Қоғам • 03 Сәуір, 2024

Қаламгер көп, қаламсап тапшы

166 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тақырыпты оқи сала «апыр-ау, рас па?» дерсіз. Бір өтірігі жоқ. Өткен жылдары «Айгө­лек» деген автоқалам сатыл­ды. Анығында, сырттан тасы­малд­анған осы тауардың сыртына әлгіндей атау жазып, отандық өнім деп дабырайтыппыз. Жалпы, кеңсе тауары өндірісіне келгенде жұмыс әжептәуір ақсап тұр. Отандық өндірушілер оқу мен кеңсе тауар­ларының аздаған түрін ғана шығарады екен. Ондай шағын өндірістер Алматы мен Шымкент қаласында бар.

Қаламгер көп, қаламсап тапшы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Санкцияның салқыны

«Қос қаладағы азғантай өндіріс бүкіл халықтың сұранысын өтемейді», дейді осы саладағы әйгілі сатушы компания – «АБДИ Компани» АҚ президенті Әбдібек Бимендиев.

«Ол екі қаладағы өндірістің 12 беттік оқушы дәптерін шығарудағы үлесі – 30-40 пайыздай. Екіншіден, шикізат, яғни қағаз Ресейден келетін­діктен, оны қайта өңдеп, елге қажетті күнделік, дәптер, түрлі-түсті қағаз, альбом ғана шығарады. Әдетте, олар­дың бағасы да сырттан импортталатын тауарлардан арзан болмайды. Себебі әлгінде айтқанымдай, шикізат шетелден. Біздің компания да кеңсе тауарларының 95%-ын Еуропа, Ресей және Қытайдан әкеледі», деп ашып түсіндірді.

Елімізде кеңсе тауарларының жекелеген өндірісі жоқ болғандықтан, дүкен сөрелері импорттық тауарлармен толығады. Мектеп пен кеңсеге қажетті тауармен қос көршіміз қамтып отыр. Қытай бұл жағынан көп ілгері, Ресей де өз өнімін бізге экспорттаудан алдына қара салар емес. Айтпақшы, бұлардың бағасы да валюта бағамы мен жалпы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Украинадағы соғыстан кейін елімізде қағаз қымбаттап шыға келген. Кеңсе жұмысына қажеті А4 форматтағы ақ қағаздың құны тіпті аспандап кетті. Мамандар елдегі қағаз өнімдерінің қымбаттауы – Финляндиядағы химия­лық компанияның Ресейге натрий хлоридін жеткізуді тоқтату туралы мәлімдемесімен тікелей байланысты екенін айтады. Дәл осы химиялық элемент ақ қағаз өндірісінде целлюлозаны ағарту кезінде қолданылады екен. Осылайша, сырт елде болып жатқан лаңның кесірі тыныш жатқан былайғы жұртқа тиіп тұр.

Расы, орманы көп орыс жерінің қағаз дайындаудағы өндірісі әлдеқа­шан дамыған. Ал жоғарыда айтылған ағартқыш қасиетке ие химиялық қоспаның Ресейге де өзге елден келуі – бағаның өсуіне бірден-бір себеп. Батыс елдерінің санкциясы Ресейдің айналасындағы мемлекеттерде де қағаз тапшылығын туындатты.

 

Шағын баспаханаларға тапсырыс аз

Жұрт білетіндей, кеңсе тауарлары­ның негізгі түрлері қағаздан (дәптер, күнделік, сурет дәптері), пластиктен (бояу қаламдар, қарындаш пен сызғыштар) және металдан (қағаз қыс­тырғыш, түйме, степлер) жасала­ды. Шымкент қаласындағы «Астра-Ш» ЖШС директоры Ерлан Балық­баевтың айтуынша, жалпы шикізат бойынша бәрібір сыртқа тәуелдіміз.

«Мысалы, біздің цех өзіміздегі «Вектор» ЖШС арқылы тапсырыс­тар алып, мектепке қажетті 12 беттік оқушы дәптерінен бөлек, бірнеше бет­тік қалың дәптер және сурет салуға ар­нал­ған арнайы альбом шығарады. Бі­рақ оның көлемі аз. Шикізатты да сырт­тан, Ресейден алдырамыз», дейді ол.

«АБДИ Компани» АҚ президенті Әбдібек Бимендиевтің айтуынша, кеңес заманындағы көп баспахананың ізі жоқ емес. Олардың кейбірі жаңа заманауи құрылғылар сатып алып, жұ­мы­сын әлі де жүргізіп келеді. Блок­нот, қалың дәптер, көрнекілік құрал­ы, басқа да қағаздан жасалатын бұйымдарды аз болса да осындай шағын баспа цехтері тапсырыспен істеп жүр.

«Бірақ бұлардың қауқары аз ғой. Үлкен көлемде тапсырыс алуға мүмкіндігі жоқ. Мысалы, аудандық немесе облыстық газеттің тиражы қанша екені белгілі. Соған орай оның қағаз басудағы арнайы жабдығы да шағын көлемде ғана жұмыс атқарады емес пе? Кеңсе тауарларын тапсырыспен қабылдауы мүмкін, бірақ өте аз көлемде. Екіншіден, бұл – республикадағы халық санына да байланысты. Кезінде өзімізден өнім шығару туралы жобаларымыз болған, тіпті арнайы зерттеу де жасадық. Бірақ тиімсіз болды. Неге? Қарапайым ғана мысал, бір күнде миллиондаған дана қаламсап дайындайтын өндіріс болғанымен оны нарыққа шығару үшін тұтынушылар саны да үлкен рөл ойнайды. Сұраныс аз. Ол үшін біз де өзгелер сияқты шетелмен байланыс жасап, өнімді сонда экспорттауымыз керек. Бұл енді басқа мәселе», дейді Әбдібек Бимендиев.

Оның сөзінше, көршілес Қытайда ұсақ-түйек шығаратын цехтерге де қолдау беріледі. Кәсіпкерлерге сату, сыртқы нарыққа шығару жағынан арнайы жеңілдіктер жасалған. Ал елдегі кеңсе тауарларын сатумен айналысатын «АБДИ Компани» тауарларының басым көпшілігі (50-60%) – ресейлік өнім. Тауардың 30 пайызға жуығы Қытайдан келсе, қалғаны Таиланд, Малайзия, Үндістан және кейбір Еуропа елдерінен ішінара тасымалданады. Көңіл жұбатарлығы –  тауарды сырттан тасығанымен, өнім сыртындағы арнайы нұсқаманы (тауар туралы таныстырылым) мемлекеттік тілде жазып қояды.

 

Баға төмендеген емес

Жоғарыда айтқандай, кеңсе және мектеп тауарларының жартысына жуығы қағаздан тұратындықтан, тауар­дың біразы Ресейден әкелінеді. Шетелден де келеді, бірақ олардың бағасы қымбат. Қытайдан да кеңсеге қажетті офистік А1, А2, А3, А4  қағазы тасымалданады, бірақ оның сапасы Ресейдің өнімінен төмендеу дейді сарапшылар. Мысалы, ол жақтағы 70 гр/см2 тығыздық біздегі стандартқа сәйкес келмей жатады. Бірақ бағасы арзан екені рас.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлім­деуінше, биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 370 мыңнан астам бала барады деп болжанып отыр. Қалған мектеп оқушыларын есептемегенде, осыншама шәкірттің әрқайсысының мектеп жабдығының шығынын (оқу құралдары себеті) орташа есеппен 20 мың теңге деп алайықшы. 370 мыңды 20 мыңға көбейтсек – 7 млрд 400 млн теңге. Баға­ның көтерілуіне себеп көп, әрине. Валюта бағамы, санкция салдары, тасымал құны, делдалдық әрекет. Мұның бәрі қара халық қалтасына ауыр тиеді. Ал дәл осы керекті дүниені өндіретін көрші елдердің «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ». Қазақстан сонда қалам мен қағаз өндіруге қашан кіріспекші?