Қоғам • 01 Сәуір, 2024

Бишімбаев соты: Прокурор әлеуметтік желідегі жарияланымдарды шектеуді талап етті

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысында прокурор әлеуметтік желіде сотқа қатысты жарияланымдарды шектеуді талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Бишімбаев соты: Прокурор әлеуметтік желідегі жарияланымдарды шектеуді талап етті

фото: Жоғарғы сот

Алқабилерді сот залына шақырмас бұрын прокурор ұсыныс жариялады. Мемлекеттік айыптаушы атап өткендей, сот тараптардың бәсекелесуі үшін барлық жағдайды жасаған. Атап айтқанда, сот залында фотоға түсіруге және дыбыс және бейне жазбаларды пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда бұл әрекеттер сот талқылауының қалыпты өтуіне кедергі болмауы керек.

Прокурордың айтуынша, 29 наурыздағы сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде сот отырысының өтуіне қатысты жеке пікірлерін білдіретін жазбалар жарияланған. Бұл сотқа қысым жасайды.

«Бұл мән-жайлар сот талқылауының қалыпты өтуіне кедергі келтіреді және алқабилерге кері әсерін тигізеді. Құрметті сот, процеске барлық қатысушыларды қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтауға міндеттеуіңізді және осы мәселе бойынша өз пікірлерін білдіруді сұраймын. Процеске қатысушылардың қарсылықтары, мәлімдемелері бойынша сот талқылауы әлеуметтік желіде емес, сот ісін жүргізу аясында болсын», деді прокурор.

Сот отырысына қатысушылардың барлығының келісімімен сот төрайымы өтінішті қанағаттандырды. Ол барлық қатысушыларға әлеуметтік желіде сөз сөйлеуден бас тартуға кеңес берді, себебі бұл алқабилер арасында теріс пікір тудырып, қылмыстық істі объективті қарауға кедергі келтіруі мүмкін.

Еске сала кетейік, Астанада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр. Соттың тікелей көрсетілімін мына сілтеме арқылы көре аласыздар.