Жуықта Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда шаһар шетінде қоныс тепкен Әскери музейден жоғарыдағы қоладан құйылған шағын зеңбіректі көрдік. Атүсті шайқастарда қолдануға ыңғайлы бұл қарудың ұзындығы 44,2 см болса, салмағы 1575 гр екен. Сыртына көне қытай жазуы бәдізделген. Ол жазуда бұл шағын зеңбірек 1372 жылы жасалғаны туралы дерек бар. Жәдігер 1958 жылы Дорнод аймағының Хөлөнбұйыр өлкесіндегі ескі қоныстан табылыпты. 1996 жылы Әскери музей қорына алынған. Қазір көрме залында тұр.
Осы орайда айтпағымыз – мұндай шағын қол зеңбіректі қазақ батырлары да қолданған. Оған дәлел «Қобыланды батыр» жырының С.Ділмановтан жеткен нұсқасында, билігі бекем, беделі үлкен қалмақ ханы алтын бағана орнатып, оның басына алтын жамбы іліп қойып, «кім де кім алтын жамбыны атып түсірсе, сол мергенге қызым Құртқаны қосам» деп шарт қойыпты. Күллі мергендер жиналып, бірнеше ай бойы қиналып жамбыны атып түсіре алмайды. Бұл хабарды естіп Қобыланды батыр келеді:
«Бұлайша деп Қобыланды,
Ат үстінде тұрады.
Зеңбірегін қондырып,
Оң тізеге қояды.
Көз жетпейтін қабағын,
Үзейін деп сабағын,
Толғай тартып қалады.
Бір атқаннан қалдырмай,
Қалмақтың алтын қабағын
Үзіп жерге түсірді».
Осы орайда, жоғарыдағы қазақ зеңбірегі туралы қарутанушы маман Қалиолла Ахметжанның пайымдауына қарағанда, бұл зеңбірек екі негізгі конструктивтік бөліктен тұрады екен. Оның бірінші бөлігін «қазына», екінші бөлегін «оқпан» атайды. Дәрі зеңбіректің қазына жағына салынып, оның түбіндегі тесік арқылы от беріледі. Ол оғын «топ» («доп») деп атайды.