Қаржы • 01 Сәуір, 2024

Активтерді қайтару жалғасады

161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Актив­терді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Активтерді қайтару жалғасады

Фото: qaz365.kz

Комиссия отырысы жаңартылған құрамда өтті. Комиссияның жаңартылған құрамына «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мен Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов кірді.

Отырыс қорытындысына сәйкес Комиссия келесідей шешімдер қабылдады. Жалпы көлемі 85 млрд теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы бірқатар келісім мақұл­дан­ды. Мемлекетке қайтару жоспарланып отырған активтердің қатарында Қазақ­стандағы және шетелдегі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, ақшалай қаражат, компаниялардағы үлестер, қымбат зергерлік бұйымдар, 10 мың гектардан астам жер бар.

Сонымен қатар бұрын мемлекеттен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң (бұдан әрі – Заң) субъек­тілерінің бірінің бақылауына заңсыз өт­кен құны 10 млрд теңгеден аса сомаға баға­ланатын пайда болуы түсініксіз кәсіп­орын­ды актив ретінде мемлекет кірісіне айнал­дыру туралы сотқа талап-арыз енгізу мақұлданды.

Комиссия шешімімен заң субъекті­лерінің тізілімі екі жаңа тұлғамен толықты­рылды, оларға қатысты Бас прок­ура­тураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті тиісті іс-шаралар қабылдайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен заңсыз иемденілген активтерді қай­­тару жөніндегі жұмыстар күшейтіледі. Бұл рет­те бизнеске қысым жасауға жол бе­рі­л­­мей­ді. Мемлекетке қайтарылған барлық ак­тив­тер әлеуметтік пайдалы мақсат­тар­ға б­а­ғы­т­талады», деп атап өтті О.Бектенов.