Төтенше жағдай • 01 Сәуір, 2024

Су деңгейі жіті бақылауда

151 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданына қар суы қауіп төндірді. Әйтеуір дайындықты ақпан айынан бастаған арнайы мамандар мен әкімдік өкілдері тілсіз жаудың бетін бірден қайтаруға күш салып отырды. Десе де, арқаны кеңге салу­ға әлі ерте. Сол үшін де өзенді өңірлерді облыс бас­шылығы бастаған топ әуеден бақылап қайтты.

Су деңгейі жіті бақылауда

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған арнайы жұмыс тобы әуелі Күр­шім, Ұлан және Марқакөл аудан­дарындағы бөгеттер мен өзендерге әуеден бақылау жүргізді. Ұлан ауда­нының кіші бөгеттерінде артыл­ған су біртіндеп ағызылып жатыр. Сондықтан өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бірақ Ұлан ауданының ауылдарына тасқын судың қаупі төніп тұрған жоқ.

Әуеден бақылау жұмыстары ке­зінде Марқакөл ауданының Жи­­делі аулындағы жолдарға су жайыл­ғаны байқалды. Мұнда құт­қарушылар мен жергілікті атқа­ру­шы орган өкілдерінің күшімен су басқан учаскелер тексеріліп жатыр.

Ал Үлкен Нарын ауданында күн райының күрт жылынуы­на байланысты коммуналдық қызмет те күшейтілген жұмыс ре­жі­міне көшкен. Қазіргі таң­да коммуналдық қызметтер суды сорғызып, суағарлар мен арық­тарды тазартып жатыр. Жұ­мыс­қа арнайы техникалар да жұмыл­дырылған.

Естеріңізге сала кетсек, 29 нау­рызда күн күрт жылынған. Ол аз болғандай, түнімен жаң­быр жауған. Салдарынан еріген қар суының деңгейі 20–25 см-ге дейін көтеріліп, Үлкен Нарын ауданының орталығы Үлкен Нарын аулында 11 үйдің, Ал­тынбел аулында 10 үйдің аула­сына қарғын су жайылған. Жағ­дайды тұрақтандыруға бағыт­тал­ған жұмыстар тоқтаусыз жүргі­зіліп, төнген қауіптің беті қайтқандай болды. Жеке тұрғын үйлердің аулаларына кірген қар суы толықтай мотопомпа арқылы сорылып, өзен арнасына қарай ба­ғытталды. Сонымен қатар «Қазав­тожол» қызметкерлері Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдары аралығындағы жолға бөгет жасап, асфальт бетіне шыққан судың мөлшерін азайтты. Дей тұрғанмен, қос ауданды байланыстыратын тасжолдың бетіне таудан аққан еріген қар суы шығып кетуі әлі де мүмкін. Оның алдын алу үшін арнайы техника жұмылдырылып, «Қазавтожол» қызметкерлері инертті материалмен бөгет жасау жұмыстарын жүргізді.

«Қазір тұрғын үйлердің аума­ғына су жайылып кетпес үшін инертті материалмен арықтың маңайына бөгет жасалып жатыр. Ауылда 10 үйдің ауласына су кірген еді. Жұмылдырылған күштің нәтижесінде су шыға­рылды. Жағдай толықтай бақы­лауда»,  деді Е.Байрахметов.

Күршім ауданын тікұшақпен айналып өткен облыс әкімдігі өкілдері мен құтқарушылар ауданда су басу қаупі жоқ екенін айтады. Топтерек аулының тұсындағы көпірді су шайып кетті дегені болмаса, жағдай тұрақты. Іргедегі Қара Ертіс өзендеріндегі су деңгейі нормаға сәйкес екеніне көз жеткізген мамандар Марқакөл ауданын айналып өтті. Айта кетейік, Марқаның таулы аймақтарындағы Төсқайың, Балықтыбұлақ, Шана­ғаты ауылдарындағы қалың қар­дың көбесі сөгіле қойған жоқ.

Айта кетейік, «Қажсервис» ЖШС ШҚО бойынша филиалы­ның директоры Еркін Даумовтың сөзінше, қазір облыстағы респуб­ликалық маңызы бар тасжол­дардағы жағдай да қалыпты.

«Қазіргі жағдай бойынша облысқа қарасты республикалық маңызы бар автожолдарда 26 бірлік арнайы техника мен 30 қызметкер жұмыс істеп жүр. Жол бойына су шығу қаупі жоқ», деп атап өтті Е.Даумов.

Иә, ресми деректерге сенсек, қауіп жоқ. Лайым солай бол­сын. ШҚО әкімінің орынбаса­ры Бақытжан Байахметов пен облыстық ТЖД бастығы Ерғали Бахаев бастаған жұмыс тобы өңір­ге қарасты Күршім, Самар, Марқакөл, Үлкен Нарын ауданда­рындағы жағдайды әуеден ба­қылап қайтқанда да, тілсіз жау­дан төнген қауіптің жоқ екенін тілге тиек етті.

«Әуеден барлау барысында жағдай тұрақты екені байқалды. Қара Ертіс өзенінде мұздың жарылуына байланысты су өз ағысы­мен кетіп жатыр. Үлкен Нарын ау­лына байланысты жергілікті атқарушы органдармен, ТЖД ма­мандары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Облыс бойынша жағдай күнделікті бақылауда. Қауіп бар деген жерлерде кезек­ші­лік қойылған. Олар тәулік бойы қадағалап отыр», деді Б.Байах­метов.

«Қажсервис» ЖШС ШҚО бойынша филиалының директоры Е.Даумов жол үстіне қар суының жайылуынан қауіп жоқ дегенімен, Самар ауданындағы Қараөткел аулынан 6 шақырым жердегі Көкжота – Қараөткел автожолына қарғын су жайылды. Оған жаңбыр мен еріген қар суы себеп. Қарғын су жолға жайылып, 125 адам Қараөткел аулында қалған. Есеп-қисапқа жүгінсек, Қараөткел аулында барлығы 37 жер үй бар. Тасқын қаупі үйлерге төніп тұрған жоқ.

«Жол жабынын аршып, су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ел­ді мекендерді су басу қаупі жоқ. Жер­гілікті атқарушы органдардан 10 адам мен 6 техника, төтен­ше жағдай департаментінен 2 құтқарушы маман мен 1 техника, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінен 2 адам мен 1 техника жұмылдырылды», деп хабарлады Самар аудандық ішкі саясат бөлімі.

Көктемгі табиғаттың тосын мінез көрсетіп тұрғаны – әзірше осы. Осымен қауіп беті қайтса деген ел тілегі бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы