Тарих • 01 Сәуір, 2024

Бірегей тұлғаның айтылмай жүрген бір ісі

234 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Өзбекәлі және мәдени майдан» деген кітап туралы әр жерде естіп қалып жүр едім. Таяуда қолыма тиіп, оқып шықтым. Авторлардың (С.Керімбай, Ә.Нәби) кітапты жазу үшін әжептәуір дайындалғаны байқалады. Айтарлықтай еңбектеніп, деректер іздеп, кейіпкердің көзін көрген адамдармен жүздесіп, біраз ақпарат жинаған.

Бірегей тұлғаның айтылмай жүрген бір ісі

Жиналған материалды қысқа-қыс­қа бөлімдерге бөліп беру, мазмұнын ашатын тақырыптар қою және әр бөлім­ге ұлттық аспаптардың, оюлардың су­реттері салынуы да – Өзбекәлі Жәні­бековтің мұрасын таныстыру, есте қал­дыру үшін орынды қолданыл­ған әдіс. Кітаптың өтімді болуы жақсы ойластырылған: мұқабасы қатты емес, жеңіл қағазға бастырылған, сондықтан оны өзіңмен бірге алып жүру ыңғайлы.

Авторлар ең алдымен Өзбекәлі Жәнібеков туралы толымды ақпаратты жеткізуді мақсат еткен. Көркем туынды емес, талдамалық материал. Керек кітап. Өмірде болған оқиға­лар­ға негізделгендіктен, қызықтырып, тез оқылады. Бас кейіпкердің қызмет­ке адал берілген, адамдармен қарым-қатынасында шыншыл, өзіндік ұста­нымы бар бейнесі сомдалуы – жас­тарға үлгі боларлық. Дегенмен кей­бір тұстарда Өзбекәлі Жәнібековті жал­тақтамай, ойын тік айтатын адам етіп көрсетемін деп, аузына дөрекі сөз­дер салғаны құптарлық емес. Өмірде солай болған да шығар, бірақ, оны бізге жеткізіп отырғандардың қандай пиғылмен айтқанын да ой таразысына салған жөн-ау...

«Базарға барған жүз кісі – әркім та­нығанына сәлем береді» демекші, мені Өзбекәлі Жәнібековтің Торғайда қызмет еткен кезеңі қалай жазыл­ғаны қызықтырды. Өйткені ол кезде мен жоғары сыныпта оқитынмын, Арқалықта болып жатқан мәдени-саяси оқиғалардың көбіне біздің буын куәміз. Владимир Черненко қалалық, Бекболат Бірбаев облыстық жастар ұйымының бірінші хатшысы болып сайланған комсомол конференцияларына делегат болдым. Айтқандай, сонда қазір «Арқалықтың ақ таңы» соған арналды деген болжам айтылатын Зәуреш үшінші хатшы болып сайланған.  

70-жылдары Арқалықта біз оқы­ған жалғыз қазақ мектебі  болды – қалаға келген ғалым, батыр, ақын-жазу­­шы­лардың бәрін дерлік кездесуге әке­леді. Институт әлі ашылған жоқ, қазақ ақын-жазушылары үшін жалғыз аудитория болдық. Қасым Қайсенов, Қадыр Мырзалиев, Әсет Бейсеуов, Жүсіп Қыдыров, Кеңшілік Мырзабеков... басқа да көптеген тұлғаларды бірін­ші рет осында көргенбіз.  Шәмші Қал­даяқов пен Мұхтар Шахановтың сапарында да мектепте кездесу өткен – біз композитор ағамыздың безектеп, пианинодан қашқақтағанын әлі күнге күліп еске аламыз.

Сондай кездесулер бойымызда әдебиетке, мәдениетке, тарих­қа  деген сүйіспеншілігімізді оятты. Кітап­­қа құмарлығымыз артты, спорт­тық сайыс­тарға белсене қатыстық, мәдени іс-шаралардан қалмауға тырысатынбыз. Театрдың ашылуы қарсаңында айналасында сен­білік өткі­зіп, «Айман-Шол­­пан­мен» шы­мылдығы ашыл­ғанда алғаш­қы көрермендері бол­дық. Одан кейін «Ай тұтылған түн» қо­йылды.

