Қоғам • 31 Наурыз, 2024

Мал-мүлкі шығын болғандарға көмек көрсетіледі

554 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қостанайдан Торғайға шығып бара жатып, Арқалық, Амангелді жағында судың беті қайта бастады, бірақ төменде жатқан Ақкөлге су келіп жатыр екен деген хабар алдық. «Қазгидрометтің» мәліметінше, өңірде дәл мұндай алапат су тасқыны бұрын-соңды болмаған.

Мал-мүлкі шығын болғандарға көмек көрсетіледі

600-ге жуық адам құтқарылды

Тасқынның жойқындығы соншалық, Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангел­дин аудандарына қарасты бірнеше ауыл мен қыстақтарды бір күннің ішінде су басып қалды. Бүлінген үй көп, суға кеткен, жоғалған малда есеп жоқ. Әйтеуір бас аман. Біріккен құтқару күштері бірнеше күн бойы арпалысып жүріп, қызыл судың құрсауында қалған ауыл, қыстақтардан 575 адамды эвакуациялады.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов, облыстық басқарма-департамент басшы­ларының бәрі төрт-бес күннен бері Арқалықта жұмыс істеп жатқан жедел штабтың басы-қасында жүр. Әкімнің айтуынша, құтқару жұмыстарына мыңнан аса адам, 500-дің үстінде түрлі техника жұмылдырылған.

«Оның ішінде 4 тікұшақ бар. Тек кейінгі екі күннің ішінде қауіп төніп тұрған шалғай ауылдар мен қыстаулардан 600-ге жуық адам құтқарылды. Кеше кешкілік бірнеше жоғары вольтты электр бағандары құлады. Бүгін таңертең соларды жөндеуге кірістік. Қазір Амангелді ауданына қарасты 30 елді мекеннің 20-сы жарықсыз отыр. Бүгін түн ортасына дейін осы елді мекендерге жарық беріп, ертеңнен бастап Жангелдин ауданындағы электр желілерін жөндеуге кірісеміз. Үш ауданда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір адам көмексіз қалмайды. Ең алдымен қираған үй, бүлінген ғимарат, мал шығынын санап, анықтап, бағалау қажет. Тұрғындардың шығыны жергілікті бюджет есебінен толықтай өтеледі», деді Қ.Ақсақалов.

Өңір басшысы Ұлытау жақтан тағы су келуі мүмкін екенін, сондықтан құтқару шараларымен қатар, су тасқынының екінші толқынына дайындық шаралары жүріп жатқанын айтты.

«Ұлытау жақта қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Оған тікұшақпен қауіпті аймақтардағы адамдарды құтқару шаралары барысында әуеден барлау арқылы көз жеткіздік. Демек бұл – тасқынның екінші толқыны болады деген сөз. Осыған байланысты сақтық шараларын әбден күшейте түсуіміз қажет. Қауіпті жерде орналасқан елді мекендердегі тұрғындар ертерек қауіпсіз жерлерге жеткізілсін. Барлық департамент басшылары – Арқа­лық қаласында. Төтенше жағдай жойыл­ғанша әрқайсысы өз саласы бойынша су тасқынынан зардап шеккен халыққа тиісті көмектерін беруі керек», деді әкім.

Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімовтің айтуын­ша, су тасқынынан қауіп төнген тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару жұмыстары әлі жал­ғасып жатыр. 27 наурыз күні Жал­ғыз­тал ауылынан 2 шақырым қашық­та орналасқан «Оразалы» шаруа қожа­лығынан бір азамат құтқарылып, Арқа­лыққа жеткізілді. Сарбас, Бақытбек, Таңсұлтан, Болат К қыстақтарынан – 15 адам, Қызылжұлдыз, Қайыңды ауыл­дарынан – 128 адам, Екідің ауылынан – 17 адам, Жұман қыстағынан – 21 адам, Қазбек, Салман, Майлыоба, Қоға қыс­тақтарынан – 12 адам, барлығы 194 адам эвакуацияланған. 29 наурызда Сау­қын­бай, Тоққожа, Қылышбай, Бейсен қыстауларынан жалпы саны 17 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Техника бара алмайтын елді мекендердің тұрғындары тікұшақпен эвакуацияланып жатыр. Қазір әуелі адамдардың өмірін сақтап қалу маңызды болып тұр. Сондықтан құтқарушылар негізгі күшті ең бірінші кезекте су басып қалған елді мекендер мен қыстақтарда қалып қойған тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға жұмсап жатыр.

Жангелдин ауданында да жағдай ауыр. Құтқарушылар су басып қалған Көлқамыс ауылының 106 адамын Көкалат ауылының орталығына көшірді. Су басу қаупі төніп тұрған Тентексай ауылының 24 тұрғыны Тәуіш ауылына орналастырылды.

«Эвакуацияланған адамдардың басым бөлігі туған-туыстарының үйлеріне жайғасты. Көлқамыста 33 адам қалды. Ол жерде бір қайық, бір газель автокөлігі және 5 құтқарушы тобы бар. Көкалат ауы­лы бойынша 8 адам кезекшілік атқарып жатыр. Тентексай ауылынан көшірілген 24 адам Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебінің ғимаратына жайғастырылды. Біз үнемі байланыстамыз. Өкініштісі, кешеден бері ауданда электр жарығы өшіп, ұялы байланыс үзілді. Соған қарамастан жедел құтқару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы ауыртпашылықты көп болып бөлісіп жатқан еріктілер мен ауыл азаматтарына алғыс білдіремін», дейді аудан әкімі Шота Оспанов.

29 наурызда облыс әкімі Қ.Ақсақалов Арқалықтағы жедел штаб отырысын өткізді. Шұғыл кеңесте Торғай өңіріндегі су ба­сып қалған елді мекендерден шыға­рыл­­ған балалардың оқудан қол үзіп қал­­мауын қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Жиында Қызылжұлдыз ауылынан эвакуацияланған 40 баланың Арқалық қаласындағы туыстарының үйіне орналасқаны, қазір тұрмысының жайлы екені айтылды. Қызылжұлдыз балалары 4-тоқсанда Арқалық қаласындағы №5 мектепте оқуын жалғастырады. Оларға өздері тұрған ауылдан эвакуацияланған 14 мұғалім сабақ береді. Оқу құралдарымен, кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, балалардың бәріне мектепке киетін киім-кешек сатып алынған.

Ал Жангелдин ауданында Көлқамыстан көшірілген Айса Нұрманов мектебінің 44 баласы ауылдан 19 шақырым жерде орналасқан Көкалат елді мекеніндегі Албарбөгет мектебінде оқиды. Олар да киім-кешек, кітап-дәптер, басқа да мектеп қажеттерімен қамтамасыз етілген.

«Бірінші сәуірге дейін барлық баланы киіммен, оқулықтармен, кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету қажет. Біздің міндетіміз – оқушылардың үздіксіз білім алуына жағдай жасау. Бұл үшін барлық ресурсты қосамыз», деді Қ.Ақсақалов.

Балаларға арналған керек-жарақтар жалпыға бірдей білім беру қорынан сатып алынады.

 

Еріктілердің қолғабысы

Қысылтаяң сәтте өңір жастарынан, мекемелер мен қоғамдық ұйымдардан құралған еріктілер көмекке мұқтаж отбасылардың ауласындағы қарды қақпа сыртына шығарып, су сору, арық қазу тәрізді жұмыстарға атсалысып жатқанын айта кету керек. Сонымен қатар еріктілер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру, жатын жаймен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр. Мысалы, Арқалықтағы еріктілер жасағында 4 колледждің, жергілікті педагогика институтының 100-ден аса студенті жүр.

Нағыз елге жанашыр азаматтар осындай қиын-қыстау кезеңде танылады. Мысалы, әлеуметтік желіде қызыл су басып қалған Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны (аты-жөнін анықтай алмадық) атқа қайық байлап алып, ауыл тұрғындарын тікұшақ қонатын төбеге тасып жүрді. Амангелді ауданындағы су тасқынына қарсы күресіп жатқан құтқарушыларға ыстық тамақ пісіріп, тасып әкеп беріп жүрген жергілікті «Самғау» дәмханасының иесі Гаухар Ескендірованың ісі де көпшілікті сүйсінтті. Арқалық қаласының тұрғыны Алмагүл Қашаева өз үйінен 100 адамға ас дайындап, Қызылжұлдыз ауылынан көшірілген кісілерге апарып берген. Облыстың этномәдени бірлестіктерінің белсенді өкілдері де қаржы жинап, оңтүстік аудандарға 1000 қап, 500 қолғап, күрек, сап жіберді.

Үш ауданда бірдей облыстық жастар орталығының штабтары жұмыс істеп жатыр.

«Амангелді ауданындағы төтенше жағдайға байланысты белсенді жастар волонтерлік мобильдік топ құрып, су тасқынынан жапа шеккендерге көмекке келді. Қазіргі таңда ауданда 300-ден аса ерікті жұмыс істеп жатыр. Волонтерлер штабы аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан. Бірінші мобиль­дік топ Абай, С.Сейфуллин, М.Дулатов көшелеріндегі тұрғындарға, Есір ауылына көмектерін беріп жатыр. Екінші мобильдік топ эвакуацияланған село тұрғындарына 250 адамдық мешіт асханасында ыстық тамақ, құрт көже, бауыр­сақ пісіріп жатыр. Сонымен қатар эвакуа­цияланған тұрғындарға екі «Газель» көлігімен Қостанайдан келген резеңке етік, шұлық, күртешелер беріліп жатыр. Казіргі таңда 2 млн теңгеге жуық қаражатқа Астана қаласынан гуманитарлық көмек келе жатыр. Оны ішінде эвакуацияланған тұрғындарға керекті матрас, төсек-орын, инертті құралдар, күрек, қапшық, шам сияқты аса қажетті заттар бар. Ал үшінші мобильді топ гуманитарлық көмек­терді тасымалдаумен айналысады. Олар Қостанай – Амангелді, Астана – Амангелді бағытындағы гуманитарлық көмектерді тасымалдап жүр. Ал жүргізуші жігіттер эвакуацияланған тұрғындарды тікұшақтан қарсы алып, арнайы дайындал­ған орындарға орналастырып жатыр. Сондай-ақ Қостанай газ сұйыту мекеме­сінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жотаев Амангелді ауданы­ның 200 отбасына сұйытылған газ жеткізіп берді», дейді Амангелдідегі еріктілер штабының жетекшісі Айбек Таңатбаев.

Қайырымдылық шараларынан байланыс операторлары да шет қалып жатқан жоқ. Мысалы, «Beeline» ұялы байланыс операторы төтенше жағдай режімі жарияланған Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарының тұрғындарына тегін байланыс қызметтерін аударды.

«Beeline» операторы су тасқыны болып жатқан Торғай өңіріндегі тұтынушы­лардың Қазақстан бойынша барлық нө­міріне 50 минуттық бірлік, 50 SMS және 7 күнге 10 Гб көлемінде интернет-трафигін аударды. Абоненттерге бұл туралы SMS хабарлама жіберілген. Аударымды «Менің Билайным» қосымшасы немесе *106# пәрмені арқылы тексеруге болады.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі аталған оператор қажет болған жағдайда тегін байланыс қызметтерінің мерзімін ұзартуға әзір екенін хабарлады.

Амангелді және Жангелдин ауданда­рындағы елді мекендердің көбі су тасқынының салдарынан ұялы байланыссыз қалған. 29 наурызда «Теле2» және «Билайн» компанияларының жедел іс-қимылдарының нәтижесінде аудан орталықтары Амангелді мен Торғайда ұялы байланыс іске қосылды. Сондай-ақ Амангелді ауылында «Кселл» АҚ байланыс операторы байланыс орнатты, Торғай ауылын «Кселл/актив» мобильді интернетімен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.

Амангелді және Жангелдин аудандары жарықсыз қалғанда «Қазақтелеком» АҚ техникалық қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, дизель-генера­торларының көмегімен тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттарды электр қуатымен қамтамасыз етті. Телеком-операторының күшімен облыс орталығынан 600 км қашықта орналасқан Екідің ауылында стационарлық байланыс іске қосылды. Телеком-оператор байланыс нысандарын су басу қаупінің алдын алу мақсатында апат аймағына қосымша күш-құрал жөнелтілгенін мәлімдеді.

«Қазіргі таңда Амангелді ауылында «Теле2», «Билайн», «Кселл/актив» ұялы байланысы жұмыс істеп тұр. Осыдан 20 минут бұрын Торғай ауылында «Билайн» байланысын іске қостық. «Теле-2» байланысын түнде қосқанбыз. Бүгін Қостанайдан 2 дизель стансасы шықты. Кешке дейін «Кселл/актив» ұялы байланысын қосуға тырысамыз», деді «Қазақтелеком» АҚ өкілі.

Соңғы мәлімет бойынша, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде су тасқыны бәсеңдеген. Алайда Ұлытау жақтан келетін судың қарқыны, ауқымы қандай болатыны беймәлім.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024