукесері шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО, Орталық) алаңында айтылған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда жаңа исламдық депозиттердің әлеуетті көлемі 2,8 трлн теңгеге бағаланды

Фото: epravda.com.ua

Есеп Ислам Даму Банкі институтының қолдауымен АХҚО лицензияланған қатысушысы болып табылатын CSQLаw атты консалтингтік компаниясымен бірлесіп дайындалды. Зерттеу аясында жеке және корпоративтік клиенттер арасында Қазақстандағы исламдық қаржы өнімдеріне нарықтық сұранысты бағалау бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Зерттеуге Қазақстанның 13 000-ға жуық респонденті қатысты. Оның ішінде 350-ге жуығы заңды тұлғалар болса, 12 000-нан астамы жеке тұлғалар.

Зерттеу аясында діни сенімдерге байланысты депозиттік жүйеден тыс респонденттер исламдық депозитті ашуға дайын екендіктерін жеткізді. Мұндай жаңа исламдық депозиттердің жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар зерттеу барысында алынған мәліметтер негізінде дәстүрлі депозиттерден исламдық депозиттерге көшу 924 млрд теңгеге бағаланып жатыр.

Осындай жоғары көрсеткіштер қаржыландырудың басқа түрлері бойынша сауалнама нәтижелері негізінде алынды. Мәселен, нарықтық мөлшерлемелер бойынша исламдық ипотеканың көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды, ал исламдық қаржыландырудың әлеуетті көлемі, оның ішінде тұтынушылық қаржыландыру, автоқаржыландыру және бөліп төлеуді қосқанда 2,3 трлн теңгеден астам сомаға бағаланып отыр.

Зерттеу нәтижелері әртүрлі исламдық қаржы құралдарына сұраныс айтарлықтай жоғары екенін көрсетті. Исламдық қаржыландыру нарығын дамыту қажеттілігі діни сенімдеріне қарай классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын дінді берік тұтынушы мұсылмандар санының артуымен байланысты өседі деп болжанып отыр.

Алайда исламдық қаржыландыру тек дінді берік ұстаушы мұсылмандарға ғана арналмағанын атап өткен жөн. Баламалы қаржыландырудың бұл түрін діни сенімдеріне қарамастан кез келген адам пайдалана алады. Сонымен қатар нарықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне қарамастан, сауалнама Қазақстанның барлық өңірлерінде исламдық қаржы өнімдері туралы салыстырмалы түрде төмен хабардарлықты көрсетті. Сонымен сауалнамаға қатысушылардың 85%-ы (жеке тұлғалар) ешқашан исламдық қаржыландыру өнімдерін пайдаланбаған.

Исламдық қаржы өнімдерін пайдалануға кедергі келтіретін себептердің ішінде сауалнамаға қатысушылар өнімдердің қолжетімсіздігін, ұсыныстардың жоқтығын, исламдық қаржы туралы қате түсініктерді және сенім мәселелерін атап өтті.

«Исламдық қаржыландыру – АХҚО дамуының маңызды бағыттарының бірі. Сондай-ақ Қазақстандағы жеке және корпоративтік секторларда исламдық қаржы институттарының жұмысына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Біздің Орталық исламдық қаржы өнімдерінің жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық базаны қамтамасыз етті, сонымен бірге Ислам даму әрі Азия Даму Банктерімен және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық құрып келеді. Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де осы бағытты дамытуға атсалысуда. Осы зерттеудің нәтижелері Қазақстандағы исламдық қаржыландыру нарығының неғұрлым толық бейнесін алуға әрі содан жұмыстың фокусын анықтауға мүмкіндік береді», деді АХҚО Әкімшілігі Өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов.

Осы жылдың ақпан айында АХҚО қатысушы компаниялары Қазақстанның азаматтарына көрсете алатын қаржылық қызметтердің тізбесі кеңейтілгенін атап өту қажет. Мәселен, заңды және жеке тұлғаларға кез келген валютада исламдық қаржыландыру бойынша қызметтерді енді АХҚО исламдық банктер немесе сақтандыру компаниялары ғана емес, сонымен қатар исламдық қаржы ұйымдары да көрсете алады. Бұған тұтынушылық қаржыландыру, бөліп төлеу, исламдық лизинг, сауданы қаржыландыру, шариғат қағидаттарына сәйкес қаржыландыру кіреді.

«Валюталық реттеу қағидаларына және АХҚО-да жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді ұсынуға» өзгерістер мен толықтыруларды АХҚО ҚР Ұлттық Банкі әрі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп енгізді.

АХҚО алаңында лицензияланатын исламдық қаржы ұйымдарының ашылуы Қазақстан резиденттері, оның ішінде шағын және орта бизнес үшін ұсынылатын құралдар желісін кеңейтуге ықпал ететін болады, бұл тұтастай алғанда ел экономикасының нақты секторын дамытуға оң әсер етеді.

Бүгінде АХҚО қатысушысы ретінде исламдық банктер, исламдық қаржы мекемелері, активтерді басқару жөніндегі компаниялар, исламдық брокерлік дилерлік өкілдер, исламдық сақтандыру компаниялары (такафул мен ретакафул) бола алады.

«АХҚО-дағы қызметімізден бастап, яғни 2019 жылдан бері біз Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытуға ұмтылып келеміз. Ал Қаржы орталығы бізге оны сәтті жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік береді. Біз шетелдік банктер мен компаниялардан Қазақстандағы исламдық қаржы өнімдері мен қызметтері нарығы бойынша көптеген сұраныстар алдық және осы зерттеудің нәтижелері Малайзия мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан нарыққа жаңа ойыншыларды тартуға ықпал ететініне сенімдімін. Қаржы саласында болып жатқан оң өзгерістер исламдық қаржы өнімдері мен қызметтері нарығында да табысты болады деп білеміз», деді CSQLaw басқарушы серіктесі Шамсул Камар.

АХҚО алаңына компанияларды тарту мақсатында 2026 жылдың мамырына дейін исламдық банктер мен қаржы ұйымдары үшін жарғылық капитал бойынша ең төменгі талаптар төмендетілді. Бұдан басқа, АХҚО реттеушісі лицензиялаған қаржы компаниялары КТС және ҚҚС төлеуден, оның ішінде исламдық банктік, банктік емес, исламдық сақтандыру және қайта сақтандыру компаниялары белгілі бір салықтардан босатылды.