Аталған министрліктің хабарлауынша, «Болашақ» стипендиясын дамытудың 2024–2026 жылдарға арналған стратегиясы шеңберінде кадрларды даярлау және қайта даярлау мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша жүргізіледі. Аталған жаңа тізімге инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, соттар және сот қызметкерлері енгізілген.
1 айдан 12 айға дейінгі уақытта 40-тан аса елдің жетекші университеттерінде, ғылыми зерттеу орталықтарында, салалық ұйымдарында тағылымдамадан өтуге болады.
Тағылымдамадан өтуден үмітті адамдардан: тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымнан шартсыз шақыртудың болуы; жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 (үш) жыл, оның ішінде мамандығының таңдаған саласында үзіліссіз соңғы 12 (он екі) ай жұмыс өтілінің болуы; кемінде В1 деңгейде нәтижесі бар ҚазТест бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификатының болуы; IELTS: 9.0-ден 5.0, TOEFL: IBT 120-дан 35, PBT/ ITP 677-ден 417, DET 75-тен жоғары болуы талап етіледі.
Еске сала кеткен жөн, тағылымдамадан өту үшін үміткерлер жылжымайтын мүлікті кепілге қоймайды. Бірақ міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кейінгі 12 айда тұрақты табысы бар 50 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары бола алатын екі кепілгерді ұсынуға тиіс.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өткен еді. Сол отырыс барысында 2024 жылға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтетін жұмысшылар санаттарының тізімін қайта қарауға шешім шығарылды. Тағылымдамадан өтетін мамандардың жаңа тізімі осы шешімнің негізінде, нәтижесінде бекітілді.