Күрес • 29 Наурыз, 2024

Бішкекте бақ сынайды

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19-21 сәуір аралығында Қырғыз­станның бас шаһары Бішкекте жалауы желбірейтін Азияның лицензиялық турнирінде күш сынасатын балуандардың есімдері белгілі болды.

Бішкекте бақ сынайды

Грек-рим күресінен өтетін жарыста Айдос Сұлтанғали (60 кг), Мейіржан Шер­маханбет (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Олжас Сырлыбай (97 кг) және Әлімхан Сыздықов (130 кг) өнер көрсетеді. Бұл жігіттердің барлығы да – мықтылығын әлде­қашан мойындатқан марқасқалар. Әрқайсына жеке-жеке тоқталсақ, 28 жастағы Айдос 2018 және 2022 жылдары әлем чемпионатында қола медальды иеленіп, 2021 жылы Азия чемпионы атанды. Биыл Астанада шымылдығы түрілген Қазақстан чемпио­натында ол өзінің басты қарсыласы Мейрамбек Айнағұловтан айласын асырды.

27 жастағы Мейіржан 2018 жылғы дүниежүзілік додада қола алса, 2022 жылғы құрлық біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Азия ойындарын күміс медальмен қорытындылады. Демеудің жасы 35-ке тап қалса да, ол – әлі де бабында. Ардагер балуанның соңғы ел чемпионатындағы өрелі өнері – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Жадыраев сол жарыстың финалында еліміздің тағы бір белді балуаны Темірлан Шадукаевқа шаң қаптырды. Сондай-ақ ол 2017 жылы әлем және 2015 пен 2018 жылдары Азия чемпионаттарында жүлдегелер санатына қосылды. Ал Олжас пен Әлімхан – құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланып жүрген дүлдүлдер.

Еркін күрестен сайысқа түсетін Нұрқожа Қай­панов (74 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Юсуп Батыр­мұрзаевтың (125 кг) есімі спортсүйер қауым­ға жақсы таныс. 25 жастағы Нұрқожа – 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы. 27 жастағы Юсуп – Азия чемпионы. 24 жастағы Әлішер құрлық біріншілігінде төрт рет жүлделі орынды олжалады. Сонымен қатар Ерғали мен Батырмұрзаев Токио Олимпиадасында бақ сынады. Ал Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг) мен Майыс Әлиев (65 кг) Аста­надағы ел чемпионатында қарсылас шақ келтірген жоқ. Финалда екеуі де өте мықты балуандардан басым түсті. Атап айтсақ, Ерасыл Рахат Қалжанды ұтса, Майыс Санжар Мұхтарға сан соқтырды.

Осыған дейінгі жарыстарда Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшелері Олимпия ойын­дарының екі жолдамасын олжалады. Оның иегерлері – Нұрсұлтан Тұрсынов (грек-рим күресі, 87 кг) пен Азамат Дулетбеков (еркін күрес, 86 кг). Ал қыздардың қоржыны әзірге бос. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жеті бұрымдымыз Бішкекке аттанып барады. Олар – Лаура Ғаникызы (50 кг), Жұлдыз Ешімова (53 кг), Эмма Тисина (57 кг), Ирина Кузнецова (62 кг), Елена Шалыгина (68 кг) және Жәмила Бақбергенова (76 кг).