Таным • 31 Наурыз, 2024

Сыры терең Да Винчи

225 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өнерде шарттылық жоқ. Жалпы, өнер атаулыға жұмбақ әлем, тылсым күш, құпия, аңыз-әңгіме сынды ұғымдар ортақ. Мәселен, талай ғасырлар бұрын жазылған ғажап туындылардың тарихы әлі күнге дейін зерттеліп, тере­ңінде көмілген сыры ашылып жатыр.

Сыры терең Да Винчи

Фото: interesnyefakty.org

Өзі суретші, өзі механик Леонардо да Винчи күнделігінде шифрлан­ған құ­пия жазбалар қалдырғанын жұрт біледі. Сондай-ақ ол суреттерде де ­арнайы шифрлау әдісін қол­дан­ған. Осы уақытқа дейін әйгілі Мона Лизаның портреті туралы, «Соң­ғы кеш» картинасындағы жұм­бақ белгілер туралы пікірталастар толас­таған емес.

Жақында ғалымдар суретшіге қатысты тағы бір тың дерек тапты. Лондон қалалық университетінің мамандары Леонардо да Винчидің су­реттерін тыңғылықты зерттеген. Нә­ти­жесінде, суретшінің көзі қыли бол­ған деген қорытындыға келіп отыр.

Көзінің қыли болуы автордың шығармашылығына әсерін тигізбей қоймасы да анық. Көзінің мүйізгек қабығы симметриялы орналаспаған соң ол объектіні бір мезетте бірнеше қырынан байқай алған. Тағы бір қызығы, «сурет салғанда ғана Леонар­доның көзі ақиланып кететін болған», дейді зерттеушілер.

«Бізді қызықтырғаны, Леонардо салған портреттердің көпшілігінде адам көзі айрықша бояу алған. Анық­тап қарасаң, көз қарашықтары әр жақ­қа қарап тұрғаны байқалады. Әйгілі «Вит­рувиандық адам» картинасын алып қарайық, онда тіпті бір көздің қа­ра­шығы екіншісінен үлкен. Мұндай дерт «анизокория» деп аталады. Жал­пы, суретші туындысына өзінің жеке ерекшелігін қосуы мүмкін ғой деген ой келеді. Ал өзге суреттерін қарай келе, Леонардоның көзі қыли болғанын (экзотропия) аңғаруға болады», дейді Лондон университетінің офтольмолог профессоры Кристофер Тайлор.

Ғалымдар суретші өмірі мен шы­ғармашылығын тереңдей зерттей түспек. Олардың тағы бір жұмбақ та­қырыбы – суретшінің әлем картасын жасауы. «Леонардоның біз біле бермейтін жұмбағы көп. Мәселен, ол сол кездің өзінде әлем картасын жа­­сады. Құрлықтардың орналасуы, мұхиттардың шекарасы, өзге де гео­гра­фиялық белгілер асқан дәлдікпен кескінделген. Тіпті дәл солай 3 ғасыр өткенге дейін ешкім жасай алған жоқ. Мұны суретші қалай жасап шықты? Міне, жұмбақ. Осыны зерттеп көргіміз келеді», дейді Кристофер.

Еске салсақ, біраз уақыт бұрын ғалымдар оның «Сальватор Мунди» немесе «Әлемді құтқарушы» картина­сының астарына үңіліп, түрлі бағыт­тағы зерттеу жүргізген еді.

Нақтырақ айтсақ, картинада Мәсіх ұстап тұрған сферадан өткен жарықтың сынғаны көрінбейді. Әдет­те мұндай фигурадан жарық сынып өтуі керек. Компьютерлік модельдеу арқылы Калифорния ғалымдары Иса қолына сфера емес, шар ұстап тұр дегенді айтқан.

Бұрын бұл болжамды ғалымдар басқа балама жорамалдармен қа­тар талқылаған болатын. Алайда қазір 3D-рендерингтің озық техно­логия­сының арқасында мамандар сурет­шінің әр бояуын модельдей алған. Аталған технологиялық әдіс белгілі бір уақыт кезеңіне сәйкес келетін материалдарды, жарық көздерін және ғылыми білімдерді ескере отырып, суреттің жоғары сапалы бейнесін жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен өнер туындысына індете зерттеу жүргізген ғалымдар тобы шардың көлемін есептеді. Оның радиусы – 6,8 сантиметр. Нысанды талдағаннан кейін зерттеушілер шар­дың қалыңдығы 1,3 миллиметрден аспайтынын анықтады. Сондай-ақ сфераның артында бейнеленген Мәсіхтің көйлегіндегі қатпарлар да Винчидің сфералық формадағы жарықтың ерекше сынуы туралы білетініне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені суретші оптиканы да зерттеген. Нағыз таланттың асқан білімділігіне қалай таңғалмайсың?! Сөйтіп, біраз уақытқа созылған зерттеу нәтижесінде «Әлемді құтқарушы» картинасы «Мона Лиза» кескініне ең жақын балама», деп түйді ғалымдар.

Айта кетейік, қазіргі уақытта атал­ған картина – адамзат тарихын­да­­ғы ең қымбат өнер туындыларының бірі. Ол 2017 жылы 450 миллион дол­лар­ға сатылған. Автор бұл туын­ды­сын сонау 1500 жылы жазды. Өнер­тану­шылар картинаны Леонардо да Винчи Франция королі XII Людовик сұранысы бойынша салған десе­ді. Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өткен. 1649 жылы I Карл дарға асып өлтірілген кезде туынды Корольдік коллекция тізімінде болған. Содан 1651 жылы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы II Карл билік құрып тұрған кезде Корольдік коллекциясына қайтарылды. Ал 1763 жылы картина ізім-ғайым жоғалып кетіп, кейін бір жарым ғасыр уақыт өткен соң қайта сатылымға шығарылған. 1900 жылы өткен сон­дай бәссаудалардың бірінде «Әлемді құтқарушыны» белгісіз бір адамның жеке жинағына сатып алады.

Сондай-ақ жуырда Christie’s аукционында Леонардо да Винчи салған аю басының нобайы сатылған болатын. Оны 8,9 миллион фунтқа (шамамен 12,3 млн АҚШ доллары) сатып алды. Бұл да – итальян суретшісінің туындысы үшін кейінгі жылдардағы рекордты қаржы.

«Сурет – Леонардо да Винчидің сызбашы ретіндегі шеберлігінің керемет дәлелі», делінген аукцион үйінің Twitter-дегі хабарламасында. Нобай – қызғылт-ақшыл сары қағазға күміс қарындашпен салынған 7x7 см өлшем­ді сурет. Ол 1480 жылдардың бірінші жартысында салынған. Бұл – суретшінің қолтаңбасы бар бірнеше туындыларының бірі. Сатып алушының есімі жарияланған жоқ. Ал бұдан бұрынғы рекорд Леонардо да Винчидің «Жылқы мен салт атты» ­туындысы үшін орнатылған еді. Оның құны £8,1 миллионға бағаланды.

Лео картиналарының рекорды мен аңызы, тереңде тұнған сырлары мен құпиясы қашан таусыларын кім білсін? Суретшінің есімі өз дәуірінен алыстаған сайын жаңғырып келеді. Туындылары да жылдар жылжыған сайын түрлі қырынан танылып, ішіне бүккен сан мың құпиясына әлем көз тігіп отыр.

Өз деңгейінен атағы асып кеткен суретшінің көпқырлы қасиетінің сыры еңбексүйгіштігінде болар. Жас кезінде сурет пен мүсін өнерін үйрену үшін Флоренцияға жол тартқан ол суретшілікті өнердің басты түрі деп есептеген. «Адам суреттің көмегімен дүниені таниды. Тәжірибе – дүниені танудың бірден-бір жолы» деген сөзі да винчилік фразаға айналып үлгерді. Қылқалам шеберінің әлеміне еніп, зерттей бастасақ, түрлі аңыз әңгімеге жолығамыз. Бірде әкесі өзінің танысы беріп жіберген дөңгелек қалқанды үйіне әкеліп, бала Леоға оны өз талғамы бойынша әдемі бейнелермен әшекейлеп беруді тапсырады. Ол өзінің оңаша бөлмесіне шегіртке­лер мен кесірткелердің алуан түрін, жыландарды, көбелектерді, ірі теңіз шаяндарын, жарқанаттар мен басқа да жәндіктерді әкеліп толтырады. Соларға қарап отырып шабыттанған бала суретші әрқайсысының бейнесін фантастикалық үйлесімде пайдаланып, құз жартастардың арасынан өрмелеп шығып келе жатқан әлдебір құбыжықтардың бейнесін жасайды. Әкесі әлгі қалқанды көрген кезде ондағы құбыжық суреттерден шошып түскен деседі. Кейін бұл қалқан үшін миландық бір герцог қомақты ақша төлеген. Иә, суретші инквизиция қаупінен тайсалмай, адамның дене құрылысын зерттеумен шұғылданып, мәйіттерге ота жасаумен де айналыс­ты. Көшелер мен алаңдарды аралап, адамдардың бет-әлпетіне зейін қоя қарады, ерекше бет құрылыстарын қағазға түсірді. Әсіресе адамдардың көңіл ырғағын анық көрсететін реніш, қуаныш, қайғы секілді күйлер оны ерекше қызықтырды.

Қарап отырсақ, адамның әр кез­дегі түрлі күйін, жан дүниесін, тәнін, сезімін шынайы суреттеу үшін қан­ша­лықты еңбекті, зерттеуді қа­жет етеді. Әйтпесе адамның жан құры­лы­сындағы әр нүктесін тану, сезу, оны қағазға түсіру үшін құр та­лант­тың жетпейтіні анық.