Төтенше жағдай • 31 Наурыз, 2024

Қамкөңіл жандардың жағдайы қадағаланады

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы күрес жалғасып жа­тыр. Бұған дейін жергілікті өзен­дер жауын суымен кө­теріліп тасып, тен­тек мінез көрсет­се, енді бастауын Ресей­ден алатын өзендер­дің деңгейі күрт көте­ріле бастады.

Қамкөңіл жандардың жағдайы қадағаланады

Сенбі күні Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іссапармен келіп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.

Үкімет басшысының орынбасары көлемі жағынан ауқымды су тасқыны болған Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағын көрді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев тасқынның алдын алуға, халықты қауіпсіз жерге көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі ауданда­рында, сондай-ақ Орал қала­сын­да тасқынға байланыс­ты табиғи сипатта төтенше жағ­дай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен. Қазіргі уақытта тұр­ғындар қауіпсіз жерге көші­ріліп жатыр. Соңғы деректерге қарағанда жалпы саны 1 122 адам эвакуациялық пунктке жет­кізілген, үй жануарлары қауіпсіз аумақтарға айдалған.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарымен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мамандары күресіп жатыр. 306 техника мен 146 мотосорғы осы іске жегілген. Сондай-ақ Маңғыстау облысының және Төтенше жағдай министрлігі әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің МИ-8 екі тікұшағы көмекте жүр.

Өңірде арнайы комиссия құрылып, келтірілген залалды есептеу басталды. Роман Скляр барлық бағыт бойынша су тас­қынына қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі», деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Шыңғырлау өзенінің дең­гейінің көтерілуіне байланысты елді мекендерді су басу қаупі туындады, қазіргі уақытта Бөрлі ауданының Ақсу және Кеңтүбек ауылдарында 251 адам эвакуацияланды.

Батыс Қазақстан облысына жағдаймен жеке танысу үшін вице-министр Ерлан Нұрпейісов келді. Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев те апат аймағында жүр.

«Батыс Қазақстан облысына табаным тиісімен тікұшақпен облыстың су басқан аудандарына, шалғай орталықтарына барып келдік. 692 мың адам тұратын Батыс Қазақстанның су басқан аймақтарындағы қатысты ахуал қиын. Күн санап жағдай күрделеніп барады. Қазірдің өзінде облыста 455 үйді су басқан, 22 ғимарат су астында қалған. Қардың еруі және жауын-шашынның салдарынан 17 әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысанның және 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертө­лесін, сондай-ақ 460 жеке тұрғын үйді және 99 тұрғын үйдің ауласын су басқан. Халық қатты үрейленіп қалған», дейді депутат.

Бұдан бұрын хабарлағаны­мыздай, Батыс Қазақстан облы­сы­ның Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шың­ғыр­лау, Бөрлі, Қазталов аудандарында 17 автожолдың 37 бөлігін су басып, қазір 4 ауданның 17 елді мекенімен жол қатынасы үзіліп отыр.

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты ТЖД психологтері эвакуациялық пункттердегі зардап шеккен халыққа шұғыл психо­логиялық көмек көрсетіп жатыр. Төтенше жағдай басқар­масының мәліметіне сәйкес Шаған, Деркөл өзендері суының ең жоғары деңгейге көтерілуіне байланысты саяжай үйлерінің аумағын су басуы мүмкін. Осыған орай өзен жайылмаларындағы саяжай тұрғындарына алдын ала қауіпсіз жерге көшу туралы ескертілді. Уақытша тұратын үй-жайы жоқ тұрғындарға эвакуа­циялық пункттер дайындалды.

Мамандар ендігі қауіп Ресей аумағынан келетін өзендерден келуі мүмкін екенін айтып жатыр. Саратовмелиоводхоз басқармасының мәліметінше, Қараөзен мен Сарыөзен деңгейі күрт көтерілген. Батыс Қазақстан облысына ең жақын Ресейдің Приузен су қоймасынан Қара­өзенге секундына 372 текше метр су, ал Варфоломеев су қоймасынан Сарыөзенге секундына 100 текше метр су жіберіліп жатыр екен. Осыған байланысты облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен жедел қауіпсіздік шаралары қабылданды. Су басу қаупі бар аймақ тұрғындарына қажет уақытта қауіпсіз жерге көшуге дайын болуы ескертілді.

 

Батыс Қазақстан облысы