Облыстық кәсіпкерлер палатасының салалық даму және жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрлан Құсаевтың айтуынша, өңірдегі мектептер мен балабақшаларға және медициналық мекемелерге жиһаздар мен құрал-жабдықтар сатып алуда жергілікті кәсіпорындар өнімдеріне тапсырыс беруге ықпал ету үшін мониторинг жүргізу басталды.
«Осыған дейін мұнай компанияларына жергілікті кәсіпорындар жұмысын таныстырып келсек, бұл жолы білім беру ұйымдары мен медицина мекемелері өкілдерін шақырдық. Ақтөбе облысы өндірістік өңір болғандықтан, осы жердегі орта өндіріс ірі кәсіпорындарға қажетті бұйымдарды шығаруға маманданған. Біздің талдауымыз бойынша, металл құрастырмаларымен айналысып, ағаштан тұрмыстық бұйымдар жасайтын серіктестіктер білім және денсаулық сақтау мекемелері сұранысына орай қажетті жиһаздар шығара алады», дейді ол.
15 жылдан бері жергілікті нарықта металл құрастырма бұйымдарымен танымал «Сталлит» ЖШС-да 30-дан аса адам екі ауысымда еңбек етеді.
Бізге еліміздің басқа өңірлерінен тапсырыс жиі түседі. Қазір Түркістан облысынан түскен тапсырыс – 50 дана металл шкафты дайындап жатырмыз. Негізінен спорт мектептері үшін киініп-шешінуге арналған металл шкафтар, дәрі-дәрмектер сақтайтын шкаф пен үстелдер, металл қоршаулар, сейфтер дайындаймыз. Қажетті шикізатты «Металлинвест» компаниясынан сатып аламыз. Көктем туа тапсырыс көбейіп келе жатқандықтан, алдағы айда үшінші ауысымды қосқалы отырмыз. Оған жаңадан дәнекерлеушілер мен құрастырушылар керек. Жұмысын жаңадан бастағандарды үйрететін тәжірибелі нұсқаушыларымыз бар. Олар бізде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жұмыскерлеріміздің жиі ауысатынын жасыра алмаймын. Соның ішінде жұмысқа жаңадан келген жастар жиі ауысады. Жалпы, Ақтөбедегі кәсіпорындардың бәрінде осындай жағдай қалыптасқан. Мұның нақты себебін білмеймін. Дегенмен өндірісте дәнекерлеу мен құрастыруды меңгеріп алғандар жалақыға емес, өз қалауымен жұмыс істегісі келеді. Өндірісте тәртіп қатаң, алған міндеттемеңді уақтылы, сапалы аяқтау керек. Бұл жерде кідіріс жоқ. Өндірісте жүрген адамның басқаға алаңдауға уақыты болмайды. Бізде жалақы жақсы, арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген және жұмыскерлеріміз үшін ыстық тамақ дайындайтын асхана да бар», дейді «Сталлит» ЖШС өндірістік тобының жетекшісі Артур Баракбаев.
Кәсіпорындардың тауарын көруге келген мекеме өкілдерінің арасында есту және көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледж кешені өкілдері де болды. Осы арнайы білім беру ұйымы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Қобылаш балаларымыздың құлап-сүрінбеуі үшін ерекше жұмсақ, ыңғайлы жиһаздар керек дейді.
«Жақында асхана үстелдері мен орындықтарын, оқушы парталарын, киім салатын шкафтар мен кереуеттерді сатып алуға мемлекеттік тапсырыс жариялаймыз», дейді ол.
Осы мектеп-интернатта бүгінде 131 бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда балдырғандар 3 жастан бастап қабылданып, одан кейін арнайы мектепте оқып, оны бітірген соң жергілікті колледжде шаштараз және тігінші мамандығын қатар алып шығады. Балалар аптасына бес күн интернатта жатып оқиды да, сенбі күні үйлеріне жіберіледі.
Келесі барған нысан – «Vega-Жиһаз» серіктестігі. Осы кәсіпорынның ағаш цехында кеңселік және тұрмыстық жиһаздар, оқушы парталары мен орындықтар жасалса, өндірістік цехында тіс емдеу емханаларына арналған жиһаздар, операциядан кейінгі науқастарға арналған медициналық кереуеттер жасалады. Бұл цехта істелген парталарды жергілікті білім беру ұйымдары жиі сатып алады. «Vega-Жиһаз» бұйымдарына Қызылорда мен Шымкент қалаларынан жиі тапсырыс түсіп жатады екен. Тығыздалған ағаш ұнтақтарынан жасалған тақтайлар – Ресейден, қаптауыштар – Германиядан, ағаш тақтайлар Риддер қаласынан жеткізіледі.
Келесі нысанымыз – ұялы телефондар сақтауға арналған ұяшықтары бар металл шкафтар, пошта жәшіктері, өрт сөндіруге арналған қалқан, металл сейфтер, бассейндерде киініп-шешінуге арналған шкафтар жасаумен айналысатын «FERROM» ЖШС. Серіктестік жергілікті нарықта 2016 жылдан бері жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта соңғы үлгідегі қондырғылар сатып алынып, өндірісті қайта жарақтандыруды бастадық. Ақтөбенің спорт мектептері, жүзу бассейні басшылары бізге киім шешетін шкафтар бұрыштарын доғалдау қылып, жұмсақ материалдармен қаптап жасауды тапсырады. Қазір металл шкафты қалай жұмсартамыз деп басымыз қатып отыр. Жақында Алматыдағы 1200-ден астам оқушысы бар мектептің тапсырысын орындап, денешынықтыру сабағында киініп-шешінуге арналған 662 шкаф жасап жібердік. Соңғы жылдары ашық бояу реңкі бар, орнынан қозғауға жеңіл шкафтарға тапсырыс береді. Алайда тендер шартын жариялағанда әлеуметтік тапсырыс берушілер спорттық үйірмелерге арналған шкаф бөліктерінің өлшемін және секция санын, металл қалыңдығын көрсетпейді. Әдетте осы шкафтарда металл қалыңдығы 0,6 см-ден кем болмауы керек. Біз осы өлшеммен дайындаймыз. Сырттан келетін металл бұйымдарда қалыңдық сақталмайды, өте жұқа металдан әзірлеп, бояуын қалыңдата жағады. Қысқасы, металды үнемдейді. Оның бағасы арзан болған соң тез өтіп кетеді. CT-KZ өндірістік сертификатының барлық талабы бойынша жасалған біздің металл бұйымдар ысырылып қалады. Әлеуметтік тапсырыс берушілер мемлекеттік тапсырысты ұтып алған кәсіпкерлерден көрсетілген өлшемдерді сақтауды талап ету керек», дейді серіктестік құрылтайшысы Сергей Ена.
Көппәтерлі тұрғын үй салатын құрылыс компаниялары осы мекемеден кондиционерлерге арналған металл торлар, пошта жәшіктерін жиі сатып алады. Қазіргі кезде ғимарат ішіндегі металл өрт қалқандарын жасауға кіріскен. Былтыр қаладағы мекемелер 1,5 дана өрт сөндіру бұрышына тапсырыс беріпті. Үлкен цехында бір мезгілде 15 түрлі бұйым дайындалады. 40 жұмысшысы екі ауысымда еңбек етеді. Сатылым жүйесі жақсы жолға қойылған. Астана мен Алматыда екі қоймасы бар, шикізатты «Металлинвест» компаниясынан сатып алады.
«Өндірісте құрал-жабдықты жаңартып отыру жұмыстың тиімділігін арттырады. Бір станок істен шықса, жігіттеріміз сатылымдағы соңғы үлгілерін сатып алайық деп ұсыныс тастайды. Жаңа станоктар мен қондырғылардан ақша аямау керек», дейді «FERROM» ЖШС бас құрылтайшысы.
Біз аралаған кәсіпорындарда негізінен дәнекерлеуші, құрастырушы, бояушы, ораушы мамандар еңбек етеді екен. Жұмысшыларының саны 15-40 адамнан аспайды әрі олар бір цех ішінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде шағын цехтар, көп орын алмайтын жабдықтар сұранысқа ие көрінеді. Пандемиядан кейін аумағы өте үлкен ғимараттарға қажеттілік азайған. Өндірістік ғимараттарды жалға алушылар артық шығынға бармас үшін шағын орындарды қолай көреді. Оның үстіне, коммуналдық тариф бағасы да жоғарылап барады. Экономиканың басты қозғаушы күші – шағын және орта өндіріс, өңдеуші сала болғандықтан, осы саладағы тауар өндірушілер өңірлік сұраныстарға сай өнім өндіруге ықыласты. Олар үшін ең маңыздысы –тауардың өтуі.
Ақтөбе облысы