Автор аталған еңбегiнде: «Адам мiнезiнiң, ақыл-қайратының әртүрлi болуы – тәрбиенiң түрлi-түрлi болуынан… Адам баласының ұрлық iстеуi, өтiрiк айтуы, кiсi тонауы, өлтiруi сияқты бұзақылықтарды жасауы – тәрбиенiң жетiспегендiгiнен», дей келе, бала тәрбиесiнде туған елдiң әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрiнiң белгiлi мөлшерде қалай әсер ететiнiн ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскені аңғарылады.
Шығарма төрт бөлімнен, 29 тармақшадан тұрады. Кітаптың «Дидактика» атты бөлімінде, тәрбиенің психологиялық негіздері (ынталы оқыту, үйрету әдістері, машықтану жолдары, оқытудағы көрнекілік, оқыту түрлері, т.б.) өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ мектептерінің өмірінен алынған нақтылы мысалдармен терең талданады. Еңбектің төртінші бөлімінде, педагогикалық, психологиялық кейбір мәселелер сөз болады. Ұстаз бен шәкірт ынтымақтастығының басты белгілері қазақ мектебінде сабақ өткізудің өзіндік ерекшеліктері айтылады. Кітап соңында терминдер берілген. Мысалы, музыканы – әуез өнері, этиканы – әдемілік пәні деген екен...
Кітап туралы кезінде біздің газетіміздің бастауы «Еңбекші қазақта» (1925 жылы) былай деп баға берілген: «Жүсіпбектің «Тәрбие жетекшісі» кітабы – жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл, жаңа сарынмен жазылған. Кітап әр оқушының үстелінің үстінде жатуы керек».
Сондай-ақ бұл туынды туралы академик Серік Қирабаев: «Жүсіпбектің артында бірталай ғылыми мұра қалды. Ол халық ағарту комиссариатында педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға) кітабы елеулі рөл атқарады. Бұл туынды әрине, бүгінгі педагогика мен психологияның методологиясы тұрғысынан әлсіз көрінсе де, өз дәуірі үшін аса пайдалы қызмет атқарды. Қазақ жастарына осы ғылымдар негізінде алғашқы мәлімет берді, ғылыми терминдердің тууына негіз болды» («Қайта оралған қаламгер»: Құраст. В.Күзембаев. Алматы – 2003. 24-б) деп жазса, филология ғылымдарының докторы Тұрысбек Рақымжан: «Бұл кітапта дидактика мен педагогикалық психологиялық ғылыми астарлы, ұлт тіліндегі тәлім-тәрбиелік терминдер жүйесі сөз болады. Сонымен қатар баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын дұрыс жүйесін көрсетуге талпынған», деп ой түйіпті.