Аймақтар • 31 Наурыз, 2024

Жангелдин ауданында екі эвакуация орталығы жұмыс істеп жатыр

102 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданындағы су басқан, тасқыннан қауіп төніп тұрған елді мекендерден 250 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жангелдин ауданында екі эвакуация орталығы жұмыс істеп жатыр

Эвакуациялау шаралары әлі жалғасатын сияқты. Өйткені, Ұлытау жақтан келіп жатқан судың  арыны бәсеңдер емес. Тасқын судан зардап шеккен халықтың біразы  Арқалық, Қостанайдағы жақын туыстарының үйіне барып тұруды  қалаған. Қалғандары бала-шағасымен бірге  Торғайдағы екі эвакуция орталығын паналап отыр. Оларға аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған волонтерлер штабының еріктілері құрақ ұшып қызмет көрсетіп жүр.

«Біздің еріктілер штабында 300-ге жақын волонтер жұмыс істеп жатыр. Кеше Астана, Павлодар, Қостанай қаласынан гуманитарлық көмек келді. Біз соны сұрыптап, реттеп су тасқынынан зардап шеккен халыққа таратып беріп жатырмыз. Көлқамыс, Көкалат ауылдарынан келген тұрғындар Торғайдағы Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-интернатта, Жаркөл ауылының тұрғындары жергілікті колледж ғимаратына орналасты. Мұның сыртында, Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 200 орын дайындап қойдық.

Қазір сол кісілерді азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Мұның сыртында, тасқыннан қауіп төніп тұрған елді мекендерге күрек, қолғап, қап, резеңке етік, шұлық тасимыз. Әсіресе, осы елдің сыртта жүрген азаматтарының көмегі зор. Бәрі жабылып, көмек жіберіп жатыр. Қазір бізде азық-түлік жеткілікті, керегі - резеңке етік, қолғап», деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлік Қуанышұлы.