Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан аса бала барады деп болжанып отыр. Ал былтырғы мектепке баланы қабылдаудан биылғы мектепке қабылдаудың басты айырмашылығы, яғни кейбір өзгерістерге қатысты Орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева:
– Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі 2024 жылдың 23 ақпанында қабылданған Заңына лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық бала, дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты бірінші сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған, – деді.
Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және баланың екі дана 3х4 фотосуреті болу керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады.