Форум • 02 Сәуір, 2024

Журналистикаға жолдама

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық «Жас тілшілер» форумын өткізуді дәстүрлі шараға айналдырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биыл да еліміздің түпкір-түпкірінен 60-тан астам талапкер жиналды.

Журналистикаға жолдама

Болашақ журналистердің шығармашылығын шыңдап, жолдама беретін «Жас тілшілер» форумының шежіресі тереңде жатыр. Алғаш республикалық «Жас тілшілер» слеті 1975 жылы мамыр айында өткен еді. Оның бастауында О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, Д.Стамбеков, Ш.Смаханұлы сынды танымал ақын-жазушылар тұрғаны белгілі.

Соңғы жиырма жылда жаңа форматта, заманауи үлгіде өтіп жүрген «Жас тілшілер» форумы биыл да болашақ журналистер үшін жаңа бағдарламаларымен ерекшеленді. Форумның ашылуында журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева мен аға оқытушы Серік Жұмабекұлы қоғамдағы журналистің рөліне тоқталып өтті.

«Жас тілшілер» форумы барысында газет тілшісінің жұмысы туралы белгілі қаламгер-журналист Жүсіпбек Қорғасбек, телевизиядағы қыр-сырына Жаңылхан Асылбекова, журналисика негіздері бойынша Берікбол Төлеген шеберлік-сыныптарын өткізді.

Форум соңында ең үздік шығармашылық жұмыстар марапатталды. «Ең үздік жас тілші – 2024» қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Ұлан» газетінің жас тілшісі, Абай облысы Семей қаласындағы №11 мектеп оқушысы Диана Ағзамованың жұмысы лайық деп танылды.

Форум соңында әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірді.


АЛМАТЫ