Пікір • 31 Наурыз, 2024

Ұрпақ саламаттылығына жауаптымыз

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жайық жағасында өткен жиында Ұлттық құрылтай мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелер мен бүгінгі күнгі ең басты тақырыптарды талқыға салып қана қоймай, өздерінің нақты ұсыныстары мен бағыт-бағдарын да білдірді.

Ұрпақ саламаттылығына жауаптымыз

Сөзін баршаны Көрісу күнімен құт­тықтаудан бастаған Президент ел арасында бұл күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар екенін, бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керектігін айтты. Тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды тірлік екенін ұғындырды.

Президент: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі», деп отырыстың мән-мағынасын түсіндірді.

Құрылтайда Парламент жұмысы мен қоғамымыздың өзекті мәселелерін шешу бойынша қажетті заңдарды қабылдау тәжірибесі де сөз болды. Осы орайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты механизмдер енгізіліп отырған заңның қаралу барысы сөз болды. Бұл заң Сенаттың жалпы отырысында бірқатар өзгеріспен мақұлданды.

Мемлекет басшысы атап өткен өзек­ті мәселенің бірі – лудомания, яғни құмар­паздық. «Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесі­рінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Он­лайн-ойындар балалардың күнделікті ер­мегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Тағы бір маңызды құндылық бұл – Заң және тәртіп. «Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс», дей келе Президент барша азаматты барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауға шақырды.

 

Алишер САТЫБАЛДИЕВ,

Сенат депутаты