«Торғай әуендері» фестивалі ал­ғаш рет өткенде біз қазіргінің тілімен айт­қанда «массовкадамыз». Өзбекәлі ағаның қаумалаған қыз-жігіттің ішінде толқынды қара шашы дудырап, қалың елмен жарқылдай амандасып жүр­ген бейнесі көз алдымда. Бүкіл Торғай жұрты үшін әлдебір қасиетті жандай қарайтын, әркім-ақ қасына баруға, онымен бір тілдесіп қалуға ынтық сияқты көрінетін маған. Біз болсақ алыстан көргенімізге мәзбіз. Арада бір-екі жыл өткенде аңыз-ертегілерден келген қаһар­мандай тұлғамен бетпе-бет кездесем деп ойлаппын ба?

Бірінші курстың қысқы каникулында пойыздың Арқалыққа баратын тіркеме вагонына мінсем, купеде бір жылы жүзді апай отыр екен. «Атым Қалихан» дегенде «Бұл кісіге де ер адамның атын қойыпты ғой» деп ойлағаным есімде. Өзі балаларымен Алматыда тұрады екен, жолдасы – Арқалықта қызметте. «Жәнібеков деген кісіні білесің бе?» деп сұрады. Білгенде қандай! Ол кісінің атқарып жүрген істері, халықтың пікірі туралы айтып отырып, тарихтағы көшбасшы адамдар туралы оқығаныммен параллель келтіріп  қоям өзімше. Апайға жұбайы туралы пікірлер ұнағаны анық, жымиып тыңдады.

Жол бойы «ашқұрсақ студентсің ғой» деп тәттісі мен жылы-жұмсағын аузыма тосқан апай өз анамдай қара­пайым, өз анамдай мейірімді жан екен. Қимай қоштастық. Қайтатын күні по­йызға барсам, мына қызықты қара­ңыз, олар да вагон алдында тұр – ағай шығарып салуға келіпті. Апай туысын көргендей қуанып кетті, ағайға айтып, мені өз купесіне ауыстыртып алды. Қоштасарда Өзбекәлі ағай бетіме ойлана қарап: «Апаң «білімді қыз» деп мақтап отыр, жақсы оқы» деді. Мен тек басымды изей бердім...  

Кітапты оқып отырып, осы жайларды жымия еске алдым. Бала кезімді, жастық шағымды еске түсірген эпизодтарды қуалай оқысам да, көңілімнің түкпірінде бір сұрақ тұр еді. Кітап жазу заңдылығы бойынша ол сұрағыма ­жауапты соңына қарай табам деген оймен мұқият оқыдым. Бірақ, таппадым.

Өзбекәлі Жәнібеков зейнетке шық­қан соң «Арқас» деген қоғамдық қор құрып, соның аясында тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру, тілді өркендетіп, да­мыту бойынша бірқатар жұмыс атқарған. Жарғының өзінде  «Арқас» қазақ тілі мен мәдениетін өрбіту қоры» деп жазылған. Ал сол қордың жар­ғы­сын жазып, әділет органдарынан тіркеу­ден өткізген, Өзбекәлі ағамыз­дың соңғы күндеріне дейін қасында жүрген, ұлдарымен жақсы араласқан заңгер азаматпен мен Жоғарғы кеңес­те қызметтес болдым. Қазір адвокат, Алматыда тұрады.

пр

Қордың мөрі, жарғысының 2 тілде жазылып, бекітілген түпнұсқасы әлі сол кісінің қолында, маған көшірмесін берді. «Бұл – музейде тұруы керек заттар ғой», дегенмін.  Заңгер ғой «заңды түрде рәсімдеп алса, беремін» деді.  

Айтайын дегенім, бұған дейін жазылған еңбектерде де Өзбекәлі  аға­мыздың саяси-мәдени аренадағы халық рухын оятқан істері, жаңашыл қадам­дары, ансамбль құрғаны, театр аш­қаны, тіл үшін күрескені... қамтылып, жазылғанымен, осы бір жұмысы туралы ештеңе жазылмаған сияқты. Әйтеуір, менің көзіме түспеді. Мына кітапта да ештеңе айтылмапты. 

 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы, филология ғылымдарының кандидаты