Қоғам • 01 Сәуір, 2024

Бишімбаев ісі: Куәгер екі түрлі жауап берді

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысына куәгер шақырылып қосымша сұрақтар қойылды. Куәгер Әбіл Ғалымұлының жауаптары тергеу кезіндегі айғақтармен сәйкес келмейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бишімбаев ісі: Куәгер екі түрлі жауап берді

Фото: Жоғарғы сот

Сот процесі кезінде прокурор Әбіл Ғалымұлына бірнеше сұрақ қойды. Куәгер кей сұрақтардан мүдіріп қалды. Прокурор оның тергеу кезінде айтқан сөздерін сот отырысында оқып берді.   

«2023 жылы 8 қараша күні мен әдеттегідей Қ.Бишімбаевтың үйінде болдым. Пәтерде менімен бірге жұмысшылар болған еді. Кешкі сағат 18:00-дерге қарай Қуандық пен Салтанаттың үйден шығып бара жатқанын естідім. Бірақ мен оларды көрмедім. Кейінірек шамамен сағат 21:00-де Салтанат Нүкеновадан үйдің кілті қайда тұрғанын сұрап хабарластым. Сол сәтте Салтанат концертте екен. Ол кілттің өрт қалқанының ішінде тұрғанын айтты. Сосын біз жұмысшылармен бірге үйден шығып кеттік», деп прокурор Әбіл Ғалымұлының тергеу кезіндегі сөзін оқып берді.

Ал сот отырысы кезінде куәгер мүлдем басқаша жауап берді. Атап айтқанда, ол 8 қараша күні Қуандық пен Салтанатты көргенін, Нүкеноваға қоңырау шалмағанын, кілттің қайда тұрғанын Байжановтан сұрап-білгенін айтты. Прокурор оның тергеудегі айғақтарын келтіргенде ол қобалжып тұрғанын, оқиға барысын есіне дұрыс түсіре алмай тұрғанын жеткізді.

Сот отырысының тікелей көрсетілімін мына сілтеме арқылы көруге болады